Финляндия тыйым салынған тауарларды Ресейге тасымалдау бойынша іс қозғады

Ішінде Қазақстан да аталған


06/12/2023
12:40 11488 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Финляндия кеден қызметі санкцияны айналып өтіп, Ресейге жалпы құны 3 миллион еуро тауар жіберген екі фин компаниясының үстінен іс қозғаған. Олар 3,5 мың дрон мен екі мақсатта пайдаланылатын электроникалық тауарлар жіберді деген күдікке ілінген. 

 

Тергеу болжамынша, күдікті екі компанияның бірі Ресейге тыйым салынған жабдықтарды кемінде 30 рет жөнелткен. Оның ішінде құны 2 миллион еуро болатын 3,мың дрон да бар. 

 

Құжат бойынша, тауарлар өзге елдерге, оның ішінде Қазақстанға экспортталады деп көрсетілген. Іс жүзінде ол Ресей аумағында қалып қойған. Финляндия кеден қызметінің сайтында Қазақстанның аты аталғанымен, тауарды алушы нақты компания көрсетілмеген. Іс бойынша алты күдікті бар. Оның біреуі қыркүйекте қамауға алынған. 

 

– Алдын ала тергеу нәтижесіне қарағанда, компания Ресейден басқарылған деген болжам бар. Операция барысында халықаралық компаниялар желісі құрылған, сол арқылы компания қаржыландырылған, – деді Финляндия кеден қызметінің өкілі Ханну Синкконен.

 

Қазақстан бұл мәселеге байланысты ешқандай ресми жауап берген жоқ.

 

Бұған дейін қазақстандық және шетелдік БАҚ Қазақстан арқылы Ресейге тасымалданатын қос мақсатта пайдаланылатын тауарлардың экспорты күрт өскенін жазған. Еуроодақ санкция салынған тауарлар Қазақстан арқылы Ресейге өтіп, Мәскеу оны қару жасауға пайдаланып жатыр деп мәлімдеген. 

 

Еуропа одағының Ресейге қарсы санкциясының 12-пакетінде қазақстандық Aspan Arba мен Da Group 22 және өзбекстандық Mvizion компаниялары бар екені хабарланған.

Aspan Arba шетелден дрон сатып алып, оларды ресейлік Sky Mechanics атымен белгілі Skymec компаниясына жіберіп отырған. Skymec өз кезегінде тауарды Ресейдің қорғаныс саласымен байланысты компанияларға сатқан. Ал Da Group 22 былтыр Қазақстаннан мыңдаған микрочипті Ресейге экспорттағаны айтылған.

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

06/12/2023 12:40
11488 0

Уведомление