Қазақстан Қытаймен азаматтар жайлы мәлімет алмасу туралы келісімді ратификациялады

Келісім көші-қон саласында ақпарат алмасуды көздейді


21/09/2023
15:03 14704 0

Фото: Ақорда

 

Парламент мәжілісі Қазақстан мен Қытай арасындағы азаматтар жайлы мәлімет алмасу туралы келісімді ратификациялады. 

 

20 қыркүйекте мәжіліс екі ел арасындағы азаматтардың мәліметтерін алмасу туралы келісімді ратификациялады. 

 

Бұл келісім екі тараптың азаматтарына қатысты көші-қон саласында ақпарат алмасуды көздейді. Мәселен, елге кіріп-шыққандар, елге кіру мен онда болу ережесін бұзғандар және азаматтық алғандар туралы мәліметтермен алмасу мүмкіндігі пайда болады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл келісімге биыл 17 мамырда Қытайға барғанда қол қойған.

– Бұл ақпарат елдерге қос азаматтықпен күресу және заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу үшін қажет. Келісім егемендікке, қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда және заңға қайшы келген сұрауларды орындаудан бас тартуды көздейтінін ескертемін. Қазірге дейін бес мемлекетпен (Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) осыған ұқсас екіжақты келісімдер жасалды, – деді заң жобасын мәжілісте таныстырған Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

Құжат парламенттің жоғарғы палатасы – сенатқа түсті. Сенат мақұлдаса, президентке қол қоюға жіберіледі.

Биыл мамырда Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей президенттері ел азаматтарына қатысты ақпараттар алмасу туралы келісімге қол қойған.

 

Поделиться

Нет комментариев.

21/09/2023 15:03
14704 0

Уведомление