Қазақстан «Роскосмостың» Байқоңырдағы мүлкін бұғаттады

Тергеу аяқталғанша «Роскосмос» жетекшілері елден кете алмайды


14/03/2023
14:40 20008 0

Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстан Ресей ғарыш айлақтарының бас операторы «Жердегі ғарыш инфрақұрылымын пайдалану орталығының» мүлкін бұғаттады. Бұл жөнінде The Moscow Times басылымының орыс қызметі хабарлады. 

Басылым мәліметінше, «Роскосмос» мүлкінің бұғатталуына Ресей операторының «Бәйтерек» компаниясына (Қазақстан мен Ресейдің бірлескен компаниясы) 13,5 млрд теңге берешегі себеп болған. Бұл қарыз «Союз-5»зымыран тасығышының қоршаған ортаға әсерін бағалау жұмыстарына байланысты пайда болған.

Қазақстан сот орындаушылары Ресей операторының Қазақстаннан материалдық құнды заттарды алып шығуына және оператор жетекшілерінің тергеу аяқталғанша республикадан кетуіне тыйым салған.

Ғарышты игеру бағдарламасын бірге жүзеге асыру үшін 2005 жылы Қазақстан мен Ресей бірлесіп, «Бәйтерек» кәсіпорнын құрған. Бағдарламада улы гептилмен ұшатын «Протон» зымыран тасығышының орнына экологиялық тұрғыдан залалсыз зымыран тасығыш пайдалануға көшу көзделген. Жаңа старт алаңын салу жоспарланғанымен, ол кейінге қалды.

Жергілікті БАҚ Қазақстанның қатаң талапқа көшкені «Роскосмостың» жаңа басшысы Юрий Борисовтың Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді сынағанына қатысы бар болуы мүмкін деп болжайды. Борисов оны «Қазақстан старт алаңының құрылысын жарты жылға кейінге қалдырды» деп сынаған. Мусин Борисовтың сынын «дипломатиялық қате» деп атаған.

 

Поделиться

Нет комментариев.

14/03/2023 14:40
20008 0

Уведомление