Freedom House Қазақстанды «еркін емес авторитар ел» деп бағалады

Қазақстан билігі FH есебіне реакция білдірмеді


10/03/2023
15:09 20233 0

Фото: DW

 

Америкалық Freedom House үкіметтік емес ұйымы Қазақстандағы адам құқығы мен бостандығы ахуалын тағы да теріс бағалады. Ұйым Қазақстанды «еркін емес авторитар елдердің» қатарына жатқызды. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы хабарлады.

 

Freedom House ұйымының Қазақстан туралы жаңа баяндамасы осыған дейінгі есептеріне ұқсайды. Тек кісі аттары өзгерген.

FH былтыр қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев жеті жылға қайта сайланғанын еске салады. Президент сайлауға дейін Конституцияны екі рет өзгертті. Билікті сынаушылар мұны «Тоқаевтың жеке дара билігін күшейтуге талпынысы» деп бағалады.

Қазақстан орталық сайлау комиссиясының (ОСК) дерегінше, Тоқаев президент сайлауында 81,3 пайыз дауыс жинаған. ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы дауыс беру «еркін әрі әділ өтпеді» деген қорытындыға келген. Сыншылар Тоқаевты бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев сияқты өз құзыретін ұзарту үшін сайлау процесіне манипуляция жасады деп айыптады.

Шетелдік бақылаушылар Қазақстандағы осыған дейін болған не парламенттік, не президенттік сайлауларды еркін әрі әділ өтті деп мойындамаған. Құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігі оппозиция жақтастарын түрмеге жауып, қоғамнан оқшаулауға тырысатынын айтады. Ақпарат құралдары мемлекеттің не билікке жақын кәсіпкерлердің қолында.

Бейбіт жиын өткізу еркіндігі әлі де шектеледі, жергілікті биліктің рұқсатынсыз өткен акцияны ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларды полиция ұстап әкетіп, әкімшілік жауапкершілікке тартады. Баяндама авторлары Қазақстанда жемқорлық өршіп тұрғанын айтады.

Қазақстан «саяси құқықтар» санатында 40 балдан 5 балл ғана жинаған. Өйткені «сайлау процесі»«саяси плюрализм және саяси өмірге араласу мүмкіндігі»«үкімет қызметі» сияқты бағыттар бойынша төмен көрсеткішке ие болған.

«Азаматтық бостандық» санатында Қазақстан 60 балдан 18 балл алып отыр. Мұндай бағалауға пікір білдіру, діни сенім еркіндігі, ұйымдар мен ассоциациялар құру құқығы, заң үстемдігі, жеке бостандық пен автономия құқығының көрсеткіштері негіз болған.

Қазақстан Қытай, Ресей, Иран сияқты авторитар көршілерімен бірге тағы да еркін емес елдер қатарына жайғасты.

БІРЛЕСТІК ЕРКІНДІГІ ЖӘНЕ САЙЛАНУ ҚҰҚЫҒЫ

FH зерттеуінің авторлары «Азаматтар бірлестік және саяси партия құру құқығын жүзеге асыра ала ма?» деген сұраққа жауап іздеген.

Былтыр Қазақстанда саяси партия құруға қажет адам саны 20 мыңнан 5 мыңға түскенімен, саяси ұйымды тіркеу процесі әлі де қиын. Шенеуніктер партияны тіркеуден бас тарту, бұл процесті қалағанынша кейінге қалдыруда кең құзыретке ие.

Freedom House «Жаңадан тіркелген бірнеше партияны Назарбаев режиміне жақын тұлғалар басқарады» деп жазды, бірақ ешкімнің аты-жөнін көрсетпеді.

Қазақстан заңнамасында ұлт, дін немесе жыныс сипаты бойынша партия құруға тыйым салынған. Билік оппозициялық топтарды саяси алаңнан шығарып тастайды. Бұл үшін көбіне экстремизммен күрес заңы қолданылады, оппозиция жетекшілерін қылмыстық тұрғыда қудалап, жақтастарына әртүрлі кедергі жасайды.

Баяндаманың Қазақстан туралы бөлігін жазған авторлар тіркелмеген «Демократиялық партия» басшысы Жанболат Мамайдың Қаңтар оқиғасынан кейін «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айыппен қамауға алынғанын еске салады. Белсендінің жақтастары мен халықаралық Human Rights Watch ұйымы Мамайға қарсы істің саяси астары бар деп есептейді.

«Демократиялық партия» мен өзін оппозицияға жатқызатын басқа да топтар тіркеуден өте алмай отыр. Тіркелмеген ұйым сайлауға қатыса алмайды. Сәйкесінше, олардың билікке қол жеткізіп, заң шығарушы органдарға ықпал ететін мүмкіндігі жоқ.

