Қанды Қаңтар: Алматыда прокурор соттан «әруақтарды» кінәлі деп тануды сұрады
Іс бойынша күдікті бес адамның бесеуі де Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза тапқан
Прокурор жарыссөзде соттан Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза тауып, қазір істі болып жатқан бес адамды кінәлі деп тануды сұрады.
25 сәуірде Бостандық ауданының N2 сотында прокурор Бақытжан Белесов судья Дәурен Мәукеевтен іс бойынша күдікті деп танылған марқұмдар – Cерік Керімов, Қанат Әубәкіров, Нұрболат Қасымжанов, Аслан Уәлиев және Шыңғыс Тастанбековті ҚР ҚК 272-бабының 2-бөлігі және 269-бабының 2, 6-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабының 1-бөлігі 11-тармағына сәйкес, істі қысқартуды сұрады.
Прокурордың сұраған жазасына іс бойынша жәбірленуші деп танылған үш мемлекеттік мекеме – «ҚР Президенті Іс басқармасының Алматы қаласындағы Әкімшілік ғимараттары дирекциясы» ШЖҚ РМК , «ҚР Мемлекеттік күзет қызметі» ММ , «»ҚР ҰҚК Үкіметтік байланыс қызметі» РММ өкілдері – Нұрбол Ескелдіұлы, Қанат Малғаждаров және Мұхаммед Наметолла бір ауыздан қолдады.
Сотталушылардың адвокаттары айыптау актісімен келіспеді және актіні оқу кезінде прокурор Бақытжан Белесов күдікті марқұмдар «Керімов, Әубәкіров, Қасымжанов, Уәлиевтің құқыққа қайшы әрекеттерді жасау барысында көзі жойылды» деген сөзді қолданғанына наразылық білдірді.
– Марқұмдардың әрекеттерінен заңға қайшы ешқандай дүние көргенім жоқ. Қасымжанов та, Аубакиров та көшеде бүлік жасамаған. Резиденция қасиетті нысан болса, елдің бәрін атып неге кетіп қалды. Тирде отырған ұқсап қырып салды. Шаш ал десе бас алып, қылмыскерлердің орнына қарапайым азаматтарды не үшін қырып жойды? Мұндағы 5 адам қылмыс жасамаған. Атқандарды полиция департаменті неге құпия қалдырды. Жазықсыз бес адамды атқандарды тауып, содан кейін барып анықталған. Прокуратураның ойлап тапқан парадоксі – атқандардың әрекетінде қылмыстық құрам жоқ. Қасымжанов пен Аубакиров – жәбірленуші. Керісінше атқандар – сезікті қылмыскерлер. Бір де бір дәлел жоқ. Әйтеуір бар ауыртпалықты сотқа сілтеп ала-құлаш өткізе салды. ...272-бабын тағуға негіз жоқ. Ақтауды сұраймын. Егер оған көнбесеңіз, бәріміздің көзіміз жеткендей тергеудегі көптеген кемшіліктерді түзету үшін істі кері қайтарыңыз, – деді адвокат Шамиян Жайылғанова.
Жайылғанованың сөзін қорғаушы Долда Жақсылық та қуаттады. Ол сотта дәлел ретінде көрсетілген бейнероликтердің монтаждалғанын айтты. Оның сөзінше, күдікті Тастанбековтың өлім себебін анықтамай айып тағу ақылға сыймайды.
– Марқұмдардың туыстарын соттан сотқа сүйреу биліктің ақылға сыйымсыз әрекеті. Өзі жоқтың көзі жоқ, айыптау оңай, қорғау қиын. Бейнежазбалар әбден монтаждалған. Толық нұсқасы неге жасырылған. Тастанбековке қатысты 4 бейнежазбаның бәрі де кесілген. Менің таңғалатыным – сот фототехника сараптамасын орындамауы. Жаптым жала, жақтым күйе деп белгісіз адамды Тастанбеков теліді. 5 куәгер жауабында алғашқы көрсетпесінде Тастанбековке тергеушінің үйретуімен бергенін жазған. Әкімдік я резиденция түбінде оққа ұшпаған. Тастанбековтің өлім себебін анықтамайынша, оны айыптау еш ақылға қонбайды. Қазір сіз жазықты деп танысаңыз, оның өлімі мүлде ашылмай қалады. Тергеу материалдарында сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтар көп, бір сараптаманың өзі екі датамен көрсетіледі, жарақат орны да түрліше, детализация жасалмаған. Мемлекеттік айыптаушы «көзі жойылды» дейді, әуелі қашан және қандай жағдайда не себеппен көзі жойылғанын анықтасын. Мына істі қосымша тергеуге қайтарыңыз. Істегі қайшылықтар анықталып, тиісті сараптамалар жасалсын, – деді Жақсылық.
«Әруақтар соты» қоғам мен құқық қорғаушылар тарабынан қатаң сыналса да бірнеше өңірде жүріп жатыр. Дәл осыған ұқсас Қаңтар құрбандарын соттау тәжірибесі жуырда Тараз қалалық сотында болды. 7 ақпанда судья Бағдат Төребекұлы 5 марқұм мен 4 тірі адамды кінәлі деп таныған үкім шығарған.
Нет комментариев.