Буллиң деген не және бізге ол туралы заң қажет пе?
Әлімжеттік балалар мен жасөспірімдерге қалай әсер етеді және неге кейбір ата-ана буллиң туралы жаңа заңға қарсы
МАЗМҰНЫ
«Жаңа мектепке көшкенімде сыныптастарым мені шеттетті. Тіл тигізіп, ұрып-соқты. Қатты ұратыны сонша — денем көгеретін. Кейде бір бала келіп тиісетін, кейде топ болып жабылатын».
«Ұлдар қыздарды мұғалімдер бармайтын жерде не дәретхананың жанында қыспаққа алатын. Ондай кезде ұяттан жерге кіріп кетесің, өз-өзіңнен жиіркенесің».
«Гимназияда маған барлығы тіл тигізетін, итеріп кететін, ұрып жіберетін. Олар үнемі неменеге жұпыны киінесің деп мінеп отырды».
«Сөйлеу кемістігім бар. Соған бола маған бәрі күлетініне қатты қынжылатынмын».
Бұл — Қазақстан оқушыларының әлімжеттік туралы әңгімелері. Кейінгі кездері буллиң не әлімжеттік тақырыбы үйде де, түзде де кең талқыланып жатыр — азаматтар билікке «буллиң» ұғымы мен оның жазасын заңнама деңгейінде бекітуді ұсынды. «Батыстың ықпалы», «ювенал органдардың істеп отырғаны» деп бұл бастамаға қарсы шығып жүргендер бар.
Құқық докторы (PhD), адам құқықтары жөніндегі ғалым-заңгер Халида Әжіғұловамен бірге Қазақстанға буллиң туралы заң қажет пе, жоқ па — соны анықтаймыз.
СӨЗДІК
Буллиң — адамға әдейі психологиялық немесе физикалық қысым көрсету, тіл тигізу, ар-намысын таптау.
Кибербуллиң — интернеттегі буллиң: әлеуметтік желі, онлайн ойын мен мобайл қосымшалар арқылы қысым жасау, тіл тигізу.
Троллиң — арандатудың бір түрі: біреуді келеке қылу, оған жала жабу, өсек тарату, айдап салу.
Моббиң — ұжымдағы буллиң, мысалы, қызметкер әріптесі жұмыстан қуылсын деп басқаларын оған айдап салады, ол туралы өсек таратады.
Буллиң мен кибербуллиң туралы не білуіміз керек?
Буллиң деп қорқыту, тіл тигізу, кемсіту, қауесет тарату, ұрып-соғу, шеттету, адамның затын бүлдіріп тастау, тығып қою және т.б айтамыз.
Әлімжеттік жасарда адам жәбір көріп отырған адамға ар-намысы тапталсын, қорықсын, менің айтқанымнан шықпасын деп күн көрсетпейді.
ЮНЕСКО мектептегі буллиң белгілерін былай сипайттайды:
Буллиңнің екі тарабы болады — физикалық және/немесе психологиялық жағынан күш көрсететін жәбірлеуші мен қолдау, көмекке зәру зардап шегуші.
Жәбірлеуші зардап шегушіні әдейі ұрып-соғады, психологиясына қысым көрсетеді.
Буллиң кесірінен зардап шегушінің денсаулығы мен психикалық саулығы нашарлайды, өзіне деген сенімінен айырылады, өз-өзінен жиіркенеді.
Буллиң — топтық процесс: ол жәбірлеуші мен зардап шеккенге ғана емес, зорлық-зомбылыққа куә болған сыныптастар мен әріптестерге де әсер етеді.
Буллиң өздігінен тыйылмайды: зардап шеккендер де, буллиңді бастағандар да, куәгерлер де қолдау мен көмекке мұқтаж болады.
Интернет пен әлеуметтік желілер дамуымен буллиңнің тағы бір түрі пайда болды — кибербуллиң.
Кибербуллиңге мыналар жатады:
-
-
-
-
-
- Қорқыту, тіл тигізу;
- Топ болып әлімжеттік жасау;
- Әлеуметтік желілерде біреудің атынан парақша ашу, жүргізу;
- Біреудің парақшасын бұзып, хат жіберу;
- Жеке видео, фотосы мен хаттарын басқаға жіберу;
- Троллиң.
