«Азаптаушы» полицейлер ісі: Судья журналистерді залдан шығарып жіберді

Бұның барлығын өшіріп тастап, залдан шығарып жіберсе де болады


23/12/2022
18:53 5100 0

 

Талдықорғанда Қанды Қаңтарда ұсталғандарды азаптады деп айыпталған бес полицейдің соты жалғасуда. Бүгінгі сот процесінде судья Бекмұрат Дүйсенбеков күдіктілер мен олардың адвокаттарының өтініші бойынша журналистерді залдан шығарып жіберді. 

 

Қаңтарда ұсталғандарға үтік басып, азаптады деген күдікке іліккен Айдын Кенжебаевтың адвокаты Руслан Есейбеков судья Бекмұрат Дүйсенбековтен айыпталушылардан жауап алуға көшпес бұрын журналистерге процесті фото-видеоға түсіруге тыйым салып, залдан шығарып жіберуді сұрады. 

 

– Құрметті сот! Біз сотталушыларды сұрамас бұрын, бейне-аудио жазба жазуға қарсымыз. Себебі бұның барлығы интернетте жүр. Мен бұны алдында да айтқанмын. Сондықтан бұның барлығын өшіріп тастап, залдан шығарып жіберсе де болады, – деді Есейбеков. 

 

Адвокаттың бұл өтінішін өзге қорғаушылар да қолдап, бұл сотталушылардың құқығы екенін айтты. Прокурор Ерлан Қыдырбаев өтінішті соттың қарауына қалдырды. Судья Бекмұрат Дүйсенбеков айыпталушы тараптың өтінішін қанағаттандырып, БАҚ өкілдерін сот залынан шығарды. 

 

Процесс алында сотталушы Алмас Боқанов пен Жанбақыт Нұртаза The Qazaq Times порталының журналисі Қойшыбек Мүбарактан сот отырысында өздерін фото-видеоға түсірмеуді сұраған. Журналист олардың бұл өтінішін орындай алмайтынын, заң аясында, журналистика шеңберінде жұмыс істейтінін айтқан. Бұған дейін, алғашқы сот процесінде айыпталушылар мен олардың қорғаушылары өздерін фото-видеоға түсіруге қарсы екендерін мәлімдеген. Осыдан кейін БАҚ өкілдері тек жәбірленушілерді ғана фото-видеоға түсірген. 

 

Сот отырысына онлайн қатысқан жәбірленуші Жансерік Тұралықовтың адвокаты Әсем Түсіпова процестен кейін Masa.Madia тілшісіне сотта екі полицейден жауап алынғанын айтты. Оның сөзінше, судья жұмыс уақытының аяқталып қалғанына қарамастан, айыпталушылардан жауап алуды жалғастырмақ болған. 

 

– Екі сотталушы Жанбақыт Нұртаза мен Алмас Боқановтан жауап алынды. Осыдан кейін судья жұмыс уақыты 18-30-да аяқталатынына қарамастан, үшінші сотталушыдан жауап алмақ болды. Осы кезде мен жұмыс уақытының аяқталғанын ескертіп, қарсылық білдірдім. Келесі сот 2желтоқсанға қалдырылды,  деді Түсіпова. 

 

23 желтоқсанда азаптау ісі бойынша 23 сот отырысы өтті. Бұған дейінгі процестерде жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алынған. Талдықорғанда азаптау ісі бойынша 23 адам жәбірленуші, бес полицей күдікті деп танылған. 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

23/12/2022 18:53
5100 0

Уведомление