Қанды оқиғадан қалған із: «Азаптаудан кейін сол көзім он пайыз ғана көреді»

«Үшінші пакетті кигізгенде талып бара жатқаным есімде»


20/11/2023
14:58 12079 0

 

Қанды Қаңтардың екі жылдығына байланысты сайтымыз бен әлеуметтік желідегі парақшаларымызға «Қанды оқиғадан қалған із» материалдар сериясын жариялауды жалғастырамыз. Қараша айының алғашқы аптасында Masa Media тілшісі Өскемен мен Семей қалаларына барып, Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, азапталғандар мен оққа ұшып, қаза тапқан адамдардың туыстарымен тілдесіп қайтқан. Бүгін сол сапарда жазылған Өскемен қаласының тұрғыны Тілеужан Сайлауұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.  

 

«Халықты әкімнің өзі арандатты»

 

Қаңтар оқиғасы кезінде полиция ұстап, кейіннен азаптаған 27 жастағы мұғалім әрі бапкер Тілеужан Сайлауұлы әңгімесін бейбіт наразылықпен басталып, аяғы дүрбелеңге ұласқан қанды оқиғаның Өскеменде қалай өрбігенінен бастады. Оның айтуынша,  сол сәтте қала әкімі Жақсылық Омардың өзі алаңға жиналған халықты арандатқан. 

 

– 2022 жылы 5 қаңтарда екіқабат әйеліммен бірге орталық Нұрмағамбетов көшесінде кетіп бара жатқанымда кептеліс басталып кетті. Әйелім тоңа бастаған соң қарсы бетке шығып, орталыққа бардым. Полицейлер «мына жақпен кетіп қал» деді, содан басқа жолмен үйге қайттым. Үйге барған кезде маған өздері белгісіз нөмірмен звондап, орталыққа кел деді. Мен Өскемен қаласының мәселесін көтеріп жүрген соң, бір адамдар танып: «Жастардың атынан Тілеужан сөйлесін!» деді. Мен «Жаңаөзенді, батысты қолдаймын!» деп, әкімге Өскемендегі тіл және жұмыссыздық мәселесін айттым. Бірақ әкім Жақсылық Омар: «Мәселені шешеміз» деп бір ауыз сөз айтқан жоқ. Ол: «Мен сіздерден қорыққаннан келіп тұрған жоқпын, өз еркіммен келіп тұрмын» деді. Солай халықтың ашуына тиіп, арандату жасады. Сол сәтте әкімдікті қорғап тұрған мемлекеттік қызметкерлер халықты итеріп, көз ашытатын гранаталар лақтырды. Халықтың арасында ішіп алған, ту жамылған жігіттер жүрді. Олар: «Төбелесейік, ұрайық, шағайық» деп арандатып жүрді. Біз оның алдында ортада арандатқандарды сабырға шақырып жүргенбіз, – дейді ол. 

 

Тілеужан Сайлауұлының сөзінше, халық пен полиция арасындағы қақтығыс 5-ші қаңтар күні кешкі сағат 17:00-де басталған. Сол кезде полиция халыққа қарсы резінке оқ пайдаланған. 

 

– Сағат 15:00 шамасында халыққа қарай резінке оқ атты. Солай халықтың ашуына тиіп, сағат 17:00 кезінде екі жақ кішігірім төбелеске шықты. Ұрыс болды, сосын тып-тыныш бола қалды. Мен сол кезде артқы жақта, су бұрқақтың үстіне шығып, видеоға түсіріп тұрдым. Түнде ұрыс болған кезде мен ол жерде болған жоқпын. Күндіз сөз сөйледім де кеттім. Түнде аптекадан дәрі, жеміс-жидек алып жүргенім сергек камераларында бар, – дейді Сайлауұлы. 

 

«Әйелімнің және менің басыма мылтық тіреді»

 

Полиция Тілеужан Сайлауұлын 7 қаңтарда қаладан шыға берісте ұстаған. Әйелі мен өзінің басына мылтық төсеген. 

