Қаңтарда оққа ұшқан Айкөркемнің әкесіне айыппұл салынды


21/11/2023
13:10 11837 0

Фото: Ашық дереккөзден

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханұлына 69 мың теңге айыппұл салынған. Бұны Алматы қалалық соты Facebook парақшасында жариялаған.

Таяуда оның үстінен «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша іс қозғалған. 

– Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Мелдеханұлы жөнінде әкімшілік істі қарады. 8 қарашада Мелдеханұлы Фейсбукте бейнехабарлама жариялаған. Онда Мелдеханұлы 21 қазанда көршісінің шабуыл жасағанын, полиция қызметкерлері әрекет етпегенін мәлімдеген. Сондай-ақ "полиция органдары оның өтінішін қабылдамаған және қандай да бір сипатта әрекет етуге тырыспаған". Сот Мелдеханұлынан полицияға қандай да бір өтініш түспегенін анықтады. Ол учаскелік полиция қызметкерімен әңгімеде жанжалдың бейбіт жолмен шешілгенін айтқан. Осылайша, Меделханұлы желіде жалған ақпарат жариялаған, – делінген Facebook желісіндегі «Алматы соттары» парақшасында.

Сот қаулысы әзірге күшіне енбеген.

16 қарашада адвокат Ғалым Нұрпейісов Айдос Мелдеханұлының үстінен «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалғанын хабарлаған. Адвокат сөзінше, шабуыл жасалған соң Айдос полицияға арызданған. Алайда учаскелік полицей арызды тіркемеген және кейін ештеңе алмағанын айтқан. Адвокат айыптаумен келіспейтінін, учаскелік полицейдің әрекетіне шағымданатынын мәлімдеді.

Өткен аптада Айкөркемнің өлімі жөніндегі істе сот Айдос Мелдеханұлын Қалмыстық кодекстің 119-бабымен («Қауіпті жағдайда қалдыру») жауапқа тарту жөнінде жеке қаулы шығарған.

 

Айкөркем ісі бойынша Алматы гарнизонының соты 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде «өкілетін асыра пайдаланды» деп айыпталған әскери қызметкер Арман Жұманды ақтап шығарған.

 

Оның алдында прокурор Арман Жұманды жеті жыл жаза сұраған еді. Жәбірленуші тарап айыпталушының әрекетін сотта «өкілетін асыра пайдалану» бабымен емес, «адам өлтіру» бабымен қарауды және іске куәгер болып қатысып отырған бірнеше адамды жауапқа тартуды талап еткен.

 

Бас әскери прокуратура үкіммен келіспейтінін, прокурор сот шешіміне қарсылық білдіретінін сайтына жазған. Сот шешімі әзірге күшіне енген жоқ.

 

Поделиться

Нет комментариев.

21/11/2023 13:10
11837 0

Уведомление