FH сарапшылары биліктің «Аманат» партиясы (2022 жылғы наурызға дейін «Нұр Отан» деп аталған – ред.) мәжілістің қазіргі құрамында басым дауысқа ие екенін атап өткен. Мәжілістегі қалған екі партия да «Аманатқа»адал топтар деп есептеледі.

2022 жылы сәуірде партияны атқарушы биліктен бөліп қарастыру үшін Тоқаев партия төрағасы қызметінен кетті.

2021 жылы қаңтарда өткен парламент сайлауында осыған дейінгі сайлаулардың нәтижесі қайталанды. Билік партиясы 98 орынның 76-сын иеленді. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, сол кездегі «Нұр Отан»партиясы 70 пайыздан көп дауыс жинаған, ал тәуелсіз бақылаушылардың есебінше, партияны қолдаушылардың үлесі 50 пайызға да жетпейді.

Freedom House ұйымы Қазақстанның заңнамалық базасын сынап, мемлекеттің еркін әрі әділ сайлау өткізуге ресурсы жетпейді, ал заңдағы кепілдіктер дұрыс сақталмайды деп жазады.

Сайлау туралы заң оппозициялық партиялардың парламентке өтуін қиындатады. Мәжіліске өту үшін партия тіркеуден өтіп, сайлауда 5 пайыздан көп дауыс жинауы керек.

FH президенттікке кандидаттарды анықтау процедурасына тоқталып, оның ішінде қазақ тілінен міндетті емтиханның бағалау критерийлері нақты емес, мемлекеттік қызметте кемі бес жыл еңбек өтілі болуы керек деген талап бар деп жазады.

Баяндама авторларының пікірінше, президент сайлауына тәуелсіз кандидаттар қатыстырылмайды. Ал партия атынан ұсынылған үміткерлерге қойылатын талаптар, оның ішінде кейінгі 15 жылда Қазақстанда тұруы керек деген бөлім қиын әрі ЕҚЫҰ стандарттарына сай келмейді.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАҢТАР

Баяндамада биліктің барлық үш деңгейін де жемқорлық жайлағаны айтылады. Жемқорлық істері көбіне жергілікті немесе өңірлік деңгейде тергеледі. Бірақ жоғары шенді саяси тұлғалар мен элита өкілдері жауапқа тартыла бермейді. Оларға қарсы істер көбіне белгілі бір тұлға биліктің қырына ілігіп, оның қорғауынан шығып қалған кезде ғана қозғалады.

Журналистер мен белсенділерге қаржылық қылмыс жасады деген айып жиі тағылады. Жемқорлықпен күрес қызметінің дерегінше, бір жылда тіркелген жемқорлық істерінің үштен бірі парақорлыққа қатысты.

FH Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президенттің кей туысы, жақын серіктері мен күш құрылымдарының өкілдері «мемлекетке сатқындық жасау» және «ақша жымқыру» баптарымен ұсталғанына назар аударады. Тоқаев «шетелге заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтарумен» айналысатын арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Шілдеде комиссия бір ай ішінде мемлекетке 230 миллиард теңге қайтарғанын мәлімдеді.

Ұйым есебінде билік «төңкеріс жасауға талпыныс» деп көрсеткен Қаңтар қырғыны туралы да айтылған. FH сарапшылары Қазақстанның батысында газ бағасының көтерілуінен басталған жалпыхалықтық бейбіт наразылық соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқанын жазған. Жаппай тәртіпсіздікті бірінші президенттің айналасындағы адамдар ұйымдастырған болуы мүмкін деп топшылайды. Бірнеше айдан кейін билік Назарбаевты бар құзыреті мен мәртебесінен айырып, Конституциядан алып тастады. Бұрынғы президент пен отбасы мүшелерін қылмыстық қудалаудан қорғайтын «елбасы» мәртебесі де күшін жойды.

Қаңтар оқиғасы кезінде 200-ден астам адам, арасында әйелдер мен балалар да бар, қаза тапты. Бейбіт наразылыққа шыққан жүздеген адам «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген күдікпен қамауға алынды. Ұсталғандардың көбі азаптауға ұшырады. Ресми дерек бойынша, азаптаудан алты адам көз жұмған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу басқаратын әскери одақ – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрап, елге шетел әскерін кіргізді, әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық берді.

КӨЗҚАРАС ЖӘНЕ СӨЗ ЕРКІНДІГІ

«Қазақстанда ақпарат құралдарының еркіндігі шектеулі. Конституцияда баспасөз еркіндігіне кепілдік берілгенімен, ақпарат құралдарының көбі биліктің немесе мемлекетке жақын кәсіпкерлердің қолында» деп жазады Freedom House. Билік тәуелсіз ақпарат құралдарын жауып, журналистерді қудалайды, медиакеңістікте өзіндік цензура дамыған.

