Алматыда Нөкіс оқиғасынан кейін ұсталған қарақалпақ белсенділері бостандыққа шықты

Олар Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған


15/09/2023
11:58 14335 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

2022 жылы шілде айында болған Нөкіс оқиғасынан кейін Қазақстанда қарақалпақ белсенділері ұстала бастаған. Кейіннен олардың Өзбекстан билігінің өтініші бойынша ұсталып жатқаны жөнінде ақпарат тараған. Сол уақытта қамауға алынған Қошқарбай Төремұратов пен Жангелді Жақсымбетов 13 қыркүйекте қамау мерзімі аяқталуына байланысты бостандыққа шықты. 

 

– Өзбекстанның оларды экстрадициялау туралы өтініші әлі күшінде. Қазақстан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жазда оларға босқын мәртебесін беруден бас тартты. Белсенділер шешімді апелляцияға берген. Адвокатының айтуынша, бұл процесс бір жылға созылуы мүмкін. Түпкілікті шешімді Жоғарғы сот шығаруы керек. Дегенмен біз оларға Қазақстаннан үшінші елге кетуіне мүмкіндік береді деп үміттенеміз, – дейді Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының мүшесі Ақылбек Мұратбай.

 

2022 жылы Өзбекстан билігі Қошқарбай Төремұратов пен Жангелді Жақсымбетовқа «республиканың конституциялық құрылымын құлатпақ болды» деген айып тағып, халықаралық іздеу жариялаған. Кейіннен екі белсенді Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған. Бірақ Қазақстан билігі олардың өтінішін орындамаған. Қазір олар шешімді апелляцияға берген. Бірақ соттың қашан болатыны белгісіз. 

 

Былтыр күзде Қазақстанда өзге де қарақалпақ белсенділері Тілеубике Юлдашева, Зиуар Мирманбетов, Раиса Құдайбергеновалар ұсталып, қамауға алынған. Олардың қамау мерзімі әлі аяқталмаған. Бұл белсенділердіңбосқын мәртебесін беру туралы өтінішін комиссия әлі қарап үлгермеген.

 

2022 жылы 1 шілдеде Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан автономиялық республикасының астанасы Нөкіс қаласында халық жаппай наразылыққа шыққан. Оған Өзбекстан билігінің жаңа конституция жобасына Қарақалпақстанның егемендік мәртебесін жою жөніндегі бастамасы себеп болған. Нөкіс оқиғасында Өзбекстан билігі халықтың бейбіт наразылығын күшпен басып, ондаған адам өлген. Кейіннен оқиғаға байланысты қарақалпақ белсенділі ұзақ жылға сотталған.  

Поделиться

Нет комментариев.

15/09/2023 11:58
14335 0

Уведомление