Сурет ашық дереккөзден
Басым бөлігі әлемдік компаниялардың акцияларын сатып алып, өсімін көруді үйрететіндер. Инвестициялау деген не? Оның қандай рисктері бар? Ол үшін арнайы білім керек пе? Осы және басқа да маңызды сұрақтарды қор нарығындағы ойыншы алматылық әріптесіміз Айгерім Ахановадан сұрап көрдік. Иә, Айгерім негізі медиа саласының маманы...
- Айгерім, сториздеріңізді(Инстаграм) қарап отырсақ, доллармен әжептәуір ақша тауып жатқандай көрінесіз. Шынымен солай ма?
- Мен сториздерімде доллармен ақша тауып жатқандай болып көрінуім мүмін, иә. Бірақ бұл 1.5 жылдық жұмыстың нәтижесі деп біліңіз.
- Хош, инвестиция жасау үшін арнайы білім керек пе?
- Міндетті түрде. Қор нарығы, оның құралдары қалай жұмыс істейтінін білмей бастасаңыз ақшаңызды жоғалтып алуыңыз мүмкін. Ең абзалы осы құнды қағазды не үшін, қандай мерзімге алып отырғаныңызды, қандай бағамен сататыныңызды, одан қанша ақша жоғалтуыңыз мүмкін және оны жоғалтуға дайынсыз ба соны түсініп алу керек.
Акцияны немесе облигацияны шығарып отырған компанияның капиталы қандай, ол инвесторлардың, акционерлердің инвестициясын қалай жаратып отыр, алдағы жоспары қандай, өткен айдағы, өткен жылдардағы даму көрсеткіштері қандай, құнды қағаздың қазіргі бағасы және таргетті инвесторлар қалай бағалап отырғанынан хабардар болу міндетті. Жалпы, бұл сала қазір қалай дамып жатыр, нарықтың индикаторы саналатын S&P 500-бен салыстырғанда динамикасы жайлы сұрақтарға жауаптарыңыз болу керек. Сонымен қатар, компанияға қатысты жаңалықтарды, оның басшыларының айтқан сөздерін бақылап жүруді де дағдыға айналдыру керек. Мен портфеліме бағалы қағаз таңдау кезінде осындай шолу жасаймын. Бұдан бөлек, макроэкономикалық талдау, техникалық талдау дегендер бар, оларды «жас» инвестор бара-бара үйренсе болады.
- Инвестиция жасау қазақстандықтар үшін жаңа дүние ме, әлде бұрыннан қалыптасқан ба?
- Акционерлік қоғам форматындағы алғашқы компаниялар 400 жылдан астам бұрын құрылды, ал алғашқы акциялар Голландия мен Англияда 1600 жылдың өзінде-ақ сатыла бастады. Бұл инвестициялық мәдениеттің бірнеше ғасырлар бойы қалыптасып, әлемдік экономиканың маңызды бөлігіне айналғанын білдіреді.
Қазақстандықтар үшін инвестиция жасау концепция ретінде жаңа дүние болуы мүмкін, бірақ тарихи контексте Қазақстанның өзіндік қаржылық дәстүрі болды ғой. Ертеден қазақтар мал жинап, бартер жасап, Ұлы Жібек жолы арқылы саудамен айналысқан. Бұл қор нарығының негізгі принциптері – капитал жинақтау, оны сақтау, көбейту – бізге таңсық емес екенін білдіреді.
Айгерім Аханова
Cоңғы онжылдықтарда инвестициялау қолжетімді және танымал бола бастады. Пәтерге инвестиция құю, депозитке салу немесе жастықтың астында ұстағаннан гөрі қор нарығы ұзақмерзімді перспективада көбірек табыс әкелетінін түсінетіндердің қатары көбейіп келеді.
