Қаңтарда оққа ұшқан Айкөркемнің өліміне байланысты іс тоқтады

Бүлдіршіннің әкесі іске «құпия» статусы берілгендіктен енді іс материалдарымен таныса да алмайды


06/01/2023
14:09 22667 0

Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан төрт жасар Айкөркемнің өліміне байланысты іс тоқтатылды. Тергеу органы істі «қылмыстық құрамы болмағандықтан» тоқтатып, «құпия» еткен. Бұл жөнінде бүлдіршіннің әкесі Айдос Мелдехан «Азаттық» радиосына хабарлады. 

 

Айдос Мелдеханның сөзінше, істі желтоқсан айының аяғында тоқтатқан. «Құпия» статусы берілгендіктен енді іс материалдарымен де таныса алмаймыз дейді ол. 

 

- Бұл масқара ғой, сөзім жоқ. Қызымды өлтіргендерді табудың орнына істі тоқтатқан, онысымен қоймай істі «құпия» етіпті. Желтоқсанның аяғында тоқтатыпты. Кеше оны естіп адвокатым айқай-шу шығарғаннан кейін хат жіберіпті. Енді іс материалдарын да көре алмайтын болдық. Не істерімді де білмей отырмын, ести сала қолхат жазып ауруханадан бүгін шықтым, - деді Айдос Мелдехан.

 

Бұған дейін БАҚ-та Айдос Мелдеханның ауруханада жатқаны, бүйрегіне операция жасалғаны жөнінде ақпарат тараған. 

 

Істі тергеуші орган оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Айдос Мелдеханға жіберген хатында «Адам өлтіру» бабы (ҚК 99 бап) бойынша қозғалған іс 2022 жылдың 28 желтоқсанда «Қару қолданып, билікті асыра пайдалану» бабына (ҚК 451 бап) ауыстырылғаны жазылған. Екі күннен кейін яғни, 30 желтоқсанда іс тоқтатылып, «құпия» құжат деп танылған. Енді құпия құжаттармен танысу үшін Алматының ұлттық қауіпсіздік қызметі департаментінен арнайы рұқсат алу керек. 

- Тергеу органы істе «қылмыс құрамы жоқ» дейді. Яғни, Айкөркемді ату қылмыс емес, қаруды заңды негізде қолданған-мыс. Әрине біз шағымданатын боламыз, - деді адвокат Рафик Бейсебеков.

Істі тоқтату туралы қаулы әскери прокуратураға заңдылығын тексеруге берілген. 

Төрт жасар Айкөркем Мелдехан былтыр 7 қаңтарда Алматыда дүкен іздеген жақындарына ілесіп жүрген кезде оққа ұшқан. Оның 16 жастағы әпкесі жараланып, ақпанда ауруханадан шыққан. Көлікке кім оқ атқаны әлі күнге дейін белгісіз. Балалардың әкесі бұған дейін көліктен әскери оқ тапқанын хабарлаған.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

06/01/2023 14:09
22667 0

Уведомление