Азаптаудан әкімшілік жазаға дейін... «Бүгін болған сот заңсыз»

Қаңтар оқиғасы кезінде азапталып, бүгін 15 тәулікке қамалған белсендінің жақтастары соттың заңсыз болғанын айтады


02/06/2022
15:57 33333 0

Алматы қалалық мамандандырылған ауданарылық соты.

 

Маусымның 1-і күні қалалық прокуратура алдында Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған төрт азаматты полиция ұстап, бір күн бойы тергеген. Бүгін солардың бірі Қосай Маханбаевты Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық соты 15 тәулікке қамады. Осыған байланысты біз Маханбаевпен бірге ұсталған азаматтардың пікірін білуді жөн көрдік. 

 

Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған Ақылжан Қисымбаев маусымның 1-і күні полиция қызметкерлері оларды заңсыз ұстағанын айтады. Оның сөзінше, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аганеттігінде ол күні бойы құр отырған. Ешқандай тергеу болмаған. 

 

— Кеше төртеуімізді прокуратура алдындағы саябақта отырған жерімізден 40 полиция қызметкері келіп, Антикорға алып кетті. Ешнәрсе түсіндірген жоқ, бүгін тергеу болады деді. Бірақ ешқандай тергеу болған жоқ. Жеке өз басымды ешкім тергемеді. Сағат 15:30-да шығып, қайтадан прокуратураның алдында келдім. Қосай Маханбаевты босатқанға дейін прокуратураның алдында тұрдым. Қосай келгеннен кейін осы жерде видеоүндеу жасадық. Содан үйге қайттық.  

 

Саин мен Ташкентский көшесіне жетейін деп қалғанымызда бізді полицияның бес машинасы қысып тоқтатты. Содан Бостандық аудандық полиция басқармасына алып барды. Ол жақта заңсыз, ешнәрсе түсіндірмей екі сағат ұстады. Қосайды алып қалды. Бүгін прокуратураға келіп, кеше мені заңсыз ұстағандарына байланысты арыз жаздым. Арызды қараймыз деді. Сенбеймін, бірақ үміт бар,  —  дейді Қисымбаев.

 

Ақылжан Қисымбаев бес айдан бері істің жүрмей жатқанын айтады. Оның сөзінше, құзырлы органдар кез келген сұраққа «тергеу жүріп жатыр» деген жауаптан басқа ешқандай жауап бермеуде. 

 

—  Қазір азаптауға байланысты да, қылмыстық іс бойынша да ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Ол анық нәрсе. Бес айдан астам уақыт өтті. Адамды бір күнде террорист жасай алады да, бір адамның арызын осыншама уақыт ішінде қарай алмайды. Менің оған көзім жетті. Бес айдың ішінде ешнәрсенің бітпегені айдан анық. Іс жөнінде сұрағанымда, Антикор барлығы, тергеу жүріп жатыр деп жауап береді, болды. Басқа ешнәрсе демейді, —  дейді Қисымбаев.

 

Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған тағы бір азамат Нұртас Қаранеев Қосай Махамбаевты заңсыз 15 тәулікке қамады деп есептейді. Оның сөзінше, соттың қандай шешім шығаратыны алдын ала белгілі болған. Бұл жолғы соттың Қаңтарда болған соттан ешқандай айырмашылығы жоқ дейді ол. 

 

— Бүгін Қосай Маханбаевтың соты алдын ала дайындалған дүние. Қаңтардың 14-і күні сот қалай болса, бүгін де дәл солай болды. Бүгін болған сот заңсыз. Жай ғана адамды 15 тәулікке қамады. Тіпті оның отбасылық жағдайына, ауырып жатқан анасына да қараған жоқ, — дейді Қаранеев.

 

Бұдан бөлек, Қаранеев азаптау бойынша ісі сотқа өтеді деп айтылғанына қарамастан, 1 маусымда ешқандай ескертусіз тергелгенін айтады. 

 

— Маусымның 1-і күні Антикордағы тергеуші Максим Ли маған «сенің ісің сотқа өтеді» деді. Мен прокурордың орынбасары Азамат Құрманов пен Данияр Сәлімовтің үстінен арызданғанмын. Олар азаптауды көріп тұрып ешқандай шара қолданған жоқ. Олар қаңтардың 8-інен бастап, соңына дейін сонда жүрді, — дейді ол. 

 

 

Қосай Маханбаев сот залында журналистерге сұхбат беруде.

 

Бүгін Алматы қаласының мамандандырылған ауданарылық әкімшілік соты Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған азаматтық белсенді Қосай Маханбаевты 15 тәулікке қамады. Оған 488 баптың 7 бөлігі (бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу) бойынша айып тағылған. 

 

Оқиғаға қатысы бар азаматтардың сөзінше, маусымның 1-і күні полиция Қосай Маханбаевты Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған азаматтарды қалалық прокуратура алдына келуге шақырғаны үшін айыптап, хаттама толтырған. Махамбаевтың өзіне тағылған айппен келіспейді. Ол: «азапталған азаматтарды прокуратураға келіп, арыз жазуға шақырғаным рас, бірақ бұны заңсыз шеру деп есептемеймін» деді. 

 

— Бұл маған жасалып жатқан қысымның бір түрі. Енді Қаңтар кезінде мені азаптаған адамдардың қолында боламын, —  деді Махамбаев соттан кейінгі сөйлеген сөзінде. 

 

1 маусымда полиция Қосай Маханбаев, Дархан Дүйсебаев, Нұртас Қаранеев және Ақылжан Қисымбаевты қалалық прокуратура алдынан ұстап, күштеп тергеуге алып кеткен. Маханбаевты Бостандық аудандық полиция басқармасында түнгі үшке дейін ұстаған. Аталмыш оқиғаға байланысты полиция ешқандай түсініктеме берген жоқ. 

Поделиться

Нет комментариев.

02/06/2022 15:57
33333 0

Уведомление