«Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясы 21-ші рет тіркеуге өтініш берді


15/12/2023
13:25 11005 0

Көрнекі сурет. Фото: Власть.кз

 

15 желтоқсанда «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ өкілдері Әділет министрлігіне барып, 21-ші рет тіркеуге құжаттарын тапсырды. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады. 

 

Бастамашыл топ өкілі Амангелді Жахиннің сөзінше, министрлік хатшысы құжаттарын қабылдап алған. Бүгін 17:00-ден кейін жауап беретінін айтқан. 

 

Алғалықтар 3100-ден астам адамның қолын жинап алып келген. Оның жартысы өзін видеоға түсіріп жіберген. Бұған дейін Әділет министрлігі партия мүшелері арасында қайтыс болған адамдар барын айтып, тіркемей қойған. 

 

Министрлік алдында бастамашыл топ өкілдері биліктің шынайы бәсекеге жол бермей отырғанын, бас көтерген белсенділерді қудалап жатқанын айтқан. 

 

Ресми Ақорда «партия құру және тіркеу жеңілдетілді» дейді. Бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келген 2019 жылдан бері бірде-бір оппозициялық партия тіркелмеген. Елде саяси және азаматтық белсенділер жиі қамалады. Кейбірінің үстіне әртүрлі бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұзақ жылдарға сотталған. 

 

Бұған дейін тіркелмеген «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының өкілдері Әсет Әбішев пен Айдар Сыдықовтар Астанада әкімшілік қамауға алынған. 

 

Жуырда партия көшбасшысы, марафоншы Марат Жыланбаев 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Оған«экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деген айып тағылды. Белсенді мен жақтастары істің саясиланғанын айтқан. Билік елде саяси қудалау барын жоққа шығарады. Биыл жазда құқық қорғаушылар Марат Жыланбаевты "саяси тұтқын" деп таныған.

Поделиться

Нет комментариев.

15/12/2023 13:25
11005 0

Уведомление