Қанды қаңтар. «Басыңа пакет кигізіп, тұншықтырамын, бәрібір мойындайсың»
Қаңтар оқиғсы кезінде аяғының астында граната жарылып, жарақаттанған Азат Талғатбек СИ-18 түрмесінде азапталғанын айтады
Қаңтар оқиғсы кезінде аяғының астында граната жарылып, жарақаттанған Азат Талғатбек СИ-18 түрмесінде азапталғанын айтады. Оның сөзінше, түрмеде «басыңа пакет кигізіп тұншықтырамыз, бәрібір мойындайсың» деп тепкілеген. Басынан көп соққы алғандықтан қазір есте сақтау қабілеті нашарлаған, ұмытшақтық пайда болған.
«Аяғымнан айырылдым деп ойладым»
— Қаңтардың 4-і күні бауырларымның үйінде болғанмын. Кешке қарай үйге қайтып келе жатқанымда бейбіт шеру болып жатқанын естідім. Сағат 23:00 шамасында өз көлігіммен үйден шықтым. Қалқаман ықшам ауданының жоғары жағында тұрамын. Абай көшесімен Орталық стадионға дейін бардым. Машинамды жол жиегіне қойып, Көп халық болды, сол елмен бірге қызықтап көруге шықтым. Сейфуллина көшесіне жетпей әскерилер газ ата бастады. Сол жерде халықпен бірге жүрдім. Мен өзім қаланың жоғары жағын біле бермеймін. Сағат түнгі 4-5 кезі ме білмеймін, әйтеуір газ жоқ жерге шықтым. Сөйтіп телефоннан Орталық стадион дегенді көрдім де, машинама бардым. Содан Байтұрсынов көшесімен Ташкентскийге дейін түстім. Саин көшесінің көпірінен түсе бергенімде Момышұлына жетпей оң жақта балондар жанып жатты, екі автобус бір біріне қарама-қарсы тұрды, екі фура болды. Жол жабық. Машинамды қойдым да жаяу барып «не болып жатыр?» деп сұрадым. Сол жерде бір жігіт «қымбатшылыққа қарсы жолды жауап жатырмыз» деді. Ар жақтан бір жігіттер «келе жатыр» деп айғайлады. Қарасақ, Ташкентский-Cаин көшесіндегі көпір жақтан жап-жарық лампалары бар грузовой машиналар, солдаттар келе жатты. Тұрған машинама қарата жүгіре бастадым. Сол кезде әй-шәй жоқ, бізге қарата жарылғыш заттарын лақтырды. Жүгіріп келе жатқанымда біреуі тура алдыма келіп түсті. Бұрылып алып артқа қарай қаштым. Аспалы жаяу жүргінші жолдың артына барып тығылып тұрғанымда жаныма тарс етіп бір нәрсе түсті. Басында тас екен деп ойладым. Бұрылып қашып үлгермедім, аяғымның астында жарылды. Аяғымнан айырылдым деп ойладым...
«Суықтан ішім түгел қатып қалды»
—Бір қыз бен жігіт машиналарымен мені 7 қалалық ауруханаға жеткізді. Сол жерде дәрігерлер аяғымды тігіп, палатаға көтерді. Врачтар маған 9-ы немесе 10-ы күні шығарамыз деді. Менің қасымда үш жігіт жатты. Олардың да аяқтарына оқ тиген, сүйектері сынған, темір қойылған. 8-і күні түстен кейін ауруханада қатты айғайлаған дауыстар шығып кетті. Мен «сыртта жүргендер басып кірді, қазір бізді атып өлтіреді» деп ойладым. Есікті ашты да «қозғалмаңдар, омон жұмыс істеуде» деп айғайлады. Келді де шекеме автомат төседі, төсектен жұлып алып, жерге жатқызып қойды. Үстімде іш киімім ғана бар. Киімімізді де кигізбеді, аяғыма тек домащний аяқ киімімді киіп үлгердім. Палатадан шығарғанда біз сияқты жараланған адамдар қатар-қатар тұрды. Жарты сағаттың көлемінде сыртқа алып шықты. «Жігіттер, қайда алып кетіп бара жатырсыңдар?» деп сұрағанымды, «сен не ақылдысың ба?» деп жерге жатқызып қойды. Бір сағат жалаңаш жерде жаттым. Ішім түгел суықтан қатып қалды. Біраз уақыттан кейін бәрімізді автозакқа тиеді.
