Қазақстанда түрлі конспирология туғызған 5 атышулы оқиға

«Арқанкерген», Арыс және кейінгі 10 жылда халықты күмәндандырған басқа да оқиғалар


15/10/2020
10:44 8116 0


 

Ел өміріндегі кез келген оқиғаның ресми нұсқасы мен халық аузындағы нұсқасы болады. Халық айтатын нұсқа жалған да, тарихи себеппен жабулы күйінде қалған ақиқат та болуы ықтимал. Біз Қазақстан азаматтары ресми себебіне көп күмән келтірген айтулы оқиғалардың бірқатарына шолу жасадық. 

 

«Конспирология» сөзі екі мағынада қолданылады: біріншісі — қоғамдық маңызды оқиғалар мен тарихи құбылыстар әлдебір топтың алдын ала ойластырған қастандығының салдары деп білетін теория, екіншісі — белгілі бір оқиғаның ресми себеп-салдары мен мән-жайына балама ретінде айтылатын негізді-негізсіз тұжырым. Материалымызда конспирология деп осы екінші ұғымды айтып отырмыз. 

 

ТАРАЗДАҒЫ ТЕРРОРИЗМ АКТІ

 

2011 жылдың 12 қарашасында Мақсат Қариев есімді азамат Таразда терроризм актін ұйымдастырды. Радикал діни ағымды ұстанушы азамат әуелі сағат 11:00-де Жамбыл облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментінің өзін сырттай бақылап жүрген екі қызметкерін атып өлтірді. Одан кейін қала тұрғындарының бірін қарумен қорқытып, байлап, көлігін тартып әкетеді. Бұдан соң қару-жарақ дүкенінің күзет қызметкерін атып тастап, ол жерден екі карабин мен оқ-дәрі алады да, тағы біреуді қорқытып, көлігін мініп кетеді. Жолда мамандандырылған күзеттің тағы екі қызметкерін жайратып салады. Үйінен гранатомет алып, облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментінің ғимаратына, атты патруль қызметкерлеріне оқ атады. Сағат 13:00-де Қариевті жол полициясы батальоны мамандары ұстады. Сол кезде ол бір полицейді ауыр жаралап, өзін өзі жарып жіберді. Лаңкесті ұстап тұрған полиция капитаны Ғазиз Байтасов қаза тапты. Қариев барлығы жеті адамды өлтіріп, үш адамды жарақаттады. Қайтыс болғандардың бесеуі — полицей. Террористің мақсаты да құқық қорғау қызметкерлерін өлтіру болған, оның «Халифат солдаттары» халықаралық терроризм ұйымына қатысы бар екені анықталды. Бас прокуратура осыдан кейін ел аумағында бұл ұйымның қызметіне тыйым салды. Тараз қырғынынан соң террористің алты сыбайласы ұсталды. 

 

Конспирологтар нұсқасы:

  • 2011 жылдың қазанында Ресей, Беларусь пен Қазақстанның Кеден одағына Қырғызстан қосылып, келешекте Еуразия экономика одағы құрылатыны жарияланғаннан кейін Батыс елдерінің осы елдерге наразылығы күшейді, АҚШ сияқты елдер басқаруы мүмкін ислам экстремистер қозғалысы оларға жиһад жариялады;
  • Осы жылы Маңғыстау облысында мұнай-газ компаниялары жұмысшыларының наразылығы күшейіп жатты, билік көпке дейін жұмысшылар талабына назар аудармағанымен көтерілістерді басу үшін террорды қолданды.

 

«АРҚАНКЕРГЕН» БЕКЕТІНДЕГІ ШЕКАРАШЫЛАР ӨЛІМІ

 

2012 жылдың 30 мамырында Алматы облысындағы «Арқанкерген» шекара бекетінің ғимараты өртенгені белгілі болды. Бұл — Қазақстан-Қытай шекарасындағы 3 шақырым биікте, таудың жолсыз жотасында орналасқан уақытша бекет. Шекарашылар жазда бұл жерде дәрілік өсімдік теру үшін шекара асып келетіндердің әрекетіне тосқауыл қою үшін жұмыс істейді. 10 мамырда «Арқанкергенге» бір офицер, келісімшарт бойынша қызмет ететін үш әскери мен мерзімді әскери қызметтің 11 сарбазы келген. 

