Қазақстанда әйелдер жұмыс істейтін полиция бөлімшелері ашылады


04/12/2023
14:21 11459 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Қазақстанда әйелдер жұмыс істейтін полиция бөлімшелері ашылады. Бұл жөнінде парламент мәжілісінің спикері Ерлан Қоршанов мәлімдеді. 

 

– Кейде әйелді әйел ғана түсінеді. Сондықтан біз әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеуге әйел тергеушілерді қостық, – деді ол.

 

Әйелдер жұмыс істейтін полиция бөлімшелері алғаш рет қазан айында Қарағандыда ашылған. Онда әйелдер заңгер, психолог және жеке сот орындаушысынан тегін кеңес ала алады.

 

Астанадағы ресторандардың бірінде 9 қарашада бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова ауыр соққыдан қаза тапқаны жөнінде ақпарат тараған. 11 қарашада Бишімбаев сот шешімімен күдікті деп танылып, екі айға қамауға алынған.

Бұл оқиға қоғам наразылығын туғызып, белсенділер мен азаматтық қоғам өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылық жөніндегі заңды қатайтуды талап етіп, петиция жариялаған. Оған 150 мыңнан астам адам қол қойған. 15 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігіне Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істі «ерекше бақылауда ұстауға» тапсырма берген. 

2017 жылғы шілдеде «Ұрып-соғу» және «Денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру» баптары Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылған.

Поделиться

Нет комментариев.

04/12/2023 14:21
11459 0

Уведомление