Қанды қаңтар салдары. «Мама, Нұр Отанның нұрын алдым»
Қаңтар оқиғасы кезінде Шу қаласында жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыпталған Жанболат Әбировтің анасы Гүлбану Қанышқызы ұлының төрт айдан бері қамауда отырғанын, мемлекет тағайындаған адвокаттың 300 мың теңге ақша сұрағанын айтады
БАЛАМ ТӨРТ АЙДАН БЕРІ ҚАМАУДА ОТЫР, ЕШКІМ ЕШНӘРСЕ АЙТПАЙДЫ
Баламды қаңтардың 13-і күні митингке қатысты деп ұстап, қамады да, 28 қаңтарда босатты. Әкімшілік сот санкциясымен 15 тәулік отырып шықты. Бірақ 4 ақпанда қайтадан ұстады. Сол ұсталғаннан әлі жатыр. Ол кезде 269 баптың 2 тармағы бойынша ұстаған. Оны алып тастап, 272 баптың 2 тармағына қайтадан түсірді. Содан бері ешкім ешнәрсе айтпайды. Адвокатымыз да жоқ. Іс сотқа да, прокуратураға да өткен жоқ. Ешқандай өзгеріс жоқ. Балам өзіммен бірге тұрады. Мебельный цехта жұмыс істейді. Жұмыста жүрген жерінен Тараздан келген КНБ (ҰҚК) қызметкерлері келіп алып кеткен. Ұсталған кезде баламның өзі звондаған жоқ. Сол ұстаған адамдар хабарласып, балаңыз қамаққа ұсталынды деп айтты. Ол жерге бардым, бірақ баламды көре алмадым. Сол уақыттан бері жатыр.
«МАМА, НҰР ОТАННЫҢ НҰРЫН АЛДЫМ»
Шуда митинг қаңтардың 5-і күні вокзалдан басталған. Балам сол вокзалдың ішінде болған. «Қиратпаңдар, өзіміздің қала ғой» деп сөйлеп тұрған, куәсі де бар. Солай деп айтқан да кетіп қалған. Соның артынша әкімшілік өртенген. Сол әкімшілікті өртедіңдер деп ұстап алып кетіп отыр. Шуда қаңтар оқиғасы кезінде 150 адам ұсталған. Қазір бес адам қамауда отыр. Төрт адам үй қамақта. Біздің балаларымызды да үй қамаққа шығарыңыздар дегенімізде, шықпайды, осында отырады деп жауап берді. «Баламның қандай кінәсі бар, дәлел бар ма?» деп сұрағанымда ешнәрсе көрсеткен жоқ. Баламның бір ғана суреті тұр, видео ешнәрсе жоқ. Баламнан сұрағанымда «мама, мен «Нұр Отанның» нұрын алдым. Ол үшін 15 тәулікке отырып шықтым ғой» дейді. Балам Нұр Отан деген жазуды бұзған. Мен балам 15 күн не үшін қамауда жатты? деп сұрасам, коменданттық сағатты бұзғаны үшін жатты дейді. Ол туралы құжатты сол күйі ала алмадым...
«МЕМЛЕКЕТТІК АДВОКАТ 300 МЫҢ ТЕҢГЕ СҰРАДЫ»
Мемлекет тағайындаған адвокатпен үйіне барып тұрып жолықтым. Мен адвокатым жоқ, енді қайда барамын дегенімде, сіздің қорғаушыңыз Гүлсім Түймебаевна деген кісі деді. Ол кісіге барғанымда 300 мың теңге беріңіз, балаңыздың ісін қолыма аламын деді. 300 мың ақшаны мен бір күнде таба алмаймын, жұмысым жоқ. Ағайын-туыстан жинап беремін деп ойладым. Бірақ мына заманда кімге кім көмектесетін заман. Кейіннен тағы да барып жолықтым, «ол кісі мен алдында айттым ғой, ақшаңды алып кел, содан кейін балаңның ісін қолға аламын» деді. Балам «мама, адвокатқа ақша тапсаңыз мен баяғыда шығып кетер едім» деді. Тәуелсіз ұйымдарға арыз жазған жоқпын. Оны қалай жазатынын да білмеймін. Шу аудандық прокуратурасына бардық. Аудандық прокурор бізді қабылдамады, ішке кіргізген де жоқ. Орынбасары жиырмасына дейін сот болады деді. Балам сотталып кетпесе екен деп тілеймін алладан. Жоғары жақтағылардан баламды қайтарып берсе екен деймін. Не істерімді білмеймін...
Нет комментариев.