 

Бекет өртенгені туралы хабар түсісімен алдын ала тергеу басталды. Бір апта ішінде маңнан 14 шекарашы мен бір орманшы мәйітінің қалдығы табылды. 4 маусымда Қазақстанда алғаш рет аза тұту күні жарияланды. Дәл сол күні шекара бекетінде болған сарбаз Владислав Челах ұсталды. Ол әуелі 15 адамды өлтіріп, кейін казарманы өртегенін мойындады, бірақ кейін сотта сөзінен бас тартты. Оның айтуынша, бекетке сырттан шабуыл жасалды, бірақ басшылар бар кінәні мойынға алуға мәжбүрлеген. Тергеу бұл нұсқаны жоққа шығарып, Челахты «екі және одан көп адамды өлтірді», «біреудің мүлкін ұрлады», «құпия құжаттарды ұрлады», «қару-жарақ жымқырды», «қаруды заңсыз ұстады», «әскери мүлікке зақым келтірді», «әскери қызметтен қашты» және «бөтен адамның үй-жайына заңсыз кірді» деп айыптады. 11 желтоқсанда сот оны кінәлі деп тауып, өмір бойы бас бостандығынан айырды, жәбірленушілерге миллиондаған теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді. Жоғарғы сот Челахтың шағымын қанағаттандырмады. Қазір ол Жітіқарадағы УК 161/3 түрмесінде жаза өтеп жатыр. 

 

«Арқанкергендегі» қырғын туралы хабар тарағаннан-ақ ел ішінде түрлі қауесет айтылды. Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде оқиғаның ресми нұсқасына күмән келтіретін пікір көп болды. 

 

Конспирологтар нұсқасы:

  • Қазақстан сайттарында «шекараға Қытай тарапынан шабуыл жасалды» деген ақпарат тарады, біреулер оқиғаны президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапарымен байланыстырса, енді біреулер кінәні көрші елдің бандиттерінен көрді, мұндай нұсқаны Челах та айтқан еді;
  • Халық арасында «шекара арқылы есірткі тасымалдаушылар өтеді, каналды жоғары лауазымды шенеунік бақылайды, сол себепті билік шындықты айтпай отыр» деген пікір тарады;
  • Guljan.org сайты бұл оқиғаны «күш құрылымдарындағы ықпалды генерал басқаратын радикал діни топтың тергеушілермен қақтығысының салдары болуы мүмкін» деп жазды. Сайт әлгі генералды «мемлекет басшысының туысқаны» деп те атады;
  • Саясаткер, қоғам қайраткері Уәлихан Қайсаров шекарашылар «аңға шыққан жоғары лауазымды адамдармен қақтығысып, оққа ұшуы мүмкін, оқиғаны жасыру үшін бар кінә аман қалған Челахқа артылды« деп топшылады;
  • Саясаткер, бизнесмен Болат Әбілов «бұған қандай да бір адамдар тобының қатысы болуы мүмкін, ұйғыр сепаратистерінің арандатуы болуы да ғажап емес» деген пікір айтты;
  • Экстрасенс Бақыт Жұматова «қанды қолдар сырттан келмегенін, шекарашылар мен орманшыны жергілікті террористер өлтіргенін» сезетінін айтты, Назарбаев та ең әуелі оқиғаны теракт деп атаған еді;
  • Kursiv.kz белгісіз ақпарат көзіне сүйеніп, «шекарашылар о баста ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі шенеуніктердің бірінің шаруашылығын күзетумен айналысқан, олар сала басшыларының жерге таласы кезінде қаза тапты» деген хабар таратты, кейін материал сайттан өшірілді;
  • Ұрыс әрекеттері мен «ҚазБат» бітімгершілік операциялары ардагерлері одағының төрағасы Асқар Шымпеев «шекарашылар контрабанда қожайындары қолынан өлуі мүмкін, себебі олар сол қарсаңда заңсыз тауардың ірі партиясының жолын кескен» деп мәлімдеді;
  • Владислав Челахқа үкім шыққаннан екі аптадан соң Шымкентте Шекара қызметінің басшылары мінген ұшақ апатқа ұшырап, 27 адам опат болды. Бір жылдан соң Шекара академиясының басшысы Талғат Есетов, тағы бір жылдан соң Шонжы шекара заставасы басшысының орынбасары Мұрат Қадыралинов жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Ел ішінде «билік «Арқанкерген» шындығын білетіндердің бәрін жойды» деген қауесет тарады;
  • Азаматтар Владислав Челах ісін қайта қарауды сұрап, петиция бастады. Көпшілік «жас жігіт 15 адамды бірден өлтіре алмайды» деген пікірде.