Қаржы нарығының дамуы, биржалық құралдардың пайда болуы және инфрақұрылымның жақсаруы да бұған әсер етті. Дегенмен, халықтың көпшілігі үшін бұл тақырып әлі де таңсық, көп адам сенімсіздікпен қарайды. «Ақшамды жоғалтып алам ба» деп қорқады. Оның үстіне не мектепте, не ЖОО-да қаржылық сауат туралы дәріс оқылмайды. Сол себепті инвестиция жасайтындар саны аз. Америкада экономикалық белсенді халықтың 50% астамы капиталын арттыру үшін қор нарығын пайдаланады. Олар оған жаттыққан. Жеке инвесторлар ғана емес, жекелеген ірілі-ұсақты компаниялар банктен несие алғаннан гөрі, қор нарығында акция облигация орналастырып, ақша тапқанды әлдеқайда пайдалы екенін біледі.
Қор нарығы – үлкен мүмкіндіктер алаңы, бұл алаңда тек жеке инвестор немесе кәсіпкер ғана табыс таппайды. Бұдан мемлекеттер ұтады, экономикалар өседі. Себебі, компаниялар тартқан ақшасын өз ісін кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмсайды, сөйтіп жұмыспен қамту деңгейі артады, жеке инвесторлар тапқан табыстан салық төлейді, бұдан қазынаға ақша түседі. Елдегі жалпы қаржылық мәдениет артады, алаяқтарға, түрлі пирамидаларға жем болатындар саны азаяды. Саналы ата-ана баласын білімді болуға, үнемді болуға, тұрақты дамуға баулиды. Сөйтіп, кәсіпкер, инвестор болуға ұмытылатын ұрпақ қалыптасады. Білімді, бай-қуатты адамдар көбейеді, сәйкесінше, елдегі білім беру, денсаулық сақтау сапасы артады. Бұның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Бірақ бұл алаңға келу үшін білім қажет.
- Инвестиция жасау үшін қанша қаржы керек? 300-400 мың айлығы бар адам инвестиция жасай ала ма?
- Инвестиция жасау үшін айлықтың көлемі емес, инвестордың жалпы қаржылық жағдайы маңызды. Егер, адамның қарызы көп болса, әрине, оның инвестиция салуға артық ақшасы болмайды. Алдымен, базалық қажеттіліктер — тамақ, тұрмыстық заттар, балаларының оқуына және жүріп-тұруына арналған шығындар қамтамасыз етілуі қажет. Егер несие бар болса және оның пайыздық мөлшері инфляция деңгейінен немесе депозиттік мөлшерден жоғары болса, онда ең алдымен сол несиені жабу керек.
Ал егер адам үнемдеп, аздап болса да инвестиция жасағысы келсе, бұл да мүмкін. Мұндай жағдайда, қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін айлықтың 5%-10%-ымен бастауға болады. Үнемділік пен қаржылық тәртіп сақталса, аз сомалармен де инвестиция жасап, уақыт өте келе жинақтарды көбейтесің. Инвестициялау — ұзақ мерзімді процесс, сондықтан бастысы — тұрақты түрде, ай сайын қаражат бөліп, ақылмен жоспарлау керек.
- Инвестициялаудың табыстылығын есептеп көрсек? Инвестицияның кәдімгі депозиттен қандай айырмашылығы бар?
- Депозит – бұл да қарапайым болса да, инвестициялық құрал. Себебі депозиттерге де «қомақты пайыз» қосылады. Бұл дегеніміз, бірінші айда сіз тек өзіңіз салған қаражаттың үстінен пайыз аласыз. Ал екінші айдан бастап банк берген үстеме пайыз сіздің жалпы сомаңызға қосылып, табыс мөлшері бұрынғыдан да жоғары болады. Яғни, қаражат неғұрлым ұзақ уақыт жұмыс істесе, соғұрлым күрделі пайыз көбірек қосыла бастайды.
Егер депозитіңіз болса, сіз – инвесторсыз! Бірақ депозит – бұл тек бір ғана құрал. Валюталық депозиттер бойынша пайыздар шын мәнінде табысты деп айту қиын. 1% жылдық табыспен алысқа бара алмассыз. Оның үстіне инфляцияның әсері мен доллардың қымбаттауын қосыңыз.
Инвестиция салудың әлдеқайда тартымды, әрі тиімді бағыттары бар, оларға кезең-кезеңімен көшу қажет.
Ұзақ мерзімді перспективада, АҚШ-тың акциялар нарығы доллармен жылына шамамен 9% табыс әкеледі. 1% жылдық депозиттен әлдеқайда тиімді емес пе? Егер $1000 салсаңыз, бір жылдан кейін банктен $10 тапсаңыз, қор нарығынан $90 табасыз.
