Бала асырап алайын деп едім. Не істесем болады?

masa.media нұсқаулығы


20/10/2021
14:40 12378 0

Осы мақаламызда Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттікпен бірге бала асырап алам дегендерге нұсқаулық жаздық.  

 

Қазақстанда бала асырап алудың төрт жолы бар: асырап алу, қамқор/қорған болу, патронат және қабылдаушы отбасы. Олардың бір-бірінен қандай айырмашылығы барын анықтайық. 

 


 

Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттіктің мәліметіне қарағанда қазір елімізде жетім балаларға арналған 132 ұйымда 5 378 бала тұрып жатыр.

 


Бала асырап алу деген не? 

 

Ерлі-зайып балалар үйінен бала асырап алып, ол бала отбасының толыққанды мүшесі болса, бұл бала асырап алу деп аталады. 

 

Бала асырап алғысы келетіндер тапсыратын құжаттар:

 

  • бала асырап алғым келеді деген өтініш;
  • жалпы табысы туралы анықтама;
  • отбасын құрған ба, жоқ па, сол туралы анықтама;
  • денсаулығы туралы анықтама;
  • бұрын сотталып көрмегені туралы анықтама;
  • психологиялық дайындықтан өткені туралы сертификат (2020 жылғы 1 шілдеден бастап психологиялық дайындықтан өту — міндет әрі тегін). 

Одан бөлек, олар бала таңдап, онымен танысып, кем дегенде екі апта бойы көрісіп тұруы қажет. Баланың жасы 10-нан асса, оның жеке қалауы ескеріледі. 

 

Ұйым баланы отбасына бере ме, жоқ па, оны сот шешеді.  


Бала асырап алудың ерекшеліктері

 

  • Ата-ана балаға жаңа аты-жөн беруге құқылы.
  • Бала асырап алған отбасына мемлекет көмектеспейді, ешқандай жәрдемақы төлемейді. Егер асырап алар алдында баланың туған ата-анасының зейнатақы жинағын, асыраушысынан айырылғанына байланысты не өзге де әлеуметтік төлем алу құқығы болса, оларды өзгеріссіз ала береді. 
  • Бұл процеске қатысушылардың бәрі бала асырап алуға қатысты ақпаратты құпия ұстауға тиіс. Бала асыранды екенін оны асырап ата-ана ғана айта алады. Егер мұны бөтен адамдар ата-анадан келісім алмай айтса, қылмыстық жауапқа тартылады — 200 АЕК-ке дейінгі (583 400 теңге) айыппұл төлейді. 
  • 18 жасқа толған соң бала мемлекеттен баспана ала алмайды.

 

Кім бала асырап ала алады?

 

  • сот іс-әрекет ете алмайды деп танығандар;
  • ата-ана құқығынан айырылғандар;
  • қамқоршы, асырап алушы міндетінен шеттетілгендер;
  • тұрақты тұратын баспанасы жоқтар;
  • хомосексуалдар;
  • үйленбеген ер адамдар;
  • жеткілікті кірісі жоқтар;
  • наркологиялық немесе жүйке-психиатриялық диспансер есебінде тұрғандар;
  • сотталғандардан басқа барлық ересек азамат асырай алады. 

Ресми некелеспегендер бірге бала асырап ала алмайды. 

 

Бала асырап алғым келсе, қайда баруым керек?

 

Бала асырап алудан үміткерлер әуелі психологиялық дайындықтан өтуі керек. Ол үшін асырап алушы ата-ана мектебіне барыңыз. Оны мемлекеттік балалар үйлері мен аккредитацияланған жеке ұйымдардан іздеңіз. Мектеп бітіргеннен кейін сертификат аласыз.

 

Содан соң Egov.kz электорон үкімет порталында бала асырап алудан үміткер ретінде тіркелесіз. Сөйтіп, Республикалық жетімдер деректері банкіне кіре аласыз. 

 

Баланы бүкіл елден, кез келген аймақтың базасынан онлайн іздеуге болады. Үміткер баланы тапқаннан кейін танысу кестесіне белгі қойып, кездеседі.

 

Толық ақпарат алу үшін бала асырап алу агенттігінің 1422 нөміріне хабарлассаңыз болады. Қазақстанда қоңырау шалу тегін.

 

Қорғаншы (қамқоршы) болу

 

Баланың туған ата-анасы тірі, құқығынан айырылмаған болуы мүмкін. Бірақ олардың бала тәрбиелеу мүмкіндігі болмаса, балаға туыстары, ата-анасының достары немесе басқа адамдар қорған не қамқор бола алады. 

