«Бізді қинағанда бастық болғандар әлі жұмысында жүр»

Ақылжан Қисымбаев ісінің әділ қаралатынына сенбейді. Ол қысым болып жатқанын айтады


20/06/2022
11:57 10199 0

Қаңтарда оқ тиіп, СИ-18 түрмесінде азапталған Ақылжан Қисымбаев прокуратура мен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне 25-тен астам арыз жазғанын, олардың ешқайсысына мардымды жауап ала алмағанын айтады. Ол үстінен қозғалған іс әділ қаралады дегенге сенбейді. 

 

«Прокуратураға 25 рет арыз жаздым»

 

Прокуратураға осы уақытқа дейін 25-30 арыз жаздым. Ешқандай мардымды жауап болған жоқ. Шынымды айтсам, қазір қанша рет арыз жазғаным есімде де жоқ. Үйде барлық қағаздарым бар. Бізді «прокуратураға келе бермеңдер, сұрамаңдар, біз өзіміз айтамыз» деп бірнеше рет ұстап алып кетті. Қысымдар жасалды.

 

Соңғы рет маусымның 1-і күні Қосай Махамбаевты 15 тәулікке қамап тастады. Оны кейіннен қаңтар оқиғасына байланысты үстінен қозғалған 272 бап бойынша жаңа айғақтар табылды деп, СИ-18 түрмесіне тағы екі айға қамап тастады. Бұл жерде ешқандай айғақ табылмағаны айдан анық. Осыған дейін болған соттардан көрдік, ешқандай әділдік болған жоқ...

 

«Болды, ауыздарыңды жабыңдар»

 

Қосай Махамбаевтың қамауға алынуын бізге жасалған қысым деп білемін. Кеше, оның алдында маған прокуратурадан звондап, адвокаттар арқылы шығып жатыр. «Болды, ауыздарыңды жабыңдар, сөйлемесін, шықпасын, бәрін жауып тастайды» деп айтуда. Мен шындықты айтқан заң бұзушылық деп ойламаймын. 

 

Не айтса да мен қорықпаймын. Жапса жапсын, қамаса қамай берсін. Мен одан қорықпаймын. Осылай жүргенге отырғызғандары дұрыс па деймін. Істейтіндерінің бәрін істеді ғой. Шындығын айтқанда, бәрінен шаршадық. Әділетсіз соттан жалықтық...

 

«Бізді қинағанда бастық болғандар әлі жұмысында жүр»

 

Азаптау бойынша мен өзім 12 адамды танып, қалай ұрғандарын айтып бердім. «Опознавать» етуге барғанымызда азаптаған адамдардың бұрынғы суреттерін көрсетеді. Оларды танудың өзі қиын. Бірақ мен таныдым, барлығын, кімнің қалай ұрғанын айтып бердім. 

 

Мен таныған адамдардың ешқайсысын қамаған жоқ. Тіпті олар істе күдікті емес, куәгер ретінде өтіп жатыр... Бізді қинағанда сол жерде бастық болып жүрген Азамат Құрманов пен Дамир Салимов әлі жұмысын істеп жүр... 

 

«Ешқандай үміт жоқ»

 

Ісіміз әділ қаралады дегенге ешқандай үміт жоқ. Барлығымызды осылай отырғызады. Түрмеге отырып шықсам да үнсіз қалмаймын. Олар халық ұмытып кетеді, осылай бір-бірден ауызымызды жаппақшы. Бірақ мен өз басым бұны ешқашан ұмытпаймын. Мен көргенімді айтып өтемін. 1-2 күнде мені де отырғызады, оған сенімдімін. Туған ағама дейін звондады. Көреміз енді, отырсақ, отырамыз енді...

Поделиться

Нет комментариев.

20/06/2022 11:57
10199 0

Уведомление