Билік бөлінісі не үшін қажет?

Қазақстанда биліктің үш тармағы бар. Мұндай жүйе не үшін керек?


09/09/2020
11:48 9686 0


 

Билік көп болып және бір күштің құзырында болған жағдайда озбырлықтың қайнар көзіне айналуы мүмкін. Мұндай жағдай болмауы үшін ежелгі дәуірде билікті «тармақтарға» бөлу принципі жасалған еді. 

 

Бұл принцип көптеген демократиялы елдермен бірге Қазақстанда да қолданылады. Дегенмен елдегі ұйымдардың кейбірінің қызметі биліктің бөліну принципіне қайшы келеді. Мысалы, Орталық сайлау комиссиясы ешбір тармаққа жатпайды. 

 

Әр тармақтың өз қызметі бар. Бірі екіншісін қадағалап, оның алға шығуына жол бермейді, яғни билік бөлінген. Билік адамдарға озбырлық жасау үшін емес, оларды тек тәртіпте ұстау үшін бөлінген. Осындай жүйе адамның еркіндігіне қол сұқпайды.

 

БИЛІКТІҢ ҮШ ТАРМАҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ ҚАНДАЙ?

 

Қазақстанда мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып үшке бөлінеді.

 

 

Заң шығарушы билік заң әзірлейді, қарастырады және қабылдайды. Қазақстанда бұл билік қос палаталы парламентке тиесілі. Елдегі барлық заң парламент депутаттарының дауыс беруі арқылы қабылданады. Алдымен Мәжіліс, содан кейін Сенат депутаттары дауыс береді. Мәжілістің 98 депутатын азаматтар партиялық тізімнен сайлайды. Қазақстан халқы ассамблеясы тағы 9 адам тағайындайды.  Сенат депутаттарын облыстық мәслихаттар, яғни әр облыстан екі адам ұсынады. Президент тағы жетеуін тағайындайды.

 

Парламент сессия бойынша жұмыс істейді, оны Мәжіліс төрағасы шақырады. Олар жылына бір рет, қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен бастап маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі. Қажет болған жағдайда кезектен тыс сессиялар өткізіледі. Парламент депутаттарының қалай жұмыс істейтіні және заңның қалай қабылданатыны парламент регламентінде көрсетілген.

 

Атқарушы билік деп министрліктерге, комитеттерге, агентіктерге және әкімдіктерге басшылық ететін үкіметті айтамыз. Елдегі парламент, сот және біз кейінірек сөз ететін кейбір ұйымнан басқа кез келген мемлекеттік мекеме атқарушы билік жүйесіне жатады. Атқарушы биліктің қызметі көп, оның басты міндеті — мемлекетті басқару. Сол себепті оның биліктің басқа тармағына қарағанда ресурсы көп. 

 

Сот билігі мемлекет, азаматтар және ұйымдар арасындағы дау-дамайды шешіп, заңның Конституцияға сәйкестігін қадағалайды. Оның құрамына тек сот кіреді. Жоғарғы соттың төрағасы мен судьяларын Президенттің ұсынысы бойынша Сенат сайлайды. Басқа сот төрағаларын президент тағайындайды. 

 

Қазақстанда Жоғарғы сот, облыстық, қалалық, аудандық және мамандандырылған ауданаралық (экономикалық, қаржы, әкімшілік, қылмыстық, жасөспірімдер ісі бойынша және тағы басқа) соттар бар. Жоғарғы сот заңды түсіндіретін норматив бұйрықтар шығара алады.

 

Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі жайлы жеке конституциялы заң бар(2). Заңда соттың өкілеті мен міндеттерінен бастап сот мантиясына қойылатын талапқа дейін егжей-тегжейлі жазылған. 

 

Биліктің бөлінісі тиімді болуы үшін барлық үш тармақ тең болуы керек. Бұл үшін тежемелер мен теңестірмелер жүйесі бар. Жүйе тармақтардың бірін-бірі басқаруға және толықтыруға мүмкіндік береді.

 

Парламент биліктің заң шығарушы тармағы  болғанымен президент пен үкімет ұсыныс айтып, заң жобаларын ұсына алады. Парламент өз тарапынан бұл ұсыныстарды қабылдамауға құқылы. Барлық заң жобасының нүктесін үкімет қояды. Бұл кейінгі жылдары Қазақстанда тежеу ​​мен теңестіру жүйесінің тиімді жұмыс істеуі үшін жасалғанымен заңнамалық бастамаларды көбіне үкімет көтереді.