Владислав Челах тергеу кезінде. Шұғыл түсірілім кадры

 

ШЫМКЕНТ МАҢЫНДА АН-72 ҰШАҒЫНЫҢ АПАТҚА ҰШЫРАУЫ

 

2012 жылдың 25 желтоқсанында сағат 18:55-те Шымкент әуежайынан 20 шақырымда Шекара қызметінің әскери ұшағы апатқа ұшырады. Борттағы 27 адам түгел опат болды. Оның жетеуі — экипаж мүшесі, 19-ы — Шекара қызметінің лауазымды тұлғасы. Ұшақта ведомство басшысының міндетін уатықша атқарушы Тұрғанбек Стамбеков пен оның әйелі де болды. 

 

Шекара қызметінің басшылары Астанадан Шымкентке «Оңтүстік» өңірлік басқармасының 2012 жылғы жұмысын қорытындылауға арналған әскери кеңеске келе жатқан. Бұл күні Шымкентте қар аралас жаңбыр жауып, тұман басып тұрды. 

 

22 қаңтарда Бас прокуратура оқиғаға «радиобиіктікөлшегіш пен автопилоттың істен шығуы», «экипаждың авиадиспетчердің нұсқауын орындамауы», «ұшаққа мұз қатуы», «ұшақты экипаж командирі көмекшісінің басқаруы», «экипаждың жерге жақындағанды ерте хабарлайтын жүйені қоспауы» сияқты бірнеше фактор себеп болғанын хабарлады. 

 

Бұл оқиғадан соң да ресми ақпараттан гөрі күдікке толы қауесет көп тарады.

 

Конспирологтар нұсқасы:

  • Негізгі конспирология әуе апатының «Арқанкергендегі» қырғынға қатысы туралы. Бұған кәміл сенетіндер апат «қазақ-қытай шекарасында болған қанды оқиғаның шындығын жасыру үшін әдейі ұйымдастырылды» деп есептейді. Олардың пікірінше, ұшаққа бір ведомствоның офицерлер тобының түгел отыруы осыны айғақтайды;
  • Владислав Челахқа қатысты үкім шыққаннан кейін оның анасы Светлана Ващенко сот залында прокурорларға «дуа оқылған» көкнәрді шашып жіберіп, «балама жала жапқандар тірілей шірісін» деген қарғыс айтты. Шымкенттегі әуе апаты, Шекара академиясының басшысы Талғат Есетовтің атылып өлуі және осы сала мамандары ұшыраған басқа да келеңсіз оқиғалар Ващенконың қарғысы деп сенетіндер бар. 