Қазақстан билігі халық тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын еркін пайдалана алмасын деп, интернетті жиі өшіреді. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін үкімет бірнеше күнге интернетті бұғаттап тастады.

2022 жылы күзде Алматыда Elmedia редакциясы орналасқан ғимарат екі аптада екі рет вандалдар шабуылына ұшыраған.

Заңда дін мен көзқарас еркіндігіне кепілдік берілгеніне қарамастан, тіркелмеген діни топтар қызметіне тыйым салынған, ал тіркелген ұйымдар үкіметтің қатаң бақылауымен жұмыс істейді. Үкімет кез келген ұйымды «экстремистік» деп тануы мүмкін.

Елде әлі де дәстүрлі емес діни ағым өкілдері қудаланады. FH Еуразиядағы дін еркіндігін зерттеумен айналысатын Forum 18 үкіметтік емес ұйымына сілтеп, Қаз ақстанда 2015 жылдан бері «Таблиғи Джамаат» тобының 75 ықтимал мүшесі ұсталып, діни материалдар жойылғанын жазады.

МИГРАНТТАР ЖАҒДАЙЫ МЕН АДАМ САУДАСЫ

Орталық Азия елдерінен келген мигранттар еңбек жағдайының нашарлығы және тиімді эксплуатациядан қорғайтын құқықтық кепілдемелердің жоқтығы сияқты мәселелерге тап болады. Ұйым мигранттар ғана емес, шалғай елді мекендерден үлкен қалаларға жұмыс істеуге келген азаматтар да адам саудасы, мәжбүрлі еңбек пен жезөкшелік құрбаны болатынын айтады.

Биліктің дерегінше, 2022 жылдың алғашқы алты айында адам саудасы бойынша 57 қылмыстық іс қозғалған, бұл 2021 жылдың бірінші жартысындағы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Кей сарапшылар адам саудасы тізбегіндегі тауар жіберетін, қабылдайтын және тұтқындағы азаматтарды уақытша ұстайтын орын болып отырған Қазақстандағы мәселенің ауқымын ресми статистика көрсетпейді деп есептейді.

«Билік адам саудасынан зардап шеккен шетел азаматтарына жеткілікті көмек беріп жатқан жоқ» дейді баяндама авторлары.

Қазақстан билігі FH есебіне реакция білдірмеді. Бірақ Астана әдетте халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәлімдемелері туралы сирек пікірлерінде сынды мойындаудан бас тартады. Мемлекеттік құрылым қызметкерлері елде партия тіркеу процесі жеңілдегенін, саяси себеп бойынша қудалауға жол берілмейтінін айтады.

Жергілікті құқық қорғаушылар мен белсенділер Қазақстан билігін адам құқықтарының жайы үшін жиі сынайды. Мемлекет саяси өзгерістер туралы айтып, адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты заңнаманы халықаралық құқық талаптарына сай жетілдіруге уәде береді.

ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙ

Freedom House әлемдегі еркіндік жайы туралы баяндамасын 1972 жылдан бері жариялап келеді. Жаңа баяндамада 2022 жылы 195 мемлекет пен 15 аумақтағы жағдай талданған. Елдер саяси және азаматтық бостандықтар жайына байланысты «еркін»«жартылай еркін»«еркін емес» деп үшке бөлінеді.

Ұйым баяндамасында 17 жылдан бері ғаламдық деңгейде көрсеткіштер нашарлап бара жатыр деп жазылған. Баспасөз еркіндігі күрт төмендеген. «Баспасөз еркіндігі» санатында 0 балл жинаған елдер саны 14-тен 33-ке дейін өскен.

«Еркіндік пен демократияға ең үлкен соққы — соғыс», антилиберал көзқарастағы билеушілер жасаған мемлекеттік төңкеріс пен демократиялық институттарға шабуылдың салдары» делінген баяндамада.

Баяндама авторлары Ресей президенті Владимир Путиннің авторитар режимі 2022 жылғы ақпанда Украинаның демократиялық прогресіне нұқсан келтіру үшін көрші елге басып кірді деп есептейді.

Постсоветтік елдер арасында Түркіменстан тізімнің соңынан санағанда үшінші тұр, Тәжікстан жетінші орында. Соғыс басталғалы Ресеймен әріптес болып келе жатқан Беларусь сегізінші орынға жайғасып, 2021 жылы халықаралық күштер кеткеннен кейін тәліптердің қолына өткен Ауғанстанмен бір деңгейге жетті. Алдыңғы орындарды Швеция, Финляндия және Норвегия елдері бөліскен.

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

10/03/2023 15:09
20233 0

Уведомление