Кәмелет жасы неге 18?

Неліктен 16 я 21 емес


12/08/2021
13:09 69996 0

Көптеген елде 18-ге толған азамат кемәлет жасына келген, яғни толық құқылы саналады: дауыс беру, үй алу, оқуға түсу, үйлену үшін ата-анасынан рұқсат сұрамайды. 

 

Қазақстанда да солай. Балалар құқығын қорғау туралы заңда 18 жасқа толмаған азамат бала, ата-ана қамқорындағы адам боп есептеледі.

 

Бірақ неге 18-ге келгенде ғана ересекке айналамыз? Кім олай ұйғарған? masa.media айтып береді. 

 

Тарихи негіз 

 

Көп елде кәмелет жасы 18 болып қалыптасқанына ғылымнан гөрі тарихтағы жайттар түрткі болды. 

 

Орта ғасырда Англияда ересек деп 15-тен асқан ер балаларды айтқан, бірақ уақыт өте келе соғысатын азаматтарға талап көбейгесін кәмәлет жасы да артып отырды. Осылай XVIII ғасырда онда кәмелет жасы деп 21 бекітілді. Кейін бұл үрдіс Британия империясының отарларына да жайыла бастады. Мысалы, АҚШ-та 1940-жылдарға дейін ересек деп 21-ден асқандарды атады. 

 

1942 жылы АҚШ нацистерге қарсы соғысқа араласқаннан кейін кәмелет жасы 18-ге төмендетілді. 

 

Ғалымдар бұл үрдіске Ұлы Француз революциясы да әсер етті дейді. Сол кезде азамат деген ұғым пайда болды, ал азамат деген — 18 толған адам делінді. 

 

Кейін мұны Кеңес одағы да революцияшыл деп кәмелет жасын 18 деп бекітті. 

 

Ғылыми негіз 

 

Кәмелет жасы көбіне 18 болуына ғылыми негіз де бар. 

 

Психологтар мен медқызметкерлер осы жасқа келген адам мектеп бітіріп, үлкеннің ролін атқарады, ойлау қабілеті пісіп-жетіледі, жыныстық қарым-қатынасқа толық дайын болады дейді. 

 

Жалпы, 16–17 және 20–23 жас аралығында адамның:  

 

  • интелекті жетіледі;
  • жыныстық жағынан толықсады;
  • айналасындағылармен нық қарым-қатынас орнатады;
  • ағзасы жетіледі. 

Осылай азамат тұлға ретінде толықтай қалыптасады. 

 

Десе де, ғылыми, тарихи себептер болсын-болмасын ержету процесі әркімде әртүрлі. Сондықтан 18 жас — орта есеппен алғандағы шартты көрсеткіш.  

 

Бірақ неге 21-ден асқандар ғана темекі, ішімдік ала алады? 

 

Кәмелет жасына толу — заң тыйым салмаған кез келген нәрсені жасауға болады деген сөз емес. Көптеген елде кәмелет жасы 18 болса да, ішімдік ішу, темекі тарту құқығы тек 21-ден асқандарға беріледі. 

 

АҚШ-та 18-ге толғандар ішімдік сатып ала алатын. Бірақ мұндай жастағылар арасында ішіп алып көлікке отырып, апатқа ұшырау көп болғаннан кейін ішу жасы 21-ге көтерілді.

 

Қазақстанда 21-ге толмағандарға алкоголь мен темекі өнімдерін сатуға тыйым салынған. 

 

Жалпы, ғалымдар мұндай практика алкоголь ішу, темекі тарту деңгейі төмендеуіне ықпал етеді дейді. 

 

Басқа елдерде кәмелет жасы қандай?

 

Жаңа айтқанымыздай, кәмелет жасы елдерде әртүрлі болуы мүмкін. 

 

16-ға дейін: Сауд Арабиясы (жыныстық жағынан жетілгендер кәмелетке толған саналады), Иран (15 жас). 

 

16: Вьетнам, Куба, Пәкістан. 

 

18: АҚШ, Аустралия, Аустрия, Германия, Жамайка, Экуадор, Ресей, Қатар, Португалия, Италия, Испания, Түркия және көптеген елде. 

 

19: Оңтүстік Корея, Канада мен АҚШ-тың кей штаты. 

 

20: Тайуан, Жапония (2022 жылы 18-ге төмендейді), Тунис. 


21: Чад, Гуинея, Монако.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

12/08/2021 13:09
69996 0

Уведомление