«Қайрат деген атым бар»: Қайрат Рысқұлбеков кім?

Желтоқсаншы туралы 10 факт


15/12/2021
10:28 13053 0

Биыл Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толды. Соған қатысып, адам өлтірді деген желеумен өлім жазасына кесіліп, кейін 20 жылға қамалған Қайрат Рысқұлбеков туралы 10 факт жинадық. 

 


 

1. Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылғы 13 наурызда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік аулында дүниеге келді. Анасы сауыншы, әкесі бақташы болған.  

 

Қайрат Шу ауданындағы мектеп-интернатта сегіз жыл оқып, аулындағы Киров атындағы мектепке көшті. 

 

«Қайрат Киров мектебіне 8-сыныпта келді. Аласа ғана, қара бала болатын. Өте шымыр, жылдам еді. Ал оның ішкі жан дүниесін хаттарынан байқауға болатын»,дейді Қайратқа сабақ берген, кейін өмірі мен өлімін зерттеген Сейіткерім Қожаназар. 


2. Желтоқсаншы екі жыл Амур өлкесінде әскери қызметтен өтеді. 1986 жылы Алматының Сәулет және құрылыс институтына түседі. 

 

3. 1986 жылы 16 желтоқсанда ҚазақКСР-ның басшысы Дінмұхаммед Қонаев қызметтен кетіп, орнына Геннадий Колбин тағайындалады. Соны естіген Алматы жастары қазақты қазақ басқарсын деп қазіргі Республика алаңына жиналады. Солардың арасында Қайрат Рысқұлбеков те бар еді.

 

«18 желтоқсан 1986 жылы алаңға бардым, көпшiлiкпен бiрге. Барғанда да Қонаевтың күйiн күйттеп барған жоқпын. Ол жерге барған себебiм, бар мақсатым, бiрiншiден, ол жерде не болып, не iстеп, не қойып жатқанын өз көзiммен көру болды. Екiншiден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтiрiп жатыр дегендi елден естiген соң, өз басым қолымды жайып "күл болмасаң, бүл бол" деп отыруға еркектiк ар-намысым еш жетпедi (...) Әйел затына айуандықпен қол көтерiп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегенi үшiн бiр милицияны ұрып-соққаным өте рас, — деген Рысқұлбеков өз хатында. 

 

4. 1987 жылғы 1 қаңтарда полиция Қайратты куә деп бөлімшеге алып кеткен. Кейін оған телевидение қызметкері Сергей Савицкийді өлтірді деген айып тағылды. Рысқұлбеков кінәні мойындамады. Оның туыстары, достары да айып «барып тұрған өтірік» дейді.

 

«Сол кездері мен Қайраттың қасында жүрдім. Оған Савицкийді өлтірді деп деген айып тағылды, бірақ бұл — өтірік. Біріншіден, Савицкий Мир-Сәтбаев көшесінде өлтірілген. Ал Қайрат екеуіміз ол уақытта Фурманов-Сәтбаевта жүрдік. Екіншіден, бір солдатқа қылмыскер ретінде Қайратты көрсет деп айтып жатқанын өз көзіммен көрдім, бәрі алдын ала ойластырылған»,дейді Қайраттың жатақханада бірге тұрған жолдасы Бауыржан Қайранбеков. 

 

Сот ісі сол жылғы 16 маусымда бітті. Судья айыпталушы 18 желтоқсанда бір топ жақтасымен бірге «Савицкийді өлтірді, 9 автокөлікті өртеп, 152 машинаны зақымдады, 326 милиционер мен 196 солдатты жаралап, мемлекетке 302 мың 644 рубль зиян келтірді» деп өлім жазасына кесті.

 

Қайрат мұндай үкім шығарын күтпеген сияқты — әпкесі Гүлнәрға түрмеден жазған хатында ақталатынына сенімді болған.

 

«Төбелескеніміз рас. Бір қазақ қызын қазақ милиционері шашынан ұстап, еңбектетіп сүйретіп жүргеніне шыдамай барып, жабылып ұрдық. Ал орыс туралы хабарым жоқ. Ол Савицкийді бізден бір квартал бөлек жерде ұрған, уайымдамаңдар. Маған келіп-кетері жоқ», — деген Қайрат хатта.

 

5. АҚШ, Польша, Венгрия, Чехословакия саясаткерлері, ақын-жазушылары мен ғалымдары КСРО басшысы Михаил Горбачёвқа үндеу хат жазып, Қайратты атпауды талап етті. Польшадағы «Ынтымақтастық» оппозиция тобы Рысқұлбековтің құрметіне пошта маркасын шығарды.

6. Батыстың қыспағынан кейін 1988 жылғы 28 сәуірде Қайрат Рысқұлбеков КСРО басшысы Михаил Горбачёвтың бұйрығымен кешіріліп, 20 жылға абақтыға қамалды.

7. Сол жылғы 21 мамырда желтоқсаншы өз камерасында көз жұмды. Ресми дерекке сенсек, «20 жыл өлім жазасына пара-пар деп өзіне қол салған». Бұған тұтқынның туыстары мен таныстары мүлдем сенбейді.

