Алматы облысы ҰҚК департаментінің бұрынғы басшысы 6 жылға сотталды

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ


07/04/2023
12:43 19224 0

Фото: Ашық дереккөзден

Талдықорған қалалық соты Алматы облысы ҰҚК департаментінің бұрынғы басшысы Сәбит Құрманәлиевті 6 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы хабарлады. 

Құрманәлиевқа «билік өкілетін асыра пайдаланды» (362-бап, 4-бөлік) деген айып тағылған. 

Сот мәліметінше, ҰҚК департаментінің бұрынғы басшысы 2022 жылғы 5 қаңтарда қарамағындағыларға «заңсыз бұйрық» беріп, департаменттің әкімшілік ғимаратын тастап кетуді тапсырған. Қызметтік құпия құжаттарды жойып, тұрғылықты жайларына тарау керек екенін айтқан. Осылайша, ҰҚК департаментінің басып алынуына жағдай жасаған. 

Сот қалған ақпарат істің «құпиялығына» байланысты жарияланбайтынын айтты. 

Сот Құрманәлиевке құқық қорғау органдарында 10 жыл қызмет атқаруға да тыйым салды. Бұған қоса, Қазақстан президентіне Құрманалиевті ұлттық қауіпсіздік саласының генерал-майоры шені мен мемлекеттік наградаларынан айыруды ұсынды.

Құрманәлиев тағылған айыптарды мойындаған-мойындамағаны белгісіз. Қорғаушы тарап не дегені жөнінде ақпарат жоқ. Үкім заңды күшіне әлі енбеді.

ҰҚК департаментінің бұрынғы бастықтарына тағылған айып туралы ақпарат күдіктілер ұсталғаннан кейін бір жыл бойы айтылмады. Олар жөнінде негізінен ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке тағылған айыптардың деталі ретінде айтылған.

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

07/04/2023 12:43
19224 0

Уведомление