Экс-депутат Әлтаев Мырзахметов ісі бойынша күдікке іліккен

Кейбір белсенділер істің саяси астары бар деп есептейді


08/06/2023
15:33 17293 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Экс-депутат Нұржан Әлтаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовтің ісі бойынша күдікке іліккен. 

 

8 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы депутат Нұржан Әлтаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іске байланысты хабарлама таратты. Онда Әлтаев еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі және депутат болып тұрған уақытта «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының сол кездегі басшысы Абылай Мырзахметовтан жүйелі түрде пара алғаны туралы айтылған.

 

– Нұржан Әлтаев еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейіннен парламент мәжілісінің депутаты ретінде жүйелі негізде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды деп күдіктенеді, – деп жазылған агенттік хабарламасында.

 

Тергеу мәліметінше, «заңға қайшы әрекет» 2018-2020 жылдары болған. Әлтаев Мырзахметовтың мүддесіне әрекет етіп, мемлекеттік тапсырыстарды алуға ықпал еткен. 

 

Бірнеше жыл бұрын парламент мәжілісінен қуылған Нұржан Әлтаев «Ел тірегі» партиясын құруға талпынып, оны тіркете алмаған. Ол соңғы жылдары билікті сынап, наурызда өткен парламент сайлауында мәжіліс депутаттығына өзін-өзі ұсынып өтпей қалған. Кейіннен сайлау қорытындысына қарсы шыққан «Халық парламентіне» мүше болған. 

 

7 маусымда Нұржан Әлтаевтың ұсталғаны хабарланған. Кейбір белсенділер істің саяси астары бар деп есептейді. Әзірге Әлтаевтың адвокаты немесе туыстары ақпарат құралдарына ешқандай пікір берген жоқ. 

 

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовтің үстінен алаяқтық бабы бойынша іс қозғалып, қамауға алынған. 

Поделиться

Нет комментариев.

08/06/2023 15:33
17293 0

Уведомление