Қазақстан қарақалпақстандық белсендіге босқын мәртебесін беруден бас тартты


28/11/2023
17:34 11527 0

Фото: Азаттық радиосы

 

Азаттық радиосының мәліметінше, Қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашеваға Қазақстан босқын мәртебесін беруден бас тартқан. 

 

– Мені қудаламағанда, тыныш өмір сүруге мүмкіндік бергенде өз елімнен ешқашан кетпес едім. Азаптау мен зорлық-зомбылық салдарынан Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрауға мәжбүр болдым. Бүгін маған босқын мәртебесін беруден бас тартты,  дейді Юлдашева. 

 

Қазір ол Қазақстан билігінен өзін Өзбекстанға депортацияламауды, үшкінші елге шығып кетуіне мүмкіндік беруді сұрайды. 

 

Қарақалпақ диаспорасының өкілі Ақылбек Мұратбай Қазақстанның Тілеубике Юлдашеваға ғана емес, өзге де белсенділерге босқын мәртебесін беруден бас тартқанын айтады. 

 

– Өзбекстан экстрадициялауды сұрап отырған қарақалпақ диаспорасының бес өкілінің бесеуіне де босқын мәртебесін беруден бас тартылды. Олардың барлығына үшінші елден пана керек, – деп жазды ол Х желісінде. 

 

Бұған дейін Қазақстанда қарақалпақстандық бес белсенді – Қошқарбай Төремұратов, Жангелді Жақсымбетов, Райса Құдайбергенова, Зиуар Мирмамбетова және Тілеубике Юлдашева ұсталған болатын. Олар Өзбекстан Республикасының конституциялық құрылымына қауіп төндіру бабы бойынша күдікке ілінген. Дәл осы айып бойынша Маңғыстау облысы бойынша «Аллаяр жолы» қарақалпақ этномәдени бірлестігі төрағасы, Қазақстан Халық Ассамблеясының мүшесі Ниетбай Оразбаевқа халықаралық іздеу жарияланған. 

 

2022 жылы желтоқсанда Тілеубике Юлдашеваға Қазақстанда босқын мәртебесін іздеуші куәлігі берілген. Шілдеде Қошқарбай Төремұратов пен Жангелді Жақсымбетовқа босқын мәртебесін беруден бас тартылған. 

 

2022 жылы 1 шілдеде Өзбекстан Конституциясына өзгерістер енгізіледі дегеннен кейін Қарақалпақстанда халықтық толқулар болып, ол күшпен басылған. Жаңа Конституцияға президент Шавкат Мирзиеевтің осыған дейінгі мерзімі қысқартылумен қатар, Қарақалпақстанды тәуелсіздік статусынан айыру туралы өзгеріс енгізілген. Қарсылықтан кейін Мирзиеев Қарақалпақстанға қатысты өзгерісті алып тастаған. 

 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

28/11/2023 17:34
11527 0

Уведомление