«Директор сотталасыңдар деп қорқытады». Қазпошта жұмысшылары наразылыққа шықты

Еденді өзіміз жуамыз. Негізі клинингтік компаниямен келісім бар. Бірақ олар бізге мүлдем келмейді


16/09/2022
12:14 28052 0

Алматыда Қазпошта қызметкерлері наразылыққа шықты. Ол жалақыларын көтеруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етуде. 

 

Алматыдағы №22 пошта бөлімінің басшысы Ләззат Нұрсейтова мекеменің материалдық базасы ескіргеніне, жұмысшылар жалақысының төмендігіне шағымданады. Оның сөзінше, қызметкерлер еденге дейін өздері жуады. Ол жұмысты істейтін арнайы жұмысшы жоқ. 

 

– Айлығымыз аз. Қазпоштаның материалдық жағдайы өте нашар. Жаңартыңыздар десек, жаңартпайды. Еденді өзіміз жуамыз. Негізі клинингтік компаниямен келісім бар. Бірақ олар бізге мүлдем келмейді. Бізде сортировщик, почтальиондардың барлығы келісімшартпен ғана жұмыс істейді. Ешқандай әлеуметтік пакет, еңбек демалысы деген жоқ. Ауырып қалып, демалысқа шықсақ орнымызға ешқандай адам бермейді. Басшылық біздің айтқан талаптарымызды мүлде тыңдамайды. Сол себепті осылай шықтық, – дейді Нұрсейтова. 

 

Ләззат Нұрсейтованың сөзінше, Қазпоштаның Алматы қаласы бойынша директоры Алтын Садықова шағым айтқандарың үшін сотталасыңдар деп қорқытқан. 

 

– Директор Алтын Садықова осылай жасасаңдар статьямен кетесіңдер деп қорқытады. Айлықтарыңның қанша екенін айтқандарың үшін сотталасыңдар деп смс жібереді. Біз бүгін Астанадағы төраға келсін деп талап етіп, жұмысқа шықпадық. Бірақ ол кісі келе алмады... Операторлардың айлығы 120 мың. Бірақ оның нақты қолға алатыны 93 мың теңге. Бізде әркімнің айлығы әр қалай. Жұмыстың ауырлығына қарай қойып қойған. Айлықты қазіргі заманға сай 250-300 мың теңге етіп берсін. Қазір барлығы қымбат. Төлейтін ипотека, несиеміз бар, – дейді Нұрсейтова. 

 

Жұмысшылар наразылығынан кейін Қазпоштаның баспасөз қызметі арнайы мәлімдеме таратты. Онда Қазпошта АҚ-ның басқарма төрағасы наразы қызметкерлермен сөйлесу үшін Алматыға ұшып кеткені жөнінде, жалақыға байланысты әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпаратқа мұқият қарау қажеттігі жөнінде айтқан.

 

– Қазпошта АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаев шағымдарын айтуға жиналған қызметкерлермен бетпе бет жүздесу үшін Алматыға шұғыл ұшып кетті. Өйткені таңсәріден бірнеше жұмысшы Алматыдағы пошта ғимаратының алдында айлық-жалақыны өсіруді талап ету үшін жиналған. Алматы поштасының директоры Алтын Садықова дәл қазір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кейбір Telegram арналарында жарияланған жалақы мөлшері туралы ақпаратқа өте мұқият болуларыңызды сұраймыз.  40 мың теңге көлемінде ақы 0,3 мөлшерлемемен жұмыс істейтін, яғни толық емес жұмыс күнімен жұмыс істейтін 4 пошташы алады. 0,3 мөлшерлеме бойынша жұмыс уақыты айына 24 сағатты құрайды (толық мөлшерлеме нормасымен – 176 сағат), – делінген мәлімдемеде. 

Поделиться

Нет комментариев.

16/09/2022 12:14
28052 0

Уведомление