«Лауазымды тұлғалар қылмысын жасыру үшін істі «құпия» етіп отыр»: Айкөркемнің өліміне байланысты сот жалғасуда

Полиция бүлдіршіннің бас сүйегін жоғалтып жіберген


25/08/2023
12:45 5855 0

 

Қанды Қаңтарда оққа ұшып, қаза тапқан төрт жасар Айкөркем Мелдеханның өліміне байланысты сот отырысы жалғасуда. 24 тамызда өткен процеске журналистер мен Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан тағы да кіргізілмеді. 

 

Соттан кейін адвокат Жанғазы Күнсеркин журналистер сұрағына жауап берді. Оның сөзінше, процесте үш куә сұралған. Олардың жауаптары бір-біріне қарама-қайшы болған. Екі куәгер күдікті Арман Жұманмен бірге қызмет атқарған. 

 

– Қазір әскери қызметкерлерден жауап алынып жатыр. Бүгін Харламов, Қожагелді және Алдышев есімді үш куәгерден жауап алынды. Қожагелді мен Алдышев Жұмагелдінің [күдікті] ротасынан. Олар мүдделі куәгерлер деп топшылауға болады. Бірақ қалай болғанда да олар сұрақтарға жауап беріп жатыр, – деді Күнсеркин. 

 

 

Ол істің Қаңтарда болған «контртеррористік операцияға» байланысты бөлігіне ешқандай пікір білдіре алмайтынын мәлімдеді. Істегі 11 томның 1 томында ғана «құпиялық» статусы бар. Бірақ соған қарамастан сот жабық түрде өтуде. 

 

Сот басталғалы бері адвокат Жанғазы Күнсеркин бірнеше өтінішхат түсірген. Күнсеркиннің сөзінше, ол соттан «құпиялық» статусын алып тастап, процесті ашық өткізуді, Айдос Мелдеханды сотқа қатыстыруды және күдікті Арман Жұманнан өзге адамдарды да қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраған. Судья Нұркен Жексенбаев өтінішхаттарды ішінара қанағаттандырған. Ол Айдос Мелдеханға «құпиялық» статусы жоқ процестерге қатысуға рұқсат берген. 

 

Айдос Мелдехан лауазымды тұлғалар қылмысын жасыру үшін істі «құпия» етіп отыр дейді.

 

– Сотқа мені шақырды. Бірақ кейіннен кіргізбей қойды. «Не үшін шақырды?» деген сұрағыма әлі күнге дейін жауап беріп жатқан жоқ. Қазір әскери тергеу басқармасы, әскери прокуратура және соттың істеп отырғаны жоғары лауазымда отырған кісілердің қылмысын жасырудың амалы үшін істі «құпия» етіп отыр. Маған «соттың кез келген шешіміне келіссем, өзге төрт адамның жауапкершілікке тартылуын талап етпейсің, БАҚ пен өзгелерге ешқандай талабыңды айтпайсың, айтатын болсаң, сені қылмыстық жауапкершілікке тартатын боламыз» деген талаппен маған сотқа қатысуға рұқсат берген. Бірақ мен одан бас тарттым, – деді Мелдехан. 

 

 

Айдос Мелдехан 2022 жылы қарашада Masa Media тілшісіне Айкөркемнің бас сүйегін полицияның жоғалтып жібергенін айтқан. 24 тамызда өткен сот отырысында ол полицияның бас сүйекті сол күй тауып бермегенін айтты. 

 

– Айкөркемнің бас сүйегінің сынықтарын маған қайтарып берсін. Ол істе тіркелген. Фотолары да бар. Сол күйі қайтарған жоқ. «Жоғалтып алдық» дейді, болды. Кім, қалай жоғалтты, ешқандай жауап жоқ. Осы күнге дейін ешкім жауап берген жоқ, – деді ол. 

 

Іс бойынша күдікті деп танылған Арман Жұман қазір бостандықта жүр. Ол 26 шілдеде өткен сот отырысында журналистерге Айкөркем мінген көлікке  емес, басқа көлікке оқ атуға бұйрық берген айтқан. 

 

– Бұл жерде менің кінәм жоқ. Мен кінәлі емеспін. Мен ол Фольксваген Пассаты көрген де жоқпын. [Атуға] бұйрық бергенде мен Хюндай яндекске бердім. Бұл кісінің машинасын көрген де жоқпын, – деген Жұман. 

 

 

Сол процесте Айдос Мелдехан Арман Жұманды сот ғимараты алдында ұстап алып, әскери прокуратура мен полициядан оны қамауды талап еткен. Ол істе басқа көлік мүлде жоғын айтқан. 

 

Қанды Қаңтар кезінде Айкөркем мінген көлікке әскерилер оқ атқан. Салдарынан бүлдіршін қаза тауып, ағасы мен 16 жастағы әпкесі жараланған. 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

25/08/2023 12:45
5855 0

Уведомление