Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім аштық жариялады


22/02/2024
17:56 8333 0

Фото: Есдәулет Қызырбекұлы/Masa Media

 

Қонаев қаласында «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» және «экстремизмді қаржыландырды» деп айыпталған тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша сот процесі басталды. 12 ақпанда өткен алдында ала сот тыңдауында айыптаушы прокурор процесті жабық өткізуді сұрап, сот оны қанағаттандырған. Оған қорғау тарапы қарсы шығып, сот пен прокурорға сенімсіздік білдірген. Бүгінгі сот отырысында судья бұл өтінішті қанағаттандырусыз қалдырып, жеке қаулы шығарды. Онда сот тергеуі басталмай жатып, Думан Мұхаммедкәрімді «сотталған» деп атады. Кейіннен оны грамматикалық қателік деп түсіндірді. 

 

 

2ақпанда болған сот отырысы даумен басталды. Сот ғимаратының алдына журналистің 40-қа жуық жақтасы жиналды. Оларға қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сағынай Мұсағитов пен Қонаев прокуроры Айдос Шорманов «жиынның заңсыз екенін» ескертіп, тарауды сұрады. Оған жиналғандар қарсылық білдіріп, «жинаға келген жоқпыз, сотқа келдік» деді. 

 

Думан Мұхаммедкәрімді Талдықорғаннан Қонаев сотына алып келген кезде жақтастары «Думанға бостандық!» деп ұрандатты. Сот қақпасының сыртынан видеоға түсірмек болған журналистерге полиция келіп, ғимарат ауласына жақындамау қажеттігін айтып, жолдарын бөгемек болды. БАҚ өкілдері ауланың сыртынан фото-видео түсірілім жасауға құқылы екендерін айтты. 

 

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «БҰЛ СОТ – ЦИРК»: ЖУРНАЛИСТ МҰХАММЕДКӘРІМНІҢ СОТЫ ДАУМЕН БАСТАЛДЫ

 

Түске дейін өткен сот отырысынан соң адвокат Ғалым Нұрпейісов Думан Мұхаммедкәрімнің соттың ашық өтуін талап етіп, аштық жариялағанын, адвокаттар қатысса да, қатыспаса да үкім белгілі екенін айтып, қорғаушылардан бас тартқанын айтты. 

 

– Думан сот ашық өткен жағдайда ғана аштығын тоқтататынын айтты. Судьяның өзі сот кезінде «сотталған Думан» деген тіркесті екі рет айтып қалған. Думан сотқа бойкот жариялады. Думанның сотқа сенімсіздік жариялау туралы өтініші қанағаттандырылмады, – деді ол. 

Соттан кейін Думан Мұхаммедкәрімді қайтадан Талдықорғандағы уақытша ұстау изоляторына алып кетті. Сот ғимаратынан автозакпен бірге арнайы жасақ шығып, сап құрып, журналистің жақтастарын көлікке жақындатпады. Оған жиналғандар «Масқара!» деп айқайлады. 

«Не дейді» YouTube-арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім «тыйым салынған ұйым ісіне араласу» және «экстремизмді қаржыландыру» баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. Журналист 2023 жылдың маусым айынан бері қамауда отыр. 

 

8 ақпанда халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Думан Мұхаммедкәрімге «экстремизм» бойынша негізсіз айып тағылып отырғанын алға тартып, Қазақстан билігін журналистке тағылған айыптарды алып тастап, өзін босатуға үндеді.

 

Қазақстандық құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» қатарына қосқан.

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

22/02/2024 17:56
8333 0

Уведомление