Қаңтар оқиғасына бір жыл: Қанға бөккен Тараз, оққа ұшқан бала, жылаған ана, ауысып кеткен мәйіт
«Мәйітханада баламның денесін ауыстырып жіберді»
2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасына бір жыл болды. Осыған байланысты Masa.Mediа тілшісі бір жыл бұрын Таразда оққа ұшып, бүгінде үстілерінен қылмыстық іс қозғалып жатқан азаматтардың туыстарымен тілдесіп, марқұмдардың денесі қандай жағдайда табылғанын, олардың қалай қаза тапқанын және үстілерінен қандай іс қозғалғанын білді.
«Баламды басқа жерде өлтіріп, алаңға жақын жерге әкеліп тастаған»
Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болып, қазір сотты болып жатқан Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряева ұлын басқа жерде өлтіріп, орталық алаңға жақын жерге әкеліп тастағанын айтады. Оның сөзінше, баласының екі аяғын сындырған, өкшесі мен шатына оқ тиіп, қан жоғалту салдарынан көз жұмған.
– Баламның денесі табылған жерде ешқандай қан болмаған. Бірақ ол геморрагический және травматический шоктан қайтыс болған. Ол деген бүкіл организмдегі қан ағып кету. Сонда оның денесі табылған жердегі қан қайда кетті? «Мәйіт табылған кездегі фото есеп қайда?» десем, маған көрсетпейді. Фото есеп жоқ. Менің ойымша, баламды қаланың басқа бөлігінде 4-5 адам ұрып өлтірген. Содан кейін өздерінің қылмысын жасыру үшін (алаңға жақын – ред) Төле би 38-ге әкеліп тастаған. Баламның екі тізесі сынып кеткен. Өкшесі мен шатына үш оқ тиген, – дейді Закаряева.
Нигора Закаряева айыптаушы тарап баламды «ДГД ғимаратына шабуыл жасады» деп көрсеткісі келеді дейді. Ол ұлына тағылған айыппен келіспейді.
– Бастапқыда баламның үстінен 255 баптың 4 тармағы «терроризм актісі» бойынша айып тағылды. Бірақ мен Астанаға барғаннан кейін ол бапты алып тастады. Қазір 272 баптың 2 тармағы «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» және 287 баптың 3 тармағы «атыс қаруын, оқ-дәрілерді заңсыз иемдену, тасымалдау, алып жүру» бойынша қылмыстық іс қозғап отыр. Баламның қалтасынан тапаншаның оғы шықты дейді. Денесіндегі оқ жоқ та, қалтасындағы бар. Ұлымның киімін, телефонын сұрап барғанымда маған «қалтасынан ешнәрсе шыққан жоқ» деген. Баламның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын төрт айдан кейін бірақ білдім. Мен балама тағылған айыппен келіспеймін, – дейді Закаряева.
«Бауырымның денесі бір күн бойы далада жатқан»
Қаңтарда оққа ұшып, қазір істі болып жатқан Исатай Донбаевтың апайы Шолпан Донбаева інісінің денесі арықтың ішінен табылғанын айтады. Оның сөзінше, мәйіт табылған жерде ешқандай қан болмаған. Соңғы рет телефонмен сөйлескенде бауыры үйінің алдында болған. Оның қайтыс болды делінген жерге 15 минутта жетуі мүмкін емес.
– Інімді Төле би көшесі 38 үй алдында басынан атқан. Денесі осы үйдің алдындағы арықтан табылған. Мәйіт жатқан жерде ешқандай қан болмаған. Денесін алуға барған жедел жәрдем қызметкерлері інімнің миы шашылғанын, белі ашық жатқанын айтты. Мен Исатаймен сағат 11-ге он минут қалғанда сөйлескенмін. Сол уақытта ол 8 ықшам ауданда үйінің алдына темекі шегуге шыққан. Сот барысында біз БТР-дің жүрген уақытын видеодан көрдік. Ол сағат 22:56-да Төле би 38-ден өтеді. Бауырымның ол жерге 15 минутта жетуі мүмкін емес, – дейді Донбаева.
