«Адамша, еркіндікте өлгім келеді»: Қатаң режимді түрмедегі әйелдердің тіршілігі

Қатаң режимді түрмедегі әйелдердің тіршілігі


04/03/2022
11:52 6470 0

Қазақстанда 58 еркектер, 6 әйелдер колониясы бар. Әйелдерге арналған алты түзеу мекемесінің біреуі ғана қатаң режимде. Ол Шымкентте орналасқан ИЧ-167/4 колониясы. Онда бірнеше рет сотталған әйелдер жазасын өтеп жатыр.

 

Наталья Нейфельд осы колонияда жазасын өтеген. Қатерлі ісікке шалдыққаннан кейін, былтыр 24 маусымда бостандыққа шығарылған. Біз Натальямен қатаң режимдегі әйелдер түрмесіндегі өмір, жемқорлық пен ем алудың машақаты жайында әңгімелесіп көрдік. 

 

Материалды дайындауға көмектескен «Реванш» қоғамдық қорына алғыс айтамыз. 

 

Редакциядан: Бұл материал жарияланғанда кейіпкеріміз емделіп жатты.  

 

«Бір блок темекіге қалаған нәрсені сатып алуға болады»

Бір камерада алты-сегіз адам жатады. Камералар өте кішкентай әрі тар, ішінде екі қабатты кереуеттер тұрады. Түрме ескі, жүз жыл бұрын салынған, қабырғаларын зең басқан. Ең тұрақты валюта — темекі, тіпті бір блок темекіге кез келген нәрсені сатып алуға болады.

Колония тамақты өзі дайындайды, керек-жарақтар сонда жеткізіледі. Көкөністер жоқ, тамақтандыру жүйесі өте нашар. Жейтініміз — тек макарон өнімдері мен жарма, ботқа. Мен колония Шымкентте орналасқындан жемістер мен көкөністер арзан шығар деп ойлайтынмын, бірақ олай емес екен.

 

Колонияда азық-түлік алу процесі туралы

Жазасын өтеушілер ала алатын сәлемдемелер саны шектеулі. Бірақ кейбірі күн сайын алады, енді біреулері апта сайын алады. Бәрі өздігінен жүріп жатқан дүние, ешкім заңға бағынбайды, ереже де сақталмайды, тексеру де жүргізілмейді.

 

Қатаң режим колониясындағы жағдай

Сәлемдеме жіберген кезде үш блок темекі салып жіберсе, біреуі колония қызметкерлерінде қалады. Шылымға сұраныс өте көп. Мәселен, бір қызметкердің темекісі жоқ немесе сатып алар ақшасы жоқ болса, онда ол ақшасы бар сотталғандарды мегафонмен шақырып, темекі сұрайды. Қызметкерлер тұтқындардың есебінен тамақтанады, сәлемдемелер келгенде олар еш ұялмастан кола не кәмпиттерді алып қояды. 

 

Колониядағы жұмыс туралы

Іс жүзінде онда жұмыс жоқ. Ванна, кір жуатын орын, шаштараз бен фабрика бар. Асханада бір аспаз бен көкөніс аршитын немесе ет турайтын көмекші істейді. Ал фабрикада жазасын өтеушілер киім тігеді. Оның директоры да бұрын сотталған адам. Зауыт шағын, станоктар аз, тапсырыстар іс жүзінде жоқ, бәрі бос жатыр.

 

Дүкенде сатылатын тауарлар тым қымбат. Қарапайым дүкенде темекі 500 теңге тұрса, колонияда ол 150 теңгеге қымбат. Негізі, ақшаны белгілі бір көлемде ғана жұмсауға болады, бірақ табыс өте аз болғандықтан бұл да мүмкін емес.

 

Медициналық бөлімшеде техникалық қызметкер ретінде тіркелдім. Тапқан 12 мың теңгені өз ісім бойынша өтемақыны өтеуге бердім. Бұл ақшаға мен өзіме бір қорап сіріңке сатып алған емеспін. Колонияда шамам жеткенше жұмыс істеген кезде жәбірленушіге өтемақы төледім, бірақ ол бір тиын да алмапты. Бұл ақшаның қайда кеткені белгісіз. Өтемақының бәрін төлемесем де, ай сайын төрт рет төлеген 12 мың теңгемді қосып есептегенде 50 мың теңгеге жуықтады. Оны жәбірленуші алуы керек еді, бірақ алмаған.

 

Жемқорлық туралы

Мен бостандыққа шығар алдында бір оқиға болды — бір қызметкер пара алып жатқан жерінде ұсталды. Түрме басшылығы сотталғандардан ақша талап етеді, өйткені онда тұтқындардың көбі алаяқ болғаны үшін отыр. Шымкентте билікке шағымданғаннан түк шықпайды. Өтініш жазсаң да, ешкім келмейді. Бәрі сатылған. Мысалы, тыйым салынған нәрсеге рұқсат береді, неше түрлі заңсыз заттар колонияға өтіп жатыр. Бірақ ешкім ештеңені дәлелдей алмайды. Колонияда басшылықтан басқа ештеңе өзгермейді. Қалтасын толтырып, жұмыстан кетеді де қалады. Шымкентте болған кезде басшылық үш рет ауысты.

 

Санитарлық блок туралы

Санитарлық бөлімшеге кіру өте қиын. Жазасын