Айгерім Аханова
Кейде нарық 20-30% өсуі мүмкін. Яғни, $1000 салсаңыз, үстінен $200 немесе тіпті $300 табуға болады, ал депозит $20-$30 береді.
- Инвестициялауда табысқа жету үшін қандай әдеттерді қалыптастыру керек?
- «Менің көршім – миллионер» деген жақсы бір кітап бар, сол жерде аз ақша тауып байып жатқандар мен, көп қаржы тауып ешқашан бай бола алмаған адамдарды зерттеп шыққан. Сөйтсе, көп адам байлық пен табыс ұғымын шатастырады екен. Олардың аражігін ажырата білу керек. Көп айлық алатын, бірақ тапқан таянғанының барлығын қымбат көлік, зәулім үйге жұмсайтын адамды бай емес, жалғанды жалпағынан басып өмір сүретін адам деп түсінген дұрыс. Капиталы жоқ адамды бай деу қиын.
Осы тұста маңызды әдетті қалыптастырған жөн. Ол – үнемдеу. Тапқанын үнемдеп, тірнектеп жинап, көбейткен адам баи алады. Ол үшін тапқан табыс пен жұмсаған шығындардың бюджетін жүргізген дұрыс. Бір айлық ревизия жасап, қажеті шамалы шығындарды қысқартсаңыз, қанша қаржы үнемдегіңізді көріп таң қаласыз. Бұдан шығатын тұжырым – баю тапқанын үнемдеп, көбейтудің жолын іздеп, білім алып, оны іске асыра алған адамның қолынан келеді.
Ал инвестициялау — бай болудың жолы ғана емес, сонымен бірге қаржылық тұрақтылыққа және болашаққа кепілдік. Қазір СӨС, спортпен айналысу трендке айналып жатқаны қуантарлық, сол тәрізді инвестиция жасау арқылы қаржылық еріндікке ұмтылуды да трендке айналдырсақ ұтар едік.
- Инвестициялауға салған қаржыны өсіріп, жылдам шығарып алуға бола ма?
- Бәлкім мықты стратегиясы бар, білімі мен тәжірибесі жеткілікті адам жылдам табыс таба алар. Бірақ инвестиция салғанда осынша уақытта осынша пайда табасың деп сізге ешкім кепілдік бермейді.
Мен үшін алғашқы жарты жыл жалпы қор нарығының негіздерін түсінуге кетті: құралдар қалай жұмыс істейді, қандай стратегиялар маған келеді және ең бастысы — эмоцияларды қалай басқару керек, мен осыларды үйрендім.
Бір мезгілде нарық қатты құлдырап жатқанда кей инвесторлар байбалам салып қағаздарын арзан бағамен сатып жіберуі мүмкін. Бірақ ол кезде салмақтылық таныту керек деп айтар едім. Алғашқы құлдырауды бастан өткерген адам нағыз инвестор деп айтады негізі.
Алғашқы нақты нәтижелер шамамен жарты жылдан кейін келе бастады. Мысалы, индекс ETF-ке инвестиция салдым, ол осы уақыт ішінде шамамен валютамен 12% өсім көрсетті. Бұл әрине біздегі депозиттармен салыстырғанда әлдеқайда тиімді, бізде депозиттер валютамен 1% өсім береді.
Тағы бір табысты саудам — Apple қағаздарын $173 алып, жарты жылдан кейін $199 саттым, сөйтіп 8000 мың доллардың үстінен 1 мың доллардан артық табыс таптым.
Бірақ негізінен инвестицияға келген адам 5-10 жылдық және одан да ұзақ мерзімді қарастырғаны жөн.
- Инвестиция жасау үшін биржаға жүгіне ме, қалай?