Шолпан Донбаеваның сөзінше, Исатай Донбаевты қаңтардың 6-ынан 7-іне қараған түні атып өлтірген. Бірақ, жедел жәрдем денесін бір күн өткен соң алып кеткен. Сол уақыт аралығында інісінің денесінен бөлек, өзге де мәйіттер көшеде жатқан.
– Бауырымның денесін 7 қаңтар күні таңғы сағат 10:15-те тапқан. Сонда осы маңда тұратын адамдар көшеде өліп жатқан адамдарды көрмеді ме? Адамдар жедел жәрдем шақыруға қорықты ма, жоқ әлде қатігез болып кеткен бе, білмеймін. Бауырымның денесі қатып қалған, – дейді ол.
Исатай Донбаевтың да үстінен бастапқыда 255 бап бойынша іс қозғап, кейіннен тоқтатқан. Қазір 272 баптың 2тармағы бойынша сотқа тартылуда.
«Мәйітханада баламның денесін ауыстырып жіберді»
Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан Тоқтар Ошақбайдың әкесі Мұхтар Сыздықов баласының ауруханаға тірі барғанын айтады. Оның сөзінше, баласына оқ орталық алаңға жетпей, Төле би 57 үй алдында тиген.
– Менің балам қалалық ауруханаға тірі барған. Ұлымды емханаға алып барған адам екі жаралы адамды жүк салғышына мінгізіп алып барғанын айтты. Ол жолда екеуінің де ыңырсып барғанын жеткізді. Тоқтардың арқасына үш оқ тиген. Ұлым сол күні қасында үш досымен бірге қалаға шығып кеткен. Тратуармен келе жатқанда Жамбыл қонақ үйі жағынан БТР келіп атқан. Балалар Төле би көшесінің бойында 20 минут ғана болған. Алаңға жетпеген де. Балама тиген үш оқтың біреуі тесіп өтіп кеткен де, екі оқ денесінде қалып қойған. Бірақ сотта «үш оқ та денені тесіп өтіп кеткен» деп бізден екі оқты жасырып жатыр, – дейді Сыздықов.
Мұхтар Сыздықовтың айтуынша, баласының денесін алуға барғанда мәйітханадағылар басқа адамның денесін беріп жіберген.
– Баламның денесін 8 қаңтарда алдым. Мәйітханаға кірген кезде сол жердегі адамдарға баламды танып, көрсеттік. Олар «мәйітті орайтын мата алып келіңіз, біз өзіміз дайындап береміз» деді. Содан біз оралған денені ашып қарамай, үйге алып кеттік. Сосын үйде молдалар баламмен қоштасу үшін бізді кіргізе бастады. Сол кезде мен «бұл менің балам емес» деп жылап жібердім. Сол екі ортада олар мәйітті ауыстырып берді. Мен ауыстырып жіберген баланы танымаймын. Бірақ жарақатын көрдім. Оң көзіне оқ тиген екен. Ол бала Таразда қаза тапқандардың арасында жоқ. Бұл дегеніміз Таразда қаза тапқандар әлде қайда көп деген сөз, – дейді ол
Тоқтар Ошақбайдың үстінен ҚР ҚК 272 бабының 2 тармағы бойынша іс қозғалған.
Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Тараз қаласында 15 адам қаза тапқан. Бірақ оқиға куәгерлері мен қайтыс болғандардың туыстары көз жұмғандардың саны бұдан әлде қайда көп деп есептейді.
Қазақстан бойынша Қанды Қаңтар кезінде ресми мәлімет бойынша 238 адам қаза тапқан. Құқық қорғау ұйымдарының есебінше, 10 мыңнан астам адам ұсталып, олардың 70 пайызы азыпталған. Бір жыл ішінде адам өлімі мен азаптау бойынша істердің басым көпшілігі тоқтаған. Тергеу органдары бұны «дәлелдердің жеткіліксіз болуы» және «күдіктілердің анықталмауымен» байланыстырған.
Құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғам өкілдері Қаңтар оқиғасының ақиқаты ашылмады деп есептейді.
Нет комментариев.