Алматыда белсенді Арайлым Назароваға айыппұл салынды
Ол да «Халық парламентінің» жиынына қатысқан

Фото: Арайлым Назарованың Facebook парақшасынан
Белсенді Арайлым Назарова да 1 сәуір күнгі «Халық парламентінің» жиынына қатысқаны үшін өзіне айыппұл салынғанын хабарлады.
– Иә, қатыстым. Бірақ ол ешқандай да заңсыз жиын болған жоқ. Біз сайлаудан кейінгі өз ойымызды, пікірімізді бөлістік. Егер Жаңа Қазақстан демократиялық қоғам құрамын десе, азаматтық қоғамның ашық пікір айтуына тыйым салмауы керек, – деп жазды белсенді Facebook-тегі парақшасында.
Бұған дейін полиция осы жиынға қатысқан белсенділер Инга Иманбай мен Аружан Дүйсебаеваны да «қоғамдық бірлестіктер туралы заңнаманы бұзды» (489-бап) деп айыптап, әрқайсысына 172 500 теңге айыппұл салған. Белсенділер шешіммен келіспеген.
1 сәуірде Алматыда «Халық парламентінің» өкілдері «парламент сайлауындағы заңсыздықтарды» айтып, ресми нәтижесін жоюды талап еткен. Бұған дейін ХП-ның 9 сәуірдегі митингісіне байланысты 15-тен астам белсенді әкімшілік жазаға тартылған.

Нет комментариев.