 

Қорғаншы/қамқоршы болудың ерекшелігі

 

  • Бала аты-жөнін өзгертпейді.
  • Қорған/қамқор болатындарға қойылған талаптар асырап алушылардікіне қарағанда жеңілдеу. 
  • Баланы қорғаншылық не қамқоршылыққа берерде оның туыстары мен басқа да жақындарына артықшылық беріледі. 
  • Тіркеу процесі бала асырап алу процесіне қарағанда тезірек бітеді, себебі шешім шығаратын сот емес, қорғаншылық/қамқоршылық органы. 
  • Мемлекет баланың күтіміне ай сайын жәрдемақы төлейді (10 АЕК, 2021 жылы 29 170 теңге), оқу орнында ас, демалыс лагері мен шипажайға баруға жолдама береді. 
  • Органдар жүйелі түрде тексеріс жүргізеді.
  • Мемлекет баспанасы жоқ 18-ге толған балаға пәтер береді.
  • Балаға қорған/қамқор болу туралы ақпарат құпия емес, бала туған ата-ана не туыстарымен араласа алады. 

 

Патронат

 

Отбасы не азамат қорғаншылық органдарымен келісіп, баланы тәрбиелеймін деп, оның патронат-тәрбиешісі болады. Патронат-тәрбиешілер деген — жоғары педагогикалық білімі бар адамдар. Олар ай сайын жалақы алады. 

 

Оның көлемі білім беру саласындағы тәрбиешілердің лауазымына қарай алатын жалақысына байланысты. Тәрбиешінің еңбек өтілі мен санаты да ескеріледі. Орташа алғанда жалақы көлемі — 40–75 мың теңге. 

 

Патронат-тәрибешілер кейін балаға қорған/қамқор бола не асырап ала алады.  

 

Патронаттың ерекшеліктері

 

  • Баланың аты-жөні өзгермейді. 
  • Бір отбасынан шықпаған, үштен көп балаға патронат болуға болмайды. 
  • Баланы патронат-тәрбиеге беру мерзімі келісім шартта көрсетіледі. Келісімшарттың мерзімі — бір жыл. Кейін ұзартылуы мүмкін. 
  • Мемлекет ай сайын баланы асырауға жәрдемақы төлейді, оқу орнында тамақ береді, лагерьлер мен шипажайларға жолдама береді.
  • Қорғаншылық және қамқоршылық органдары патронат-тәрбиешілерді жүйелі түрде тексеріп отырады. 
  • Баспанасы жоқ 18-ге толған балаға мемлекет пәтер береді.
  • Бала туыстарымен араласады, шарттар келісімде көрсетіледі.

 

Бала қабылдайтын отбасы

 

Кем дегенде төрт, көп дегенде он бала тәрбиелейтін отбасын бала қабылдайтын отбасы дейді. 

 

Қорғаншылық/қамқоршылық органы, жетім балаларға арналған мекеме мен қабылдайтын ата-ана арнайы келісім жасайды. Бала қабылдаған ата-ананың жалақысы білім саласында істеп жүргеніне бір жыл болмаған, білігі орташа мамандардың жалақысымен бірдей болады.  

 

Бала мен оны қабылдайтын ата-ана туыс бола, мысалы, бала өзін қабылдаған адамдардың мұрагері бола алмайды. 

 

Бала қабылдайтын отбасының ерекшеліктері

 

  • Асыранды бола алмайтын және көпбалалы отбасынан шыққан балалар қабылдайтын отбасында өмір сүре алады. 
  • Баланың аты-жөні өзгермейді.
  • Баланы қабылдайтын отбасына беру мерзімі келісім шартта көрсетіледі. Келісімшарттың мерзімі — бір жыл. Кейін ұзартылуы мүмкін. 
  • Мемлекет ай сайын баланы асырауға жәрдемақы төлейді, оқу орнында тамақ, лагерьлер мен шипажайларға жолдама береді.
  • Қорғаншылық/қамқоршылық органдары қабылдайтын отбасын жүйелі түрде тексереді.
  • Баспанасы жоқ 18-ге толған балаға мемлекет пәтер береді.
  • Бала туыстарымен араласа алады, шарттар келісімде көрсетіледі. 

 

Қонақ қылатын отбасы

 

Баланы уақытша, мысалы, демалыс, мереке күндері қонақ қылатын отбасы. Олар бір уақытта бірнеше балаға бас-көз бола алады. Мұнысы үшін жәрдемақы немесе жалақы алмайды.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

20/10/2021 14:40
12378 0

Уведомление