Астана соты белсенді Асқар Сембайдың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады


13/02/2024
14:15 8678 0

Фото: Азаттық радиосы 

 

Астана қалалық соты азаматтық белсенді Асқар Сембайдың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Ол әлеуметтік желіде жазбамен бөліскені үшін алты жылға бас бостандығынан айырылған. 

 

Сот белсендінің апелляциялық шағымын 13 ақпанда онлайн қараған. Былтырғы жылдың мамыр айынан бері қамауда отырған Асқар Сембайдың өзі сотқа қатыстырылмаған. 

 

Сотта жергілікті заңгерлік кеңес кеңсесінің кезекші адвокаты шағымды оқыған. Ол арызда Сембайдың соттан істі қайта қарап, үкімнің күшін жоюды сұрағанын айтқан. 

 

Прокурор Секенов соттан шағымды қанағаттандырмауды сұраған. Ол айыпталушының кінәсі толықтай дәлелденгенін және бірінші сатыдағы сот барлық заңды сақтағанын алға тартқан. 

 

Кеңесу бөлмесінен келгеннен кейін, сот Сембай мен оның адвокатының шағымын қанағаттандырудан бас тартып, бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдыруға қаулы шығарған. 

 

Азаматтық белсенді Асқар Сембайдың қамауда отырғанына он айдан асқан. Ол әлеуматтік желіде ел аумағында тыйым салынған «ҚДТ» (Қазақстан соты оны «экстремистік ұйым» деп таныған. Еуропарламент қарарында ол «бейбіт оппозициялық ұйым» деп көрсетілген) идеяларын насихаттады деп айыпталған. 

 

Асқар Сембай сот тергеуі барсында өзіне тағылған айыппен келіспеген. Ол билікті сынағанын жоққа шығармаған. Бірақ билікті басып алуға ешқашан үндемегенін айтқан. 

 

Бастапқыда Сембайға ҚР ҚК 405-бабының 2-бөлігі «тыйым салынған ұйым жұмысына араласу» бойынша айып тағылған. Кейіннен ол дәл осы баптың 1-бөлігіне «тыйым салынған ұйым жұмысын ұйымдастыру» ауыстырылған. Бұдан бөлек, оған 179-баптың 2-бөлігі «билікті басып алуға үндеу» бойынша айып тағылған. 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

13/02/2024 14:15
8678 0

Уведомление