Ким Чен Ын мен Путин қару-жарақ келісімін талқылау үшін кездесуі мүмкін

Әзірге кездесудің қашан өтетіні белгісіз


05/09/2023
13:00 14765 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын қырқүйек айында Ресейге сапармен баруы мүмкін. Бұл жөнінде дереккөзіне сүйеніп The New York Times газеті хабарлады. 

 

Басылым мәліметінше, Ким Чен Ын Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, қару-жарақ саласы бойынша ынтымақтастықты талқылауға ниетті.

 

Халықаралық басылымдар бұған дейін Мәскеу мен Пхеньян Украинадағы соғыста пайдалануға Солтүстік Кореяның қаруы мен оқ-дәрісін Ресейге тасымалдау туралы келіссөз жүргізіп жатыр деп хабарлаған. Бұл туралы Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби де мәлімдеген. Оның сөзінше, шілде айында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың Пхеньянға сапары кезінде Ресейге оқ-дәрі жеткізу мәселесі талқыланған. Ресей мен Солтүстік Корея билігі мұны жоққа шығарған.

The New York Times басылымының жазуынша, Ким Чен Ын мен Путиннің кездесуі екі ел шекарасына жақын Владивосток қаласында өтуі мүмкін, оған Солтүстік Корея басшысы пойыз арқылы жете алады. Кездесудің қай күні өтетіні белгісіз, бірақ ол Владивостокта 10-13 қыркүйекте өтетін Шығыс экономика форумы кезінде болуы ықтимал. Дереккөздер келіссөз Мәскеуде өтеді деген нұсқаны да жоққа шығармайды.

Журналистердің айтуынша, Ресей Солтүстік Кореядан артиллериялық снаряд, соның ішінде танкіге қарсы снарядтар алуды қаласа, Пхеньян Мәскеуден спутниктер мен атом сүңгуір қайықтарына арналған заманауи технологиялар мен азық-түлік алғысы келеді.

Екі ел билігі The New York Times ақпаратына ресми түрде түсініктеме бермеді.

Солтүстік Корея әлемдегі ең ірі артеллериялық қару-жарақ түрлеріне ие. Ол қару-жарақтың көбі кезінде совет армиясында болған калибрдегі снарядтарды қолданады.

Солтүстік Корея Ресейдің Украинадағы Қырымды және төрт облысты аннексиялап алғанын мойындаған санаулы елдердің қатарында.

 

Поделиться

Нет комментариев.

05/09/2023 13:00
14765 0

Уведомление