Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір ескерткіші алынып тасталды


01/02/2024
13:44 9011 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Азаттық радиосының мәліметінше, Астанадағы Ұлттық музейге қойылған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші алынған. Басылым тілшісі 1 ақпанда музейге барған. Қазір ескерткіш тұрған орынға экран қойылған. 

 

Музейдің баспасөз хатшысы ескерткіштің алынғанын растаған. Бірақ ғимаратқа кіріп, видеоға түсіруге рұқсат бермеген. Оның айтуынша, Назарбаевтың ескерткіші қазір қоймада тұр. Алдағы уақытта ресми мәлімдеме жасалады. 

 

Ескерткіштің алынғанына бірнеше күн болған. Музей қызметкерлерінің бірі «экспозицияларды ауыстыруға байланысты жұмыстар екі апта бұрын басталғанын» айтқан. 

 

Ұлттық музейге Назарбаевтың ескерткіші 2018 жылы шілдеде қойылған. Мүсіннің артында Назарбаевтың латын әріпімен жазылған сөздері болған. Ол да алынып тасталған. 

 

Бұған дейін Назарбаевтың Астанадағы Ұлттық қорғаныс университеті алдындағы ескерткіші алынған. Қорғаныс министрлігі мүсін әскери-тарихи музейге көшірілгенін айтқан. Оған дейін әлеуметтік желіде Назарбаевтың қар басқан мүсіні қоймада жерде жатқаны бейнеленген фото тараған. 

 

Өткен аптада Алматы метросының «Алмалы» станциясындағы Назарбаев портреті алынған. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған. Осы уақыт аралығында елде бірнеше қалада оған ескерткіш ашылған. Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 20 наурызда парламент палаталарының бірлескен отырысында Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді ұсынған. Ресми дерек бойынша 238 адамның өмірін қиған 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ол қайтадан Астана болып өзгертілген. Қанды оқиға кезінде наразы халық Талдықорғандағы Назарбаевтың ескерткішін құлатқан. 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

01/02/2024 13:44
9011 0

Уведомление