Үкім: Таразда «Қаңтаршы әруақтардың» барлығы сотталды
«Баламды тірілтіп алып келіп, сот залына қойып тұрып соттасын»
Таразда Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 9 адамның (оның ішінде 5 адам оққа ұшып, қаза тапқан) сотында үкім оқылды. Судья Бағдат Төребекұлы сотталушылардың барлығын кінәлі деп таныды.
7 ақпанда өткен сот отырысы даумен басталды судья сотталушы Марат Бекбауды кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айырды. Бағдат Төребекұлы бастапқыда тағылған «терроризм» айыбын өзгертіп, ҚР ҚК 272 - бабының 2 - бөлігімен саралағанын айтты.
– Сот сіздің «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген қорытындыға келді. Бұл бап бойынша 3 жылдан аса жаза көзделген. Бірақ, сіздің кінәні ішінара мойындағаныңызды, өкініш білдіргеніңізді, ауыр дене жарақатын алғаныңызды ескеріп, сот сізге 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап отыр, – деді судья.
Сот күдікті Асхат Тәшекеевті «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» айыбы бойынша ақтады. Алайда, «жаппай тәртіпсіздікке шақыру» бабы бойынша кінәлі деп танып, бұл баптың рақымшылыққа ілігуіне байланысты сот залынан босатуға үкім етті.
Сотталушы Ғани Керімбаев ҚР ҚК 272 - баптың 2 - бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Бірақ бұл баптың рақымшылыққа ілігуіне байланысты, тағайындалған жазаның төрттен үш бөлігін қысқартып, күзетте ұстау мерзімінің бір күнін екі күнге есептеп, сот залынан босатты.
– Үкіммен келіспеймін. Бірақ онымен келіс-келіспе бәрібір. Болды ғой. Осыған да шүкір деп отырмыз. Өзіме тағылған айыпты мойындамаймын. Басынан бері соны айтып келемін. Соңғы сөзде де осыны айтқанмын, – деді Керімбаев Masa Media тілшісіне.
Сот күдікті Нұрбол Ережеповті де кінәлі деп танып, ҚР ҚК 272 - бабының 2 - бөлігі бойынша тағылған айып толықтай дәлелденгенін айтты. Оған тағайындалған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасының рақымшылыққа ілігуіне байланысты, төрттен үш бөлігін қысқартып, 9 айға шартты жазаға кесті. Ол осы уақыт аралығында пробациялық бақылауда болады.
Сот Марат Бекбау, Ғани Керімбаев, Нұрбол Ережеповтан ауыр қылмыс жасауына байланысты 20 АЕК, Асхат Тәшекеевтен 15 АЕК көлемінде мәжбүрлі төлем өндіруге үкім етті.
Судья Бағдат Төребекұлы Қаңтарда оққа ұшып, қаза тапқан бес сотталушы Райс Рысбековты, Ержан Байжановты, Нұрсұлтан Қуатбаевты, Тоқтар Ошақбайды және Исатай Донбаевты кінәлі деп танып, қайтыс болғандарына байланысты жазадан босатты.
Сот марқұмдардың бірі Райс Рысбековке ҚР ҚК 287 - бабының 3 - бөлігі бойынша тағылған айыпта қылмыстық құрам табылмады деді. Ол Рысбековтің қалтасынан табылған оқ-дәрі мәйіт табылған кезде болмағанын, оқ-дәрінің мәйітханаға жеткізілген кезде ғана пайда болғаны анықталғанын айтты.
Бастапқыда Райс Рысбековқа ҚР ҚК 272 - бабының 2 - бөлігі және 287 - бабының 3 - бөлігі бойынша айып тағылған.
Судья Бағдат Төребекұлы сөз соңында сотталушылардың туыстарына қарата «ұлдарыңыз үйде отыруы керек болатын» деді.
– Өздеріңіз білесіздер, 3 қаңтардан бастап (2022 жылдың – ред.) , ел президентінің жарлығымен төтенше жағдай енгізілген. Бүкіл ел тұрғындары тиісті дәрежеде хабарланғанына қарамастан, сотталған тұлғалар алаңға келген. Ата-аналар сіздерге де айтайын, ол уақытта ұлдарыңыз үйде болуы керек еді, – деді Төребекұлы.
Үкім оқылғаннан кейін сот залында сотталушылардың туыстары жазамен келіспейтіндерін айтып, наразылық білдірді. Залға арнайы жасақ кіргізіліп, судья мен ата-аналардың ортасына шеп болып тұрды.
Наразылар «Таразда әділ сот жоқ», «Судья, бала-шағаңның қызығын көрме», «Өлген адам сөйлемейді деп, барлық айыпты артасыңдар ма?!» деп айқайлады. Залдан шыққанда сот ғимаратының фойесінде сотталушы Исатай Донбаевтың әпкесі Шолпан Донбаеваның денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем көмегіне жүгінді.
– Бауырымның артында қалған үш баласына мен не айтамын? Бұл не деген сұмдық жағдай?! Өлгендер сөйлей алмайтын болғаннан кейін осылай істеп отыр ма? Әділдік жоқ бізде. Соңына дейін барамыз, – деді Донбаева.
Сот ғимаратының алдында арнайы жасақ пен азаматтық киімдегі адамдар тобы және сотталушылардың туыстары арасында кикілжің болды. Наразы ата-аналар арнайы жасаққа «Қаңтарда біздің балаларымызды атқан сендерсіңдер», «артымыздан аңдуды қойыңдар», «намыстарың жоқ, мына жұмыстан шығып кетіңдер», «бала-шағаларыңның қызығын көрмеңдер», «сендердің де балаларыңды атып өлтірсін» деді.
Арнайы жасақ өкілдері ата-аналарды сабырға шақырды. Азаматтық киімде жүрген адамдар арасында оқиғаны телефонға видеоға түсіріп жүргендер де болды. Олар ата-аналардың наразылығына қарамастан видеоға түсірулерін тоқтатпады.
– Мен судьяның шешімімен келіспеймін. Егер айыптайтын болса, баламды тірілтіп алып келіп, сот залына қойып тұрып соттасын. Олай қолдарынан келмесе, марқұмдарды ақтауы керек еді, – деді марқұм Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряева.
Сотталушылардың туыстары журналистерге алдағы уақытта апелляциялық сотқа шағымданатындарын айтты.
Нет комментариев.