Алматыда Арон Атабекті еске алу акциясы өтті

Жиналғандар марқұм ақынның өлеңдерін оқып, биліктен оны толық ақтауды талап етті


28/11/2021
13:26 38280 0

28 қарашада Алматыда Oyan, Qazaqstan қозғалысының 30 шақты белсендісі жақында қайтыс болған ақын, диссидент Арон Атабекті еске алуға Абай ескерткішінің (Республика сарайының алды) алдына жиналды. 

 

Олар марқұмның өлеңдерін оқып, оны толық ақтауды, саяси тұтқындарды босатуды талап етті. 

 

Алматы әкімдігінің өкілі жиын заңсыз, яғни әкімдік мақұлдамастан өтіп жатқанын айтып, белсенділерден тарауды талап етті. Жиналғандар жауап ретінде «Ақынның өлгені — халықтың өлгені» деп айғайлады. 

 

Полиция ешкімді ұстамады. 

 

Акцияның аяғында белсенділер ескерткіштің алдында Атабектің суреті мен гүл шоқтарын қойды, кейін бір минут үнсіз тұрды. 

 

Атабек 24 қарашада ауруханада қайтыс болды. Оның алдында ол коронавирустан жағдайы нашарлап, бір айы бойы жансақтау бөлімінде жатты. 

 

Ақын 2006 жылы Шаңырақ оқиғасында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деп 18 жылға сотталған еді. Құқық қорғаушылар оны кінәсіз, саяси тұтқын дейді. 

 

15 жылдан кейін, 2021 жылғы 1 қазанда Павлодар соты Атабекке бір жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, түрмеден шығарды. Оған ақынның айықпас дертке шалдыққаны түрткі болған.

Поделиться

Нет комментариев.

28/11/2021 13:26
38280 0

Уведомление