 

АҚТӨБЕДЕ 2016 ЖЫЛЫ БОЛҒАН ТЕРРОРИЗМ АКТІ

 

5 маусымда 25 адамнан тұратын топ қаладағы «Паллада», «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне және № 6655 әскери бөліміне шабуыл жасады. Алғашқы дүкенде күзет қызметкерлері мен полиция жасағына оқ атып, 17 дана атыс қаруын алып кеткеннен кейін алтауы «Пантера» дүкенін тонаса, қалғаны кепілге алған жолаушылар автобусымен әскери бөлімге басып кірді. Екі дүкендегі атыс кезінде төрт адам — күзетші, сатушы мен екі қарапайым тұрғын, әскери бөлімдегі қарулы қақтығыста үш әскери мен 18 содыр қаза тапты. Полиция көп ұзамай төрт шабуылшыны ұстады, бой тасалаған үш адам мен олардың тағы сегіз сыбайласын қолға түсіруге бір апта кетті. Кейін күдіктілердің бәрі сотталды. ҚР Сыртқы істер министрлігі террористер ДАИШ өкілдерінің нұсқауымен әрекет еткенін хабарлады. Теракт жасауға қатысқандар өмір бойы бас бостандығынан айырылды, олардың екі сыбайласы 20 және 22 жылға сотталды. Екі әскериге теракт кезінде қызметтестеріне көмектеспегені үшін 3 және 4 жыл түрмеде отыру жазасы берілді. 

 

Конспирологтар нұсқасы:

  • Осы жылдың көктемінде Қазақстанда Жер кодексіне енгізілген жаңа түзетулерге қарсы жаппай ереуіл басталды. Синофобия араласқан наразылық Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі ең ірі толқу болды. Елдің әр өңіріне жайылған қарсылықты тоқтатып, жұрт назарын басқаға аудару үшін билік Ақтөбеде террорлық әрекетті қолдан ұйымдастырды;
  • Террорды Қазақстандағы ахуалды тұрақсыздандыру үшін және «Назарбаев диктатурасын құлату» үшін әлдебір топтар сыртқы күштердің қолдауымен ұйымдастырды.

 

АРЫСТАҒЫ ЖАРЫЛЫС

 

2019 жылдың 24 маусымында Арыстағы әскери қару-жарақ пен оқ-дәрі сақталатын қоймалардың бірінде жарылыс болды. Жойқын соққы іргелес салынған тұрғын үйлерді зақымдады. Жарылыс естіліп, аспанға қою түтін көтерілісімен жергілікті халық бас сауғалауға мәжбүр болды. Екі әскери қызметші мен бір тұрғын қайтыс болды, эвакуация кезінде көлік қағып кеткен бір бала кейін ауруханада жан тапсырды. Дәрігерлерге 400-ге жуық адам қаралды. Жүздеген тұрғынның баспанасына нұқсан келді. 

 

Бұл оқиға бойынша Шымкент гарнизонының әскери сотында 16 адам айыпталушы ретінде жауап беріп жатыр. Біреуі — қала тұрғыны, қалғаны — қорғаныс саласының қызметкері. Жарылыстан соң президенттің тапсырмасымен қала жарты жылда түгел қалпына келтірілді. 

 

Әлеуметтік желілерде тараған видеоның скриншоты

 

Конспирологтар нұсқасы:

  • Жарылысты әлеуметтік желілердегі жұрт ә дегеннен «қасақана жасалған қылмыс» деп атады. Мұндай нұсқаны тергеу басталарда қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев та жоққа шығармаған еді. «Шенеуніктер мемлекет меншігіндегі қару-жарақ пен оқ-дәрі ұрланғанын білдірмеу үшін қойманы өртеп жіберуі мүмкін» деген пікір де айтылды
  • «Арыста қаза тапқандар саны ресми нұсқадан да көп» деген ақпарат тарады, тұрғындар мұны Шымкенттегі наразылық кезінде де айтты;
  • «Бәсе» деп аталатын YouTube-канал комментаторлары «Арыстағы жарылысты билік митиңдерді болдырмау үшін қолдан ұйымдастырды» деп жазды. Арыстағы төтенше оқиға Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланғаннан тура екі апта өткенде болды, сайлау қорытындысы 10 маусым күні — дүйсенбіде жарияланды, жарылыс 24 маусымда — дүйсенбіде болды. Сайлау нәтижесі мен кандидат Әміржан Қосановтың әрекеті оған дауыс берген көпшіліктің ашу-ызасын туғызды.

 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

15/10/2020 10:44
8116 0

Уведомление