«Түсіндірейін десең, түсінбейді. Ойларының бәрі ұру»
— Түрмеге кіріп бара жатқанымызды естідік. Автозактың есігін ашқанда екі жақта қара киініп алған адамдар болды. Бізді түсірді де, он-он адамнан кіргізді. Өтіп бара жатқанда басыңнан, аяғыңнан дубинкамен ұрды. Бір комнатаға алып келді де тыржалаңғаш шешіндіріп, отырғызып, тұрғызып бір нәрсе көрді. Одан шығарып, айналдырып, айналдырып төртінші этажға шығарды. Бәрімізді комнаталардың ішіне кіргізді. Жерде 4-5 сантиметрдей шаң, кір, төсекте ешнәрсе жоқ. Бес минут сайын жерден тұрмаңдар деп есікті соғып отырды... Әрқайсымызды тергеуге шақыра бастады. «Сен қаруды қайдан алдың?» деп сұрайды. «Аға, мен бейбіт митингті қызықтап көруге ғана шықтым» десем, «сен өтірік айтасың» деп ұрады. Түсіндірейін десең, түсінбейді. Ойларының бәрі ұру. Бір кісі келіп «не жұмыс істейсіңдер?» деп сұрады. Біреуі такситпын, біреуі құрылысшымен, біреуі мойкада істеймін деп айтып жатыр. Менің ойымда ешнәрсе жоқ, экскаватор айдаймын дедім. Жаңағы кісі «экскаватор айдайсың ба, жүрші онда» деп ертіп алып кетті. Бір комнатаға кіргізді де, ішіндегі жігіттерге «мынау экскаватор айдайды екен» деп айтты. Аналар қатты сабады. Басымнан дубинкамен көп ұрды. Енді сөйлей бергенімде біреу мұрынымнан бір ұрды. Қан саулап ақты. Сол жерде ұрып-соғып болғаннан кейін алып шығып, мені ауруханадан алып кеткенде өзіммен бірге машинаның, экскаватордың кілті болған. Сол кілтті көрсетіп, мына экскаватормен сен не істедің, білесің бе? дейді. Телефонынан бір видеоны көрсетеді. Онда жер тегістейтін погрзчик қой, мен жер қазатын экскаватор айдаймын дедім. «Сондай ма, онда мынаны апарып қамай салыңдар» деді. Құр босқа таяқ жедім...
«Басыңа пакет кигізіп, тұншықтырамын, бәрібір мойындайсың»
— Ертеңінде тағы келді. Үстімдегі одеялоны ашып көріп, «мынаның үсті тап-таза ғой» деп, тағы да сабады. «Мойында» деп дубинкамен ұрады. «Қазір басыңа пакет кигізіп, тұншықтырамын, бәрібір мойындайсың» деді. Мен «Аға өлтірсең өлтіріп таста, мен істемеген нәрсемді мойындамаймын» дедім. Аналар шынымен де пакет алып келе жатты. Бір кісі келіп қалды да, пакет алып келе жатқан жігітті шақырып алып, сөйлесті де, «мынаны камераға жаба салыңдар, кешке сөйлесеміз» деді. Камерада барлығымызды тікемізден-тік тұрғызып қойды. Біреулер шыдай алмай құлап жатты. Оларға барып тұр, қазір тағы таяқ жейсің деп тұрғызып аламыз. Сотқа дейін осылай қатты қиналдық. Жалғыз мен ғана емес, отырған жігіттердің барлығы қиналды. Қазір үсті-басымның барлығы аллергия болып кетті. Ауруханаға барсам, суықтан, нервтан дейді. Қазір аяғым ауырады. Ұзақ тұра алмаймын...
«Мені қамайтын болса не істейтінімді білмеймін»
— Сот бес минут ғана болды. Келісіп алған дүние сияқты. Бардық, аты-жөнімізді оқыды. Екі айға санкция беріп, қамады. Мен ақпанның төрті күні «Аманат» комиссиясының көмегімен шықтым. Адвокатым Төлеген Бердіқожа қолынан келгенше жүгіріп жатыр. Қазір құдайдан осы сотым аман-есен бітсе екен деп тілеп жүрмін. 272 баптың 2 тармағы бойынша 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырады екен. Әділ сот бола ма, әділетсіз сот бола ма білмеймін. Әділетсіз сот болса, онда бізді қамайды. Мені қамайтын болса не істейтінімді білмеймін. Артымда екі балам бар. Өзім пәтер жалдап тұрамын. Не істейтінімді білмеймін...
Нет комментариев.