«Бұл сот – цирк»: Журналист Мұхаммедкәрімнің соты даумен басталды

Судья қаулысымен сот процесі жабық өтетін болды


12/02/2024
17:31 9116 0

Фото: Есдәулет Қызырбекұлы / Masa Media

 

Қонаев қаласында тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша сот процесі басталды. Алдын ала сот тыңдауында судья прокурордың сотты жабық өткізу туралы өтінішін қанағаттандырды. Залға айыпталушының жақтастары мен журналистер кіргізілмеді. БАҚ өкілдері процесті басқа залда монитордан бақылады. 

 

12 ақпанда өткен сот процесіне Думан Мұхаммедкәрімнің жүзге жуық жақтасы келді. Олар соттың ашық өтуін, өздерін ішке кіргізуді талап етті. Сот өкілдері залдың тар болуына байланысты оларды ғимаратқа кіргізе алмайтындарын алға тартты. Ғимаратқа кірмек болған белсенділердің жолын арнайы жасақ пен полиция бөгеп, ішке журналистер мен сотталушының жақындары ғана кіргізілді. Журналистер процесті өзге залда, монитордан бақылады. Полиция БАҚ өкілдері отырған бөлменің есігін сыртынан бекітіп, Думан Мұхаммедкәрім мен сотқа қатысушылар залдан шығып кеткенше ашпады. 

 

 

Сот отырысында Думан Мұхаммедкәрім судьяның «сотқа сенімділік білдіресіз бе?» деген сөзіне «Менде таңдау жоқ, сенсем де, сенбесем де сенемін. Менің үкімім баяғыда шығып қойған» деді. Осыдан кейін айыптаушы прокурор «қауіпсіздігіне алаңдаған» іс бойынша куәнің өтініші бойынша сотты жабық өткізуді сұрады. Оған қорғау тарапы қарсылық білдірді. Думан Мұхаммедкәрім «Ол куәнің бар екеніне күмәнім бар. Бұл сот – цирк. Өтініш, цирктен төмен түспеңіздерші!» деді. 

 

Бұдан бөлек, сот барысында ол прокуратура мен тергеушілер тарапынан қысым көргенін айтты. Айыптау актісімен әлі күнге дейін таныспағанын, тергеушілер актіге адвокаттың қатысуынсыз қол қойдырмақ болғанын, Қонаев қаласының уақытша оқшаулау изоляторына алып келіп, түнде Талдықорғанға қайтадан күштеп ауыстырмақ болып, орта жолда кері қайтарылғанын жеткізді. Судья Қойшыбаев арыз-шағымды жазбаша түсіру керектігін айтты. Думан Мұхаммедкәрім осы уақытқа дейін прокуратураға шағымданғанын, одан ешқандай нәтиже болмаса да тағы да шағым түсіруге дайын екенін мәлімдеді. 

 

Адвокаттар айыптау актісімен танысуға 15 күн уақыт беруді сұрап, сотқа өтінішхат түсірді. Думан Мұхаммедкәрім сот тергеуі кезінде өзін үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Судья кеңесу бөлмесіне кетіп, сот түскі сағат 12:30-да қайта жалғасты. 

 

 

Үзілістен кейін судья Қойшыбаев сотты жабық өткізу жөніндегі прокурордың өтінішін қанағаттандырып, қорғау тарапының Думан Мұхаммедкәрімнің бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады. 

 

Судья қаулысына Думан Мұхаммедкәрім қарсы шықты. Адвокат Төлеген Берліқожа сотқа сенімсіздік білдірді. Өзге адвокаттар оны қолдады. Келесі сот отырысы 19 ақпанға белгіленді. 

 

Үзілістен кейін де ғимаратқа кіру мәселесі дау болды. Айыпталушының жақтастары полиция мен сот өкілдерінен ғимаратқа журналистерді кедергісіз кіргізуді талап етті. Олар ақпаратты тек БАҚ өкілдері арқылы біліп отырғандарын алға тартты. Есіктің алдын арнайы жасақ бөгеп, журналистерді бір-бірлеп кіргізді. Сот процесі аяқталып, қатысушылар залдан шығып кеткенге дейін тағы да БАҚ өкілдері отырған бөлменің есігін сыртынан бекітіп тастады. 

 

Сот ғимараты алдында жүзге жуық адам судьяның сотты жабық өткізу жөнінде қабылдаған қаулысына қарсылық білдірді. Жиналғандар «Бостандық!», «Әділ сот!» деп ұрандатты. Кейбірі әнұран айтты. Полиция мен прокуратура өкілдері оларды сырттай бақылап тұрды. 

 

 

Адвокат Ғалым Нұрпейісов процестен кейін Masa Media тілшісіне «судья сотты жабық өткізу туралы қаулы шығару арқылы Думан Мұхаммедкәрімнің құқығын таптап отыр» деді. Оның сөзінше, билік қорқып отыр. 

 

– Заң бойынша қай уақытта жабық өткізу туралы негіздер жазылған. Прокурор бұл жөнінде ешқандай дәлел көрсеткен жоқ. Судья да оған назар аудармады. Бұл жерде Думан тарапынан ешқандай заң бұзушылық жоқ. Мына жерде сот та, прокурор да Думанның және адвокаттардың құқығын таптап отыр. Біздің ойымызша, билік қорқып отыр,  деді ол. 

 

 

Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов ұлының үстінен қозғалған іс саяси тапсырыс деп мәлімдеді. 

 

– Сот процесі масқара, әншейін цирк, жоғары жақтан саяси тапсырыспен келіп отырған дүние. Ендігі сотты жабық өткіземін дейді. Біз судьяға сенімсіздік білдірдік. Басқа жолдарын іздеп көреміз енді. Бұл «жаптым жала, жақтым күйе». Тоқаев саясатының істеп отырған жалғасы деп білемін мен. Сотқа да, прокурорларға да ешқандай сенім жоқ. Бұлардың барлығы орнынан кетуі керек. Таза саяси тапсырыспен соттап отыр,  деді Тілепов. 

 

Бұдан бөлек, ол ұлының денсаулығы күннен күнге нашарлап бара жатқанын айтты. 

 

 

«Не дейді» YouTube-арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім «тыйым салынған ұйым ісіне араласу» және «экстремизмді қаржыландыру» баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. Журналист 2023 жылдың маусым айынан бері қамауда отыр. 

 

8 ақпанда халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Думан Мұхаммедкәрімге «экстремизм» бойынша негізсіз айып тағылып отырғанын алға тартып, Қазақстан билігін журналистке тағылған айыптарды алып тастап, өзін босатуға үндеді.

 

Қазақстандық құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» қатарына қосқан.

Поделиться

Нет комментариев.

12/02/2024 17:31
9116 0

Уведомление