 

«Камерада өліп жатқан баланы ең алғашқы көрген — милиционер. Камераның есігінде кішкентай терезеше болады. Сол терезешеден қарағанда Қайрат бүк түсіп жатыр екен. Ал адам асылатын болса ол қатып қалады, серейіп. Ал ол бала екі тізесін құшақтап, бүрісіп жатыр деген еді. Ал енді сол адам сол кездегі сөзінен айнып қалды», — дейді Сейіткерім Қожаназар.

 

Қайраттың өлімін зерттегендер ол сот үкіміне сай Свердловскідегі түрмеге баруы керек болса да, Семейге жеткізілгені, өлетініне бір күн қалғанда қасына алты рет сотталған адам орналыстырылғаны кездейсоқ емес дейді.

Түрме басшылығы Рысқұлбектовті өз елінде жерлеуге рұқсат бермей, Семейде жерлеген. Қазір сол жерде желтоқсаншының ескерткіші тұр. 

 

8. 1992 жылы 22 ақпанда енді ғана тәуелсіздік алған Қазақстанның Жоғарғы соты Қайрат Рысқұлбековті ақтап, оған «Халық қаһарманы» атағын берді.

9. 1996 жылы режиссёр Қалдыбай Әбеновтің Желтоқсан оқиғасы туралы «Аллажар» фильмі шықты. Онда бас кейіпкер Азат 16–18 желтоқсандағы толқуға қатысқаннан кейін полициядан азап көреді. Оның түптұлғасы — Қайрат Рысқұлбеков.

Қазақстан билігі бұл туындының жарыққа шығуына жылдар бойы рұқсат бермей келді. 2019 жылы Алматыда «Арман» кинотеатрында көрсетілді.

Фильмді YouTube-тан көруге болады.

 

10. Қайрат жұртқа сөзге шешендігімен танымал. Оның сотта айтқан ақтық сөзі мектеп оқулықтарынан кездестіруге болады. 

 

Ақтық сөз

 

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген

Арғымақ мінген жаратып,

«Ақ сауыт киген темірден,

Алатаудай бабалар,

Аруағыңмен жебей көр!»

 

Ұлы Ленин бабамыз

Қатарға тең деп тартқан соң,

Компартия басқарып,

Достық отын жаққан соң,

Аға дедік орысты,

Әділдігі жаққан соң.

 

Ал енді қазір неткен күн,

Орыстан ынсап кеткен күн.

Тізесі қатты батқан соң,

Шыдамастан ақыры,

Қарғыс атқан Алаңда

Қарғыс атқыр жеткен күн.

 

Қаймана қазақ қамы үшін

Қарусыз шықтық Алаңға.

Алыстан әскер алдырып,

Қырып салды-ау табанда.

 

Сөйлесем даусым жетпейтін

Кез болдық мынау заманға.

Шовинизм еді ғой

Басты себеп жанжалға.

 

Екі жүзің қырылып,

Екі жүзің ұрылып,

Екі жүзің сотталып,

Жоқтаусыз кетіп барасың!

Қатарым жусап қалғанда,

Қыршынымнан қиылып,

Солармен бірге өлсемші-ай!

Артта қалған ата-анам,

Арулап қолдан көмсеңші-ай!

 

Тұтқынға түстім жаутаңдай,

Жоламай ешкім қасыма.

Бара қалсаң, сәлем айт,

Сырттағы құрбы-досыма.

 

«Ақтық сөзің не?» деген

Бүгін қойды сот сұрақ.

Айтайын оны халқыма:

Жоқ пиғыл менде жасымақ.

 

Қорлай да беріп қайтадан,

Титыққа орыс жетпесін.

Туған жердің намысы,

Бөтен қолда кетпесін.

 

Салт-санадан айырылып,

Арақтан ұрпақ азбасын.

Ел көркейтер азамат

Қызғаныштан тозбасын.

 

Абай туған жерінде

Бомбасын атом жармасын.

Құлыптасты қиратып,

Өлігіңді қазбасын.

Өз ұлтыңның басшысын

Орнынан сүйреп алмасын.

Үміт еткен Мәскеуден

Қарадай көңілің қалмасын.

Ленин салған сара жол.

Қолдаушысыз болмасын.

Барлық ұлтпен тең болып,

Ешкімнен көңілің қалмасын.

Ендігі жерде басыңнан

Бірлік пен бақ таймасын.

 

Осы айтылған ақтық сөз

Туың болсын әрдайым.

Мойныма алып жаланы,

Мен болайын құрбаның.

 

Бас-аяғы сол болсын

Басыңа түскен қатердің.

Ақтық сөзді енді мен

Сотқа да бір айтайын:

 

Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар,

Алам десең, алыңдар!

 

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты – құрбандық»,

Атам десең, атыңдар!

 

Мен не етермін, не етермін,

Мен келмеске кетермін.

Көрмеген, қош бол, таңдарым,

Көре алмай мен өтермін.

 

Қош, аман бол, артымда

Ағайын, туған азамат!

Артымда қалған ата-анам,

Ел-жұртым, саған аманат!

Поделиться

Нет комментариев.

15/12/2021 10:28
13053 0

Уведомление