-
-
-
-
Кибербуллиң зорлық-зомбылықтың ерекше түрі: интернетте өзіңізге тиіскен адамды тауып, жауапқа тарту қиын. Мұндай буллиң өміріміздің әр саласына әсер етеді. Адам өзіне біреу тиіскенде қай жерге барса да, қауіпсіз жерге келгендей сезіне алмайды.
СТАТИСТИКА
Мектептегі буллиң — бұрыннан бар мәселе. ҚР Ұлттық денсаулық сақтау орталығының 2018 жылғы статистикасына сенсек, елімізде оқушылардың 12 %-дан астамы буллиңге ұшыраған екен.
Ал ЮНИСЕФ Қазақстанның зерттеуі бойынша елде балалардың 66 %-ы мектепте зорлық-зомбылық пен шеттетуге ұшыраған, 24 %-ы басқаларына әлімжеттік көрсеткен екен.
11–15 жасар жасөспірімдердің 12 %-ы кем дегенде бір рет интернетте буллиңге ұшырағанын айтады.
Балалар мен жасөспірімдерге буллиң қалай әсер етеді?
Құқық докторы (PhD), Адам құқықтары жөніндегі ғалым-заңгер, Street Law Қазақстан жобасының адам құқықтары және балаларды буллиң мен кибербуллиңнен қорғау жөніндегі үйлестірушісі Халида Әжіғұлова буллиң балаларға ғана емес, бүкіл қоғамға қауіпті дейді.
Бала үйге барса да, қауіпті жерге келгендей сезінеді, оқу үлгерімі нашарлайды
Буллиңнің кесірінен адам (жәбір көруші де, буллиң жасайтын адам да) қай жерге барсын-бармасын қауіпті жерге келгендей сезінеді.
Бала өзіне біреу тиісіп жүрсе, сабаққа бармауға, «ауырып қалуға» тырысады. Тиісіп жүрген адам сыныптасы болса, сабақта отырғанда қайта-қайта үрейлене беріп, мұғалім не айтқанын ұқпайды.
Буллиң жасөспірімдер суицидіне түрткі болады
Жыл сайын Қазақстанда жүздеген бала өздеріне қол жұмсайды не қол салуға талпынып көреді. Мысалы, былтыр 143 жасөспірім өз-өзіне қол салған, ал кәмелетке толмаған 306 бала қол жұмсамақ болған, кейбірі бұған мектептегі буллиң себеп болды дейді.
Еліміздегі мектептердің бірінде 12 жасар оқушылар бір сыныптасын футбол ойнай алмағанына бола үнемі мазақтай берген. Футбол командасы бірнеше ойында жеңіліп қалған, ал балалар мұны сол сыныптасынан көрген. Соның кесірінен жаңағы бала өз-өзіне қол салған, — дейді ІІМ басшысының бірінші орынбасары Марат Қожаев.
Мектептегі буллиң адам өмірінің барлық саласына әсер етеді
Мектепте әлімжеттік көрсететін кей бала «мұным жазасыз қалады екен» деп, өзінің агрессив әрекетін норма санайды, есейсе де басқаларға тиісуін қоймайды.
Осылайша мектептегі буллиң университетте де қайталанады, соның кесірінен қоғамда агрессив адамдар көбейеді: ашу-ызасына ие бола алмайтын автобус айдаушы, біреуді басқаға айдап салу, кибербуллиң, бұзақылық — мұның бәрі буллиң жазасыз қалатынының салдары.
Буллиңді агрессия, түсінбеушілік пен ұрыс-керістен мыналар арқылы ажырата аласыз:
— Адамдар басқа біреудің жанды жеріне тигісі келіп, оған шабуылдайды;
— Бұл буллиң үнемі, жүйелі түрде қайталанып тұрады.
— Араздықты бастайтын тарап өзі тиісіп отырған тараптан физикалық, моральдық, саны жағынан әлдеқайда күшті болады — сондықтан адамдар басқасын топ болып мазақтайды, кемсітеді, шеттетеді.
Қазақстанға буллиң туралы заң жобасы не үшін қажет?
«Буллиң» ұғымын заңды түрде бекіту ұсынылған заң жобасы ресми түрде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады, яғни бұл жаңа заң емес, 2002 жылғы «Бала құқықтары туралы» және 2007 жылғы «Білім туралы» заңдарына түзету.
Негізгі түзетулер:
- Заңнамаға «буллиң» ұғымы енгізіледі;
- Білім және ғылым министрлігі кәмелетке толмағандарға қарсы буллиңнің алдын алу ережелерін әзірлеп, бекіте алады.
