Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ: қазақ қашаннан бері басылып қалды
Тарихи траума салдарын зерттеуші Нұргүл Молдабайқызының тұжырымдары

Сурет ашық дереккөзден
Тарихи траума мен ұрпақ санасындағы ішкі күйзеліс
Өткенде мен Кеңес үкіметінің орнауына байланысты бір мақала жаздым. Сол мақалада бір ғана 1925-1933 жылдар аралығында қазақ даласында 400-ге жуық көтеріліс болғанын айттым. Яғни, аптасына бір көтеріліс — жылына 365 күн болса, әр апта сайын қазақтар саясатқа қарсы шығып отырған. Бұл көтерілістер алғашқы бесжылдық саясатқа, байларды тәркілеу мен халықтың жер аударылуына қарсы болды.
Бүгінде тарихи құжаттардың бәрі ашық. Бірақ осы оқиғалар туралы біз білмедік, не айтылмады. Бұл — тарихи жараның екінші бір қыры. Осы көтерілістердің өзі 20-ғасырдың 30-жылдарына дейін қазақтың "бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ" деген ұлттық мәдениетінің сақталғанын көрсетеді.
Ары қарай — ашаршылық, репрессия, соғыс. Осымен тарихты бітіргендей болдық. Бірақ бұдан кейін де санамызға сіңген құндылықтар мен көзқарастар жалғаса берді.
"Жеке басты ойлау — буржуазиялық мінез"
1919 жылы Кеңес үкіметі қабылдаған “еңбек мектептері” туралы концепция бар. Оны Шатский мен Крупская сияқты беделді ғалымдар жазған. Бұл концепцияда бала өзінің жеке басын ойлауы — буржуазиялық «малдық» деп көрсетілген. Яғни, жекелену — жағымсыз қасиет, ал бала қоғамға, социалистік мемлекетке қызмет етуге тәрбиеленуі керек.
Міне, осыдан басталған тәрбиенің салдары бізге әлі күнге дейін әсер етіп келеді. Біз қазақ "өзім дегенде өгіз қара күшім" дейміз. Бұл сөздің тамыры тым тереңде жатыр. Бір ғасыр бойы бізге жеке тұлға болуды емес, қоғамның мүддесіне қызмет етуді үйретті. Жеке ойың болса — буржуазиялық малсың. Ал ондайды жақтаған адам — дұшпан.
Психикалық қорғану және ұжымдық жара
Психологияда "психикалық қорғаныс" деген ұғым бар. Бұл — адам баласының басынан өткерген ауыр оқиғаны санадан ығыстырып, ұмытқысы келуі. Біз де дәл сондай күйдеміз. Бірақ бұл тек жеке адамның ғана емес, ұлттың ұжымдық деңгейдегі психикалық қорғанысына айналған.
Суретте Нұргүл Молдабайқызы
Біз өз тарихымыздың ауыр беттеріне тура қарай алмаймыз. Себебі — ауырады. Ашаршылық, репрессия, қуғын-сүргін – бұлардың бәрі әлі күнге дейін ашық зерттелмей, қоғамдық санада толық бағасын алмай отыр. Бұл ретте қазақтың өз-өзінен түңілуі, өзіне сенімсіздігі, бір-біріне сенбеуі — осы тарихи жараның жалғасы.
Кеңестік тәрбие мен ұрпақ бойындағы үрей
Кеңес мектебінде жеке пікір айту — "қылмыс". Мұғалімнің біліміне емес, партияға адалдығына қарап жұмысқа алатын. Партиядан шығару — өмірді құрту. Осы жүйе адамды тәуелсіз ойлаудан, еркін болудан айырды. Бір ғасыр бойы біз біреудің қас-қабағына қарап үйрендік.
Кейінгі жастар — өз ойын ашық айтады, еркін. Ішкі басу - психологиялық-әлеуметтік феноменнің ең сорақы тұсы, бұл енді жылайтын нәрсе, еркін бала көп салдарды қазақтың төл-дүниесіндей көріп, қазақтан безіп жатыр.
Ұрып тәрбиелеу қайдан шықты?
Біз “тәрбие” деп қабылдаған кейбір ұғымдардың түбі ауыр. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, әйелдерді ұратын ер-азаматтардың көпшілігі бала кезінде өздері де соққы көрген. Яғни, зорлық-зомбылық — жалғасып келе жатқан мәдениет.
«Перзент» деген еңбегімде жаздым: 20-ғасырға дейін қазақ баласын ұру деген болмаған. Этнографтардың еңбектерінде көрсетілгендей, егер анасы баласына дауыс көтерсе — оны ана сүтін көкке сауып, «мен аналық борышымды дұрыс атқара алмадым» деп жазғырған. Бұл — қазақ үшін ең ауыр қарғыс болған. Ал 20-ғасырдан бастап ұру — үйреншікті нәрсеге айналды. Бұл да кеңестік жүйенің салдары.
Шешімі қандай?
Шешім — зерттеу мен түсіну. Біз мемлекет ретінде осы мәселелерді ашық зерттеп, қаржыландыруымыз керек. Қоғамда неге зорлық-зомбылық көп? Неге қазақ қазаққа жаны ашымайды? Неге қуанышқа қуана алмай қалдық?
Ұлттық "мәдени экспрессиялар" қайда жоғалды?
Қарапайым мысалдар:
- "Сүйінші" – қуанышты хабармен бөлісу.
- "Байғазы", "Көрімдік" – қуанышқа ортақ болу.
- "Бәсіре", "Той тойлау" – өмірлік кезеңдердің қуанышын бөлісу.
Осылар қайда кетті? Қазір қуанған адамға қызғанышпен, күмәнмен қарайтын болдық. Экзистенциалдық психологияда «қуанышты бөліссең — көбейеді» дейді. Ал біз қуанудың өзін ұмыттық.
Қазақтың ұлт ретінде сақталуы — өткен тарихпен ашық беттесіп, емделуінде.
Бізге рефлексия қажет. Қайдан келдік? Қандай жара қалдырдық? Қайда бағыт алып барамыз? Осы сұрақтарға жауап тапқанда ғана ұлт ретінде ұйып, ұрпақ ретінде адаспаймыз.
Материал Qaraqoz подкастына/ulysmedia.kz шыққан сұхбаттан үзінді

Нет комментариев.