Қазақстан аккредитация алмаған шетелдік БАҚ пен журналистерге елде жұмыс істеуге тыйым салмақ

Осы уақытқа дейін Азаттық радиосының 36 тілшісіне аккредитация берілмеген


26/01/2024
17:11 9402 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Жаңа БАҚ туралы заңға шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен олардың журналистерін аккредиттеу ережелеріне қатысты түзетулер енгізілмек. Депутаттар ұсынған өзгерістер сыртқы істер министрлігіне «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда» шетелдік БАҚ өкілдіктері мен олардың журналистерін аккредиттеуден бас тарту құқығын береді. 

 

Сондай-ақ ұсынылып отырған өзгерістер тиісті аккредитациясыз шетелдік БАҚ пен олардың журналистеріне Қазақстан аумағында жұмыс істеуіне тыйым салады. 

 

Сонымен қатар, түзетулер шетелдік БАҚ қызметін сот шешімінсіз тоқтатуға мүмкіндік береді. 

 

– Қолданыстағы заңнаманың нормалары бұзылған жағдайда шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін тоқтата тұру Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады, – делінген салыстырмалы кестеде.

 

25 қаңтарда жұмыс тобына мүше депутаттар заңға енгізілетін өзгерістерді бір ауыздан қолдап дауыс берген. Шетелдік БАҚ-қа аккредитация беруге қатысты талқы бірнеше минутқа ғана созылып, онлайн өткен. Шетелдік БАҚ өкілдері талқылауға шақырылмаған. Жұмыс тобына депутаттардан бөлек, министрлік, ҮЕҰ және ғылым саласының өкілдері кіреді. 

 

26 қаңтарда өткен онлайн-брифингте «Құқықтық медиа орталық» өкілі Гүлмира Біржанова өзгерістерді осы күйінде енгізуге жол бермеу қажеттігін айтты. 

 

– Біз заңға енгізілетін өзгеріс жеке-жеке, таңдау арқылы қолданылады деп есептейміз,– деді ол. Медиа заңгерлердің сөзінше, олар түзетулер туралы бір күн бұрын ғана естіген. 

 

Медиа заңгерлер мен құқық қорғаушылар қазақстандық БАҚ пен журналистерді заңға енгізіліп жатқан түзетулер бойынша пікірталастарға белсенді қатысуға және оларға ақпараттық қолдау көрсетуге шақырды. 

 

Медиа заңгерлер сондай-ақ, егер түзетулер осы күйінде қабылданатын болса, онда Қазақстан президентіне вето құқығын пайдалану туралы өтініш беретіндерін айтты. 

 

2023 жылы 1 желтоқсанда парламент мәжілісі даулы «Масс-медиа туралы заңды» бірінші оқылымда мақұлдаған. Тәуелсіз журналистер мен құқық қорғаушылар бұл заң сөз бостандығын шектеп, БАҚ өкілдеріне бақылауды күшейтеді деп сынаған. 

 

Осы уақытқа дейін Азаттық радиосының 36 тілшісіне аккредитация берілмеген (кейбірінікі ұзартылмаған). Заң бойынша сыртқы істер министрлігі аккредитация беру жөнінде өтініш түскеннен кейін екі айдың ішінде жауап беруі тиіс. Егер аккредитация беруден бас тартатын болса, оның себебін түсіндіруі тиіс. Қаңтар айында СІМ Азаттық радиосы тілшілеріне аккредитация бермейтінін мәлімдеген. Басылым мәселені сот арқылы шешпек. 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

26/01/2024 17:11
9402 0

Уведомление