Лондон сарайлары: Дариға Назарбаева үйін 5,67 миллиард теңгеге сатпақ

Дариға Назарбаева мен Нұрәли Әлиев Лондондағы зәулім сарайын сатылымға шығарды


30/03/2022
11:07 36147 0

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева  мен оның ұлы Нұрәли Әлиев Лондондағы үйін сатылымға шығарды. «Winkworth»  риелторлық компаниясының сайтында жарияланған хабарландыруда үй туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілген. Төрт қабаттан тұратын зәулім сарай Лондонның жасыл желекті аудандарының бірінде, «Highgate» гольф-клубының жанында, жай адамдар бара бермейтін«Denewood Road» тұйық жолының түкпірінде орналасқан.

 

Үйді көруге арналған вертуалды тур You Tube желісіне жарияланған. Дариға Назарбаева мен Нұрәли Әлиев үйін 9 миллион фунт стерлингке сатпақ. Бейнероликте көрсетілген ақпаратқа сенсек, экс-президенттің үлкен қызы үйді 2008 жылдың сәуір айында 9,3 миллион фунт стерлингке сатып алған. Қазіргі курспен есептегенде 9 млн фунт стерлинг 5,67 миллиард теңге немесе 11,8 млн доллар болады.

 

 

Бұған дейін «Азаттық» радиосы Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа, інісі Болат Назарбаевқа, құдасы Қайрат Боранбаевқа, үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевке тиесілі жалпы құны 785 миллион долларлық аста-төк байлық туралы зерттеу жасаған. 

 

Сол зерттеуде Лондонның Дэнвуд роуд көшесіндегі осы сарай туралы да жазылған. Осы үймен қоса, Назарбаевтар 2008-2010 жылдары офшор компанияларға сатып алынған Bishops Avenue-дағы (Бишопс-авеню) зәулім сарай мен Manresa Road (Манреса-роуд) көшесіндегі үйге британ құқық қорғаушыларының көзі түскен.

 

2019 жылы Ұлыбританияның қылмыспен күрес агенттігі «бұл мүліктерді Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев (Австрия түрмесінде қайтыс болған) қылмыстық жолмен тапқан қаржысын жасыру мақсатында алған деген күдікпен бұғаттаған. Кейіннен 2020 жылы Дариға Назарбаева мен Нұрәли Әлиев өздеріне тиесілі мүліктерді сотта қорғап қалған. 

 

Дариға Назарбаева биыл наурыздың 2-і күні мәжіліс депутаты өкілеттігінен айырылған. Бұған дейін сенат төрайымы қызметін атқарып, президент Қасым – Жомарт Тоқаевтың жарлығымен қызметінен кеткен. Әкесі мемлекет басшысы болып тұрған уақытта Дариға Назарбаева түрлі қызметтерде, тіпті президенттікке үміткерлердің қатарында да болған. 

 

230 адамның өмірін қиған (ресми мәлімет бойынша) қаңтар оқиғасы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағалығынан кеткен.  Сарапшылар сол уақыттан бастап елде Назарбаев әулетінің ықпалы әлсіреді деген пікірлер айтуда. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткеннен кейін бірнеше туысы қызметінен айырылып, қамауға алынды. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

30/03/2022 11:07
36147 0

Уведомление