 

– 7-ші қаңтар күні таңғы сағат 10:00 кезінде Семейге шығатын жол бойында төрт машина қоршап тоқтатты. Оң жақта отырған әйелімнің басына және менің басыма мылтық тіреді. Мен әйеліме: «Маған қарама, ешнәрседен қорықпа, бұл иттер сенің босанғалы отырғаныңа қарамайды!» деп айтып үлгердім. Машинадан түсіп, тік тұрып алдым. Ұстағанда қолымды сілкіп жіберіп едім, екі адам мылтықтың дүмімен желкемнен ұрды. Сосын біреу: «Аяғынан атыңдар» деді. Содан кейін жерге жаттым. Алты жігіт тепкілей жөнелді. Әйелімді машинаға отырғызып, туысқандары болған, сол жаққа алып кетті. Мені Нива көлігінің ішінде тұншықтырды, шокермен тоқ соқтырды. «Бізде атыңдар деген Тоқаевтың бұйрығы бар, «мынау бізге қарсы шықты» деп атамыз да, ит сияқты лақтыра саламыз» деді, – дейді ол. 

 

«Динамо» спорт залындағы азап

 

Тілеужан Сайлауұлының сөзінше, Өскемен полициясына қарасты «Динамо» спорт залында екі жүзден астам адам азапталған. Сол жерде оны да полиция танымайтын адамдардың үстінен жалған куәлік бер деп соққыға жыққан. 

 

– УВД-ның артындағы «Динамо» дейтін спорт залға алып барды. Залда кем дегенде 180-200 адам жерде екпетінен  жатты. Іші екі сантиметрге дейін қан болып кеткен. Залға тепкілеп кіргізді. Кіргенімде «Мынау ғой, анау блогер» деп видеода айтқан сөздерімді айтып, тисе бастады. Сол жерде Ерлан Қабатай деген тамада жігіт тұрды. Соның қасына алып барды. Ол жігіт менен бұрын барған, қатты таяқ жепті. Сөйлей алмай ыңқылдап, қабырғаға сүйеніп тұрды. Екеумізге «Біз сендерге адамдарды көрсетеміз, «осылар төбелесте болған, арақ, арматура таратқан» деп айтып бересіңдер, 15 күндік әкімшілік хаттама толтырамыз» деді. Жанымдағы бірнеше жігіт соған келісті. Мен ешкімді танымаймын, ешнәрсе істемедім деп келіспедім, – дейді Сайлауұлы. 

 

Тілеужанды «Динамо» спорт залында екі күн ұстаған. Содан кейін УВД-ға алып барған. Сол жерде тағы да азаптаған. 

 

– УВД-ға алып барғанда төрт тергеуші отырды. Бір тергеуші «Мынау Тілеужанда ешқандай факты жоқ. Төбелес кезінде басқа жақта жүрген. Бұған не істейміз, қалай ҚК 272-бабының 2-бөлігін тағамыз?» деді. Сол кезде Айдын Далабаев деген тергеуші келіп: «Е, қайтесің мынаны, әкімшіліктен осыған статья тағып жіберіңдер деген бұйрық келді» деді де, мені тепкіледі. Қазір ол Самара ауданына тергеуші болып ауысып кетті. Ол негізі менің тергеушім болған жоқ. Ар жағында отырды. Бірақ қайта-қайта келіп, мені тепкілей берді... Нақтырақ айтсам, қолды көтертіп қойып, екі жақтан дубинкамен ұрды. Бүйректен шынтақпен ұрды. Аяқтың екі жағынан екеуі теуіп, шпагатқа отырғызды, – дейді ол. 

 

«Үшінші пакетті кигізгенде талып бара жатқаным есімде»

 

Ұзақ соққыдан кейін тергеушілер Тілеужанның басына үш мәрте пакет кигізіп, тұншықтырған. Осыдан кейін ол есінен танып қалған.  