Түзетулер 2020 жылғы сәуірде жарияланды, оны бір жыл бойы жұмыс тобы талқылап, пысықтады. Жақында заң жобасы үкіметке жіберілді.
Заң жобасы балалар құқығын дұрыстап қорғау үшін қажет.
Мысалы, Қазақстанда буллиңнің тек кей түрін жасағандарды, мысалы, тіл тигізгендер, бұзақылар, жала жапқандар, адамның жеке ақпаратын таратқандарды әкімішілік не қылмыстық жауапқа тартуға болады.
Алайда заңнама тек буллиң салдарын реттейді. Ал бізге оның процесін реттеп отыратын заң қажет. Бала психологиялық не физикалық траума алмасын десек, буллиңді болдырмаған өте маңызды, — дейді Халида Әжіғұлова.
Әжіғұлова қазір Қазақстан мектептерінде буллиңнің алдын алатын ережелер жоқ дейді. Мұның бәрі басшылыққа байланысты: бір жерде буллиңге қарсы іс-қимыл ережелері бар, ал кейбірінде бұл мәселе мүлдем көтерілмейді, еленбейді.
Буллиңнің алдын алу, ол туралы мол ақпарат беру — бұл мәселемен күресудің ең тиімді жолы. Мысалы, мен арнайы сынып сағаттарын өткізіп, балаларға әр адамның, оның ішінде баланың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қажетін түсіндіруді ұсынамын.
Адамды қанша жерден жақтырмасақ та, оның ар-намысын құрметтеуге тиіспіз. Сондай-ақ балаларға буллиңге ұшырағанда не істеу, кімнен көмек сұрау керегін түсіндіру қажет, — дейді Әжіғұлова.
Заң жобасы туралы жалған ақпарат
Халида балалар құқықтарын қорғау туралы заң жобасын көп адам жақтайды дейді. Мысалы, осы проблемамен жылдар бойы айналысып жүрген сарапшылар: ғалымдар, заңгерлер, кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторлар, мұғалімдер, балалар психологтары.
Бірақ қарсымыз дейтіндер де бар.
Айта кету керек, бұл заң жобасына қарсы шыққандар еліміздегі басқа да заң мен ережелерге наразы болып жүр: қоғамдық орындарда маска тақпайды, Денсаулық туралы кодекс, вакцинацияға қарсы, отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасына шағымданып жүр, — дейді Әжіғұлова.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЗАҢДАРДЫҢ ҚАБЫЛДАНУЫНА КІМДЕР ҚАРСЫ ШЫҒЫП ЖҮР?
Заң жобасына қарсы шығып жүргендер нені алға тартады? Айтқандары шындыққа жанаса ма?
«Буллиң — шет тілінен енген сөз, қазақта мұндай ұғым болмаған әрі дәстүрімізге қайшы келеді»
Қазақ және орыс тілдеріндегі көптеген сөз латын және түркі тілдерінен келген. Бұл бір. Екіншіден, шет тілінен енген сөз қазақ салт-дәстүріне қайшы келетінін дәлелдейтін ғылыми зерттеу жоқ. Одан бөлек, «буллиң» сөзін жақтырмайтындар ұғым нақты қай дәстүрге қайшы келетінін айта алмайды, — дейді Халида Әжіғұлова.
«”Буллиң” ұғымын заңнамаға енгізсек, балаларымыз гей не лесбиян болады»
«Буллиң» сөзін заңнама деңгейінде бекіту «ЛГБТ қауымдастығының гүлденуіне» түрткі болады дегенге ғылыми негіз жоқ.
«Біздің елде буллиң атымен жоқ. Бұл мәселені заңнама реттеп отыр ғой»
Жаңа айтқанымыздай, қылмыстық және әкімшілік заңнама буллиң салдарын реттесе де, оның алдын алуға жарамайды. Ал жаңа заң жобасының мақсаты — буллиң мен кибербуллиңді болдырмау.
Біз кез келген адам жалған ақпарат тарата алатын кезде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да мен отандастарымызды жалған жаңалықтарға сенбеуге, алданбауға, кез келген ақпаратты тексеруге үндеймін. Сындарлы пікірталас арқылы ғана біз жетілген қоғамға айналамыз, дамыған демократиялық әрі құқықтық мемлекет құра аламыз, — деп қорытындылады Әжіғұлова.
Иллюстрация: Лейла Тапалова
Нет комментариев.