Қаңтарда қаза тауып, қамауға алынған азаматтардың туыстарын Ақорда алдында полиция ұстады

Астанаға әділдік іздеп барғандарды полиция ұстады


06/09/2022
14:42 28620 0

Астанада Ақордаға қаңтар оқиғысы кезінде қайтыс болған және қамауда отырған туыстарын ақтауды талап етіп барған 20 адамды полиция ұстады. Ұстау барсыныда бір әйелдің қолы сынған. 

 

Белсенді Сания Тұнғатарова Власть басылымына берген сұхбатында ауруханаға келгенін, өзімен бірге тағы бір әйел барын айтты. Оның сөзінше, олармен бірге екі полиция қызметкері еріп жүр. 

 

– Біз қазір ауруханадамыз, жедел жәрдеммен травматология бөліміне келдік. Қасымда тағы бір әйел бар. Қолымызды қайырып, зақым келтірді. Біреуміздің қолымызды сындырды. Екі полиция қызметкері қасымызда еріп жүр. Біз Астанаға кеше келгенбіз. 20 адам балаларымызды ақтауды талап етеміз. Бүгін бізге ешнәрсе түсіндірместен ұстады. Бізге Рысбек Сәрсенбайұлы келген. Оны да ұстады. Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы аудандық полиция бөлімшелеріне алып кетті, – дейді белсенді. 

 

Рысбек Сәрсенбайұлының ұсталғаны жөнінде саясаткер Болат Әбілов хабарлады. Ол әлеуметтік желіде Сәрсенбайұлының Ақордаға әділдік сұрап барған адамдарды қолдауға барғанын, бүгін таңертең ұсталғанын жазды. Әбіловтің сөзінше, Сәрсенбайұлының денсаулығы нашарлаған, қазір медициналық көмек көрсетіліп жатыр. 

 

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тауып, қамауға алынып, азапталған азаматтардың туыстары бұған дейін 10 шілдеде Ақордаға барған. Олар сол жерде президентпен кездесуді талап етіп үш күн тұрған. 14 шілдеде наразыларды полиция ұстаған.

 

Қаңтар оқиғасынан бері тоғыз ай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында билік болған жағдайға нақты саяси баға берген жоқ. Халық әлі күнге дейін қаңтарда не болғанын білмейді. Билік қанды оқиғада оққа ұшқан 238 адамның атын-жөнін жариялағанымен, олардың неден, қандай жағдайда қайтыс болғанын ашып айтпады. Құқық қорғаушылар, азаматтық қоғам өкілдері мен қаза тапқан азаматтардың туыстары халықаралық ұйымдардың қатысуымен әділ тергеу жүргізуді талап етуде. Бірақ, осы уақытқа дейін билік бұл талапқа құлақ аспай келеді.  

 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

06/09/2022 14:42
28620 0

Уведомление