- Биржа — бұл кәдімгі базар сияқты орын. Бірақ мұнда компаниялар өздерінің акциялары, облигациялары және басқа да қаржылық құралдарын орналастырады. Ал инвесторлар, трейдерлер, басқарушы компаниялар және ірі инвестициялық ұйымдар бұл құралдарды сатып алады. Сіз құнды қағаздарды биржадан тыс жерде сатып ала алмайсыз, криптовалюталарды айтпағанда, себебі әр биржа өз қызметін арнайы лицензиямен жүргізеді, оның ішкі ережелері мен реттеу жүйесі бар. Биржа — бұл ашық нарық, онда сауда мен операциялар нақты ережелер мен заңдарға сәйкес жүзеге асады, бұл инвесторларға қауіпсіздік пен әділдік кепілдігін береді. Биржада сауда жасай отырып, сіз заңды түрде және реттелген ортада әрекет етесіз.
- Осы уақытқа дейін инвестициялаудан қанша табыс таптың? Ұтылған кезің болды ма?
- Осы уақытқа дейін бір қателік жібердім, ақшамды жоғалттым деп айта алмаймын. Себебі әр акцияны сатып алмас бұрын, бұны неге және қандай мерзімге сатып алып отырмын деген сұраққа жауабым болады. Өткен жылы менің портфелім шекті агрессивті инвестордың портфелі болды, сәйкесінше үлкен тәуекелді мойныма алдым. Абырой болғанда портфелімнің кірістілігі жоғары, 30% болды. Жаңа жылдан бастап стратегиямды өзгерттім. Брокерлер бойынша диверсификация жасадым және риск бар қағаздар үлесін сәл азайттым.
- Инвестициялаумен айналыс деп үгіттей аласың ба? Жауапкершілігінен қорықпайсың ба?
- Инвестор үлкен шығынға ұшырамай, жоғары табыс таба алмайды. Егер инвестор қауіпсіз инвестицияны қаласа, онда сәйкесінше кіріс те төмен болады. Жалпы6 болашақтағы кірісті бағалаған кезде өткен тарихқа, деректерге сүйену қауіпті. Өткен жылдары бұл акция, облигация немесе белгілі бір фьючерс, тіпті қор нарығы өскен екен, ендеше бұдан әрі де солай өседі деген сенім болмауы керек. Тек үздіксіз білім мен қор нарығының тамырын баса отырып сіз нарықта белгілі бір табысқа жете аласыз.
Айгерім Аханова
Инвестор болашақты болжай алмайды. Ол рас. Оның үстіне, қор нарығында әредік кризис болып тұрады. Мәселен, голландиялық раушан дағдарысы, 1929 жылғы Ұлы Депрессия, 1987 жылғы «Қара дүйсенбі», 2000 жылғы Dot-com дағдарысы, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы, 2020 жылғы COVID-19 дағдарысы және 2022-2023 жылғы инфляция мен монетарлық саясат дағдарысы.
Қор нарығын орыс рулеткасына ұқсатады. Ия, ол рас, бірақ оның айырмашылығы бар.
Екеуінде де белгілі бір деңгейде сәттілік қажет. Айырмашылығы қаржы нарығында біз деректер негізінде терең талдау жүргізіп, инвестициялық стратегияларды дайындаймыз, ал құмар ойыны – бұл тек сәттілікке негізделген ойын, ол жерде ешқандай стратегия жүрмейді.
Рулеткада 36 сан және бір «зеро» бар. Онда 18 қызыл, 18 қара сан және жасыл «зеро» бар. «Зеро» кесірінен сіз ешқашан 50% жеңіске қол жеткізе алмайсыз, максималды 47% құрайды.
Ал қаржы нарығында, инвестор казино жағында ойнайды. Құнды қағаздар нарығында, тренд деген ұғым бар — бұл тұрақты бағыт. Мұнда керісінше, ықтималдық біздің пайдамызға жұмыс істейді: яғни қор нарығындағы көретін пайдаңыз 50%, 60%, 70%, тіпті кейде 90%-ға дейін жетуі мүмкін.
Сондықтан құмар ойындарын қаржы нарығымен шатастыруға болмайды. Иә, көбісі солай ойлайды. Олар мұны тез әрі оңай ақша табуға болатын орын деп, тек сәтке сенеді. Мен ойымша, ең дұрысы – қаржы нарығына екінші жұмыс, part-time job ретінде қарау.
- Трең әрі танымдық сұхбатыңызға рахмет. Табысты болыңыз!
Нет комментариев.