Қазақстанның «қара тізімі»: СІМ «сүйкімсіз» деп таныған адамдар кімдер?

«Персона нон-грата тізімі» – саяси қысым жасау құралы. Қазақстанда ол қалай жұмыс істеуде?


22/01/2024
17:33 9828 0

 

Бүгін, 22 қаңтарда сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров «Қазақстанда орыс тілінің ауқымы тарылып, қысым жасалып жатыр» деген ресейлік журналист Тина Канделакидің ел аумағына кіре алмайтынын айтты. Ол «Мемлекет ондайды кешірмейді» деп мәлімдеді. 

 

Әлемдік практикада мемлекеттің саяси ұстанымына көзқарасы қайшы шетел азаматын «қара тізімге» (персона нон-грата атау) енгізу тәсілі бар. Ол бойынша «саяси сүйкімсіз» деп танылған азамат мемлекет аумағына кіргізілмейді. Бұндай тізім Қазақстанда да бар. Бірақ оған кімдердің енгені, қанша адам «персона нон-грата» деп танылғаны белгісіз. 

 

Былтыр сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан туралы жағымсыз пікір айтқан адамдардың «қара тізімі» бар екенін мәлімдеген. Кейіннен Қазақстанға қарата қоқан-лоқы сипатында мәлімдеме жасаған Ресей пропагандисі Тегран Кеосаянның осы тізімге қосылғаны хабарланған. Ол Қазақстан 9-мамырда жеңіс парадын өткізуден бас тартқанда «Украинаның басына туған күн Қазақстанға да келуі мүмкін» деп мәлімдеген.

 

Қазақстанның территориялық тұтастығына қол сұғатын мәлімдеме жасаған Ресей мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулин де осы тізімге кірген. Бірақ ол 2023 жылы Қазақстанға келіп, бастапқыда төлқұжат бақылауынан өте алмай, кейіннен Ресей сыртқы істер министрлігінің араласуымен шекарадан өткен. Затулин 2022 жылы маусымда «Олар (Қазақстан) орыстар көп тұратын аймақтардың Қазақстан деп аталатын елге қатысы аз екенін білулері керек» деп мәлімдеген. Бұған қоса, ол «Қазақстан тайғанақ жолға түсті, бұл Ресей тарапынан ескерусіз қалмайды» деген. 

 

«Саяси сүйкімсіз» деп танылған Константин Затулиннің ел аумағына Ресей СІМ көмегімен кіргеніне Қазақстан СІМ ешқандай түсініктеме бермеді. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров «бұл мәселе министрліктің құзырына жатпайды» деп қысқа қайырған. 

 

Осы оқиғадан кейін ел арасында «саяси сүйкімсіздер қара тізімінің» жұмысына деген күдік ұлғайған. Тәуелсіз сарапшылар «Қазақстанның «персона нон-грата тізімі» Ресей мен Қытайдың қас-қабағына қарай жұмыс істейді» деген болжамдар айтқан. 

 

Бірақ Қазақстанның шетел азаматын ел аумағына кіргізбей қойған кезі де болған. 2021 жылы қыркүйекте АҚШ азаматы Евгений Бунин Қазақстан аумағына кіре алмаған. Кеден қызметі оны Қырғызстанға депортациялап, ел аумағына кіруге бес жылға тыйым салған. Бірақ ол мемлекетке тіл тигізіп, аумақтық тұтастығына қол сұқпаған. Бунин Қытайдың Шыңжаң аумағында қуғын-сүргінге ұшыраған аз ұлттардың дерегін жинаумен айналысқан. Ол депортацияға дейін Қытайда қуған көрген қазақтардың мәселесімен айналысатын «Атажұрт еріктілері» қоғамдық ұйымына көмектескен. 

 

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Евгений Бунинді Қазақстан аумағына кіргізбеу туралы шешім жариялауға жатпайтын ақпарат екенін мәлімдеген. 

 

2019 жылы ақпанда Қазақстанға Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясы атынан келген құқық қорғаушылар (Украина азаматтары) Людмила Волошина мен Валерий Явтушенко Киевке депортацияланған. Билік «Волошина мен Явтушенконың үстінен сапарға қатысы жоқ іспен айналысқаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жіберілген себепті елден шығарылғанын» мәлімдеген. 

 

 

 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

22/01/2024 17:33
9828 0

Уведомление