 

– Тоққа соқтырғанда курткам қалың болған соң ба, қатты сезбедім. Сол кезде «Е, сен спортшы емессің бе?» деді. Мен «жоқ» дедім. «Неге өтірік айтасың?» деп қайтадан тепкіледі. Содан «Ал, спортшымын» дедім. Сол кезде «Мынау п..дец екен» деп, басыма пакет кигізіп, тұншықтырды. Үшінші пакетті кигізгенде талып бара жатқаным ғана есімде. Оянсам, бір апай сол жерде аналарға «Жас баланы өлтірдіңдер ғой, сендер недеген хайуан, итсіңдер» деп ұрсып, менің бетіме су шашып жатыр екен. Содан мені оятты да, тағы бір тергеуші Раушан деген кісіге алып барды. Ол кісі маған отбасыма хабарласуға бір мүмкіндік берді. Хабарласып, «Менде бәрі жақсы, алаңдамаңыздар!» дедім. Менің телефонымды 7 қаңтарда алып алған. Бетінің паролін ашып алып, өздері телефонға видео жіберді, телеграмдағы группаларға қосты. Екі күн бойы ұстап жүрді. Содан 9-шы қаңтар күні менен алған ұқсап қол қойғызды, – дейді Сайлауұлы. 

 

«Тамадаға таң атқанша той жүргізтті»

 

Тілеужанды тергеушілер «туған ағаңның  және журналист Дарын Нұрсапаровтың үстінен жалған куәлік бер, бүлікті ұйымдастырдым деп айтасың деп» азаптаған. Бірақ ол одан бас тартқан. 

 

– «Халықты мен бастап шықтым» деп мойныңа аласың, Дарын Нұрсапаров деген журналисті көрсетесің» деді, бірақ мен оны айтпай қойдым. Содан өзімнің туған ағамды «менімен бірге жүрген» деп айтасың» деді. Мен «мүлдем айтпай ақ қойыңдар, келіспеймін» дедім. Содан тепкілеп-тепкілеп, тергеп, қайтадан «Динамо» спорт залына апарып тастады. Түнімен сол жерде жаттық. Содан жаңа айтқан Ерлан Қабатай деген тамадағы таң атқанша той жүргізтті. Біз 200 адам қан-жоса болып жерде жаттық. Үш өлеңді таң атқанша айтқызып қойды, – дейді ол. 

 

«Динамо» спорт залынан кейін айдауыл Тілеужан Сайлауұлын өзге адамдармен бірге уақытша ұстау изоляторына алып барған. Ол жерде де азаптаған. 

 

– Менің жаныма көзі көрмейтін мүгедек Ербол дейтін ағаны бірге кісендеп қойды. «Егеуің изоляторға бірге кетесіңдер» деді. Автобусқа барсақ, іші толған адам. Орындықтардың арасына қаңтаршыларды жатқызып тастаған. Бізді солардың үстімен жүргізді. Ол жерде де тура УВД-ға кіргізгендей тепкіледі. Астында ешнәрсесі жоқ темірдің үстіне қондырды. Іші суық, ұйықтай алмадық. Сол жерде ИВС-тің режимнигі ма, білмеймін, сол кезіп, маған жүр деп тергеуші, омондар жатқан жерге алып барып, «мынау сөз ұқпайды, тепкілеңдер» деді. Олар бес минуттай тепкіледі. Содан қайта тергеу болды. Маған «мойындайсың ба?» деді. Мен «Ешнәрсе істеген жоқпын, мойындамаймын» дедім. Бәрімізді шешіндіріп, денеміздегі көгерген жерлерді жазып алды. Мен өзім мастер спортпын, төбелесіп жүрген жігітпін, денем көгерген жоқ. Мынаның денесі көгермепті деп, мені шокермен соқтырып, қайтадан тепкіледі. Содан бізді СИЗО-ға алып кетті, – дейді Сайлауұлы. 

 

«Өлсе өле берсін»

 

Тілеужан тергеу изоляторында азаптаудан қайтыс болған Алан Османовпен бірге бір камерада отырған. 

