Барлығы кінәлі. 16 жыл түрме жазасы. Таразда тоғыз қаңтаршыға сот үкімі шықты

Таразда Қанды Қаңтар оқиғасы бойынша істі болған тоғыз адамның сотында үкім оқылды.


28/04/2023
20:36 4736 0

 

28 сәуірде өткен сот отырысында судья Қадірбек Нұржан күдіктілердің барлығын кінәлі деп танып, Жақсылық Абдуллаевты 5 жылға, Нұрахан Махатов пен Айбол Сағынтайды 6 жылға, Ербол Жұмановты 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Қанат Нұраханұлы, Ермахан Сайлауов, Дәурен Нұрәлиев, Досмұхаммед Садықов, Саламат Қосановты рақымшылық заңын қолданып, сот залынан босатты. 

 

Судья үкімді оқып жатқан уақытта Ербол Жұманов соттың әділетсіз өткенін, сотты тыңдаудың қажеті жоғын айтып, «Тоқаев ешнәрсе өзгерткен жоқ» деп айқайлады. 

 

– Әділ бағасын беремін деген. Ақиқат осы ма? Тыңдамай ақ қойыңдар оны (судьяны – ред). «Әділ бағасын беремін, шындықты айтамын» деген. Қане шындығы? Барлығы комитеттен (Ұлттық қауіпсіздік комитетінен – ред) қорқады. Түкте өзгерткен жоқ Тоқаев. Соған сеніп жүрген біз ақымақпыз. 1986 жылы да (халық – ред) қырылды. Не үшін қырылды? Не үшін? Жалғыз өзім қырық адамды қырып кететін болсам бұлар ертең қалай отан қорғайды? Қалай қорықпайсыздар? Ертең сендердің де туыстарыңа осыны істейді. Бұлар бір-бірімен атысқандарын, резонанс болатын біліп тұр. Айта алмайды, – деді Жұманов сот залында. 

 

 

Ербол Жұмановты күзет қол-аяғынан басып ұстап, азаматтық киімдегі адам басу айтты. Бірақ ол қарсылығын тоқтатпады. 

 

– Түрмеде өлуім керек болса дайынмын. Тек мына бассыздық тоқтасын. Қинап жатыр, ұрып жатыр, қанша қабырғамды сындырды. Соның біреуін айтпай отырмыз... Бұларға қан керек. Бұл жолы бір-екі адам кетерміз. Келесі жолы бұлар қанша адамды соттайды. Тоқтамайды бұлар, – деді ол. 

 

Ербол Жұмановқа Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді деген айып тағылған.

 

Жұманов қарсылығын тоқтатпаған соң судья Қадірбек Нұржан сот үкімін түсіндіруді аяғына дейін жалғастырмай, сотты жабық деп жариялады. Процесс аяқталған соң сотталушылардың туыстары ұзақ уақытқа дейін далада кетпей тұрды. Кейбірі медициналық көмекке жүгінді. 

 

 

Бес жылға сотталған Жақсылық Абдуллаевтың әйелі Әсем Шамшаева сот үкімімен келіспейтінін айтты. Ол алдағы уақытта апелляциялық шығым түсіретінін жеткізді. 

 

– Күйеуім ешнәрсе ұйымдастырған жоқ. Апелляцияға беремін. Түбіне бәрібір жетемін. Бәрібір шығарып аламын. Жәй ғана митингке шыққаны үшін ұйымдастырушы деп бес жылға соттап жіберді. Басқа ешнәрсе айтпаймын,– деді жылап отырып Шамшаева.

 

 

 

7 сәуірде өткен сот отырысында айыптаушы прокурор Айбол Сағынтайды 7 жылға, Дәурен Нұрәлиевті 6 жылға, Ербол Жұмановты 20 жылға, Жақсылық Абдуллаевты 7 жылға, Нұрахан Махатовты 7 жылға, Қанат Нұраханұлын 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұраған. Ал Саламат Қосанов пен Досмұхамбет Садықовты 5 жылға, Ермахан Сайлауовты 6 жылға соттап, рақымшылық заңына сай сот залынан босатуды сұраған. 

 

Іс бойынша айыпталған тоғыз адам бұған дейін бір-бірін танымаған. Оларға «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «Қаруды, оқ-дәрілердi жымқыру», «Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық» және т б баптар бойынша айып тағылған. Сот барысында күдіктілердің кейбірі тағылған айыппен келіспесе, енді бірі ішінара келіскен. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

28/04/2023 20:36
4736 0

Уведомление