 

Айтпақшы, ресми түрде бұл тармаққа жатпаса да, заң шығарушы билікке жергілікті уәкілетті органдар, яғни мәслихат та  жатады. Сөз жүзінде  депутаттар азаматтардың мүддесін қорғауы керек болғандықтан оларды өкілдік деп атайды. Мәслихаттар парламент қабылдаған заңдарды нақтылайтын заң актілерін жазады. Мәслихат депутаттарын азаматтар бес жыл сайын сайлайды. 

 

ТЕЖЕМЕЛЕР МЕН ТЕҢЕСТІРМЕЛЕР ЖҮЙЕСІ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Конституцияның 40-бабының 3-тармағында «Республика президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді» делінген.

 

Осылайша Қазақстанда президенттің билігі үш тармақтан тыс қарастырылады. Алайда классикалық президенттік республикада президент атқарушы биліктің басшысы болар еді.

 

Орталық сайлау комиссиясы, Бас прокуратура, Жоғарғы сот кеңесі, Есеп комитеті, Ұлттық банк және Конституциялық кеңестің ешқайсысы жоғарыда айтылған билікке жатпайды. Олар тек президенттің алдында есеп береді. 

 

Бірақ «Орталық сайлау комиссиясы президентке есеп береді», «Есеп палатасы — президент» және тағы басқа байланыстарда мүдде қақтығысы бары анық.

 

Сайлау комиссиясы президент сайлауын ұйымдастырса, ол қалайша президентке тәуелді бола алады? Есеп палатасы президенттің алдында есеп беретін болса, президент әкімшілігінің шығындарын қалай тексере алады? Іс жүзінде Қазақстанда президенттің қолында орасан күш бар. Алайда президенттік республиканың басшысында мұндай күш болмауға тиіс. 

 

Қауіпсіздік кеңесі бөлек тұрады. Ол 1991 жылы кеңесші орган ретінде құрылды және президенттің алдында есеп берді. Мұндай құрылым көп елде бар. 2018 жылы кеңес конституциялық органға айналды, яғни оның мәртебесі Конституцияда бекітілген. 2019 жылдан бастап Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев оның өмір бойғы төрағасы болды. 

 

Одан басқа кеңес құрамына: президент, Сенат пен Мәжілісі төрағалары, премьер-министр, Президент әкімшілігінің басшысы, бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бастығы, сыртқы істер министрі, қорғаныс министрі және ішкі істер министрі кіреді. 

 

Қауіпсіздік кеңесінің көп қызметі бар, өйткені «ұлттық қауіпсіздік» ұғымының өзі азамат өмірінің барлық саласына және мемлекеттік органдардың барлық деңгейіне әсер етеді. Кеңестің негізгі өкілеті мемлекеттік органдарды, оның ішінде құқық қорғау органдары мен Қарулы күштерді үйлестіру және президентке ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде үкімет саясатына қатысты ұсыныстар беру.

 

Қазіргі президентке қарағанда бірінші президенттің қолында көбірек билік шоғырланған екен. Бұл жағдайда қолданыстағы тежеу ​​мен тепе-теңдік жүйесінің мәні жоқ.

 

Сұлтан Сахариев, заңгер, «Юстус» заң кеңесшілері палатасының басқарма мүшесі:

 

— Тежеу ​​мен тепе-теңдік жүйесі билік бөлінісін қамтамасыз етеді. Биліктің барлық тармағы бірін-бірі бірдей деңгейде бақылап, толықтыруы керек. Бірақ олардың ешқайсысы үстемдік ете алмайды.

 

Жүйенің жұмысы Конституцияда және конституциялық заңдарда көрсетілген. Мысалы, биліктің бірнеше тармағының келісімімен кандидаттардың ерекше маңызды лауазымдарына тағайындау: президент Сенаттың келісімімен Ұлттық банктің төрағасын, бас прокурорды және ҰҚК төрағасын тағайындайды. Парламенттің немесе Мәжілістің үкіметке сенімсіздік білдіру мүмкіндігі, президенттің парламент қабылдаған заң жобасына вето қою құқығы және президенттің парламентті тарату құқығы да тежеме ​​және тепе-теңдік жүйесіне жатады.

 

Бірақ Қазақстан Конституциясында тежеме мен тепе-теңдік жүйесі дұрыс жүзеге аспайды. Бұл — билікті бөлу принципін бұрмалағандықтан туындайтын мәселе.

 


 

Иллюстрация: Анар Бакенова, Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

09/09/2020 11:48
9686 0

Уведомление