 

– СИЗО-ға біз бір күнде 14 жігіт бардық. Ол жерде есіктің екі жағында тұрған мылтық ұстаған жігіттер бізді еңбектетіп кіргізді. Басыңды көтерсең мылтықтың дүмімен ұрды. Содан еден жуғызды, шешіндіріп, тепкілеп-тепкілеп қабылдап алды. Есхат деген күзетші жігітке дәптер беріп қойған, ол кімнің қай жері көгергенін жазып тұрды. Менің денем көгермеген соң үш жігітті шақырып, мынаның денесін төрт жерден көгертіңдер деді. Содан мені үш жігіт қабырғаға тіреп ұстап тұрып, бетімнен тепті. СИЗО-да бізді ең көп тепкілеген Олжас Кенжеханович пен Есхат болды. Бізді алтыншы камерада үш күн тепкіледі. Төртінші күні мені екінші қабаттағы 35 камераға Әлімжан Айбеков, Никита және өмірден өтіп кеткен Алан Османовтың қасына алып барды. Мен барғанда Аланның денесінде сау жері жоқ. Зәр шықпай қалған. Сиейін десе, бір-екі тамшы қан шығады, болды. Екі бүйірі ісіп кеткен. Жағы қозғалмайды, сынған. Тілі ісіп кеткен. Су жұта алмайды, іші-бауыры езіліп кеткен. Сондай жағдайда болды, – дейді Тілеужан. 

 

Оның сөзінше, Алан Османовқа көмек керектігін айтып, СИЗО қызметкерлерін екі күн шақырған. Бірақ олар «өлсе өле берсін» деген. Камерадан носилкамен алып кеткен күннің ертеңінде оның қайтыс болғаны жөнінде естіген. 

 

– Біз есікті ұрғылап, «дәрігер керек, мына жігіт өлетін болды» деп екі күн айқайладық. Бірақ ешкім ұқпай қойды, «өлсе өле берсін» деді. Екі күн болғанда ана жігіт қатты қиналып кетті. Содан носилка алып келді де бізге салыңдар деді. Салып бердік, алып кетті. Ертесінде қайтыс болғанын естідік, – дейді Сайлауұлы. 

 

«Бір көзім он пайыз ғана көреді»

 

Тілеужан 2022 жылы 3 наурызда кепілдікпен бостандыққа шыққан. Шыға салып ауруханаға қаралған. Бір көзінің көру қабылетінен айырылғанын сол кезде білген. 

 

– УВД-да жатқызып қойып тепкілеген кезде сол жақ көзіме аяқ тиген. Тепкен кезде сол жақ көзім көру қабілетінен жаңылып қалған, он пайызға ғана көреді. Босап шыққан соң ауруханаға қаралдым. Олар үш ай бойы оң көзің жалғыз өзі көріп, шаршап кеткен деді. Содан менің көз анализімнің шешімдерін Түркияның «Дүние көз» клиникасына жіберді. Олар бір жылдың ішінде келіңдер, көзіңді 70 пайызға қалпына келтіре аламыз деді. Бірақ қомақты ақша – 6 миллион теңге сұрады. Ондай ақша жоқ болды,  дейді ол. 

 

Тілеужан Сайлауұлының үстінен жүргізілген тергеу 2022 жылдың аяғына дейін созылған. Дәлел жоқ болғандықтан желтоқсан айында іс сотқа жетпей жабылған. 

 

– Тергеу кезінде «патрульдік полицияға тас лақтырдым» деп айта сал, біз саған ешнәрсе істемейміз деді. Бірақ мен ешнәрсе мойындамадым. Төбелес кезінде қайда болғаным жөнінде барлық дәлелдер бар. Тергеу 2022 жылдың аяғына дейін созылды. Бірінші тергеуімде не айттым, сол қалды. Сондықтан мен таза болып шықтым. 26 желтоқсанда біздің барлығымызды шақырып, «Дәлел жоқ болғандықтан істерің тоқтатылды. Сендер бүгіннен бастап тазасыңдар» деді. Біз 2023 жылдың наурыз айынан бастап материалдық-моральдық шығындарды өтеп алу үшін арыз жаздық, – дейді Тілеужан. 

 

Оның сөзінше, сот талап етілген материалдық-моральдық шығынды қысқартып-қысқартып, 1, 5 миллион теңге өтемақы беруге шешім шығарған. Оның ішінде материалдық шығындарды толықтай қысқартып тастаған.

 

Сұхбат жазылған уақытта Тілеужан Сайлауұлы өтемақыны әлі алмаған. Сот шешімі шыққанына төрт ай болған. Қаңтар оқиғасынан кейін ол мұғалімдік жұмыстан кетіп, тек бапкер болып қызмет етуде.

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

20/11/2023 14:58
12079 0

Уведомление