Кәрім Мәсімовтің інісінің үстінен қозғалған істі тергеу аяқталды

Нұрлан Мәсімов Қазақстан-Ресей шекарасынан жалған құжатпен өтпек болған кезде ұсталған


26/12/2022
10:50 25359 0

Нұрлан Мәсімов

 

Кәрім Мәсімовтің інісі Нұрлан Мәсімовтің үстінен қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды. Бұл жөнінде Павлодар облыстық жемқорлықпен күрес қызметі хабарлады. 

 

Жемқорлықпен күрес қызметі таратқан мәлімет бойынша, Павлодар облыстық полиция басқармасының экс-басшысы, генерал-майор Нұрлан Мәсімов, оның бұрынғы орынбасары Д. Сиразидимов және кәсіпкер Е Евковичтің үстінен қозғалған «ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық жасау» ісін тергеу аяқталды. 

 

«Мәсімов пен Сиразидимовке мемлекеттік сатып алу және үлескер компаниялармен келісімшарттарға қол қою кезінде «қамқорлық көрсету үшін» 90,3 млн теңге сомасында пара алды» деген айып тағылған.

 

Бұдан бөлек, олар «мемлекет бюджетінің қару-жарақ сатып алуға арналған 420 миллион теңгесін жымқырды» деп те айыпталған. 

 

Жемқорлықпен күрес қызметі істі облыстық прокуратураға берген. 22 желтоқсанда облыстық прокуратура істі сотқа жіберген.

 

Нұрлан Мәсімов 22 сәуірде «аса ірі көлемде пара алды» деген күдікке ілігіп, оған іздеу жарияланған. Оның қайда екенін анықтау үшін 12 миллион теңге сыйақы белгіленген. Кейіннен 13 шілдеде «Нұрлан Мәсімов Қазақстан-Ресей шекарасынан жалған құжатпен өтпек болған кезде ұсталды» деген ақпарат тараған. 

 

Нұрлан Мәсімов – Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің немере інісі. Кәрім Мәсімов Қаңтар оқиғасынан кейін «төңкеріс жасауға талпыну», «мемлекетке опасыздық жасау» және жемқорлық қылмыстары бойынша күдікті ретінде қамауға алынған. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі саналатын Кәрім Мәсімовтің ісі «аса құпия» статусымен жабық жағдайда қаралуда. 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

26/12/2022 10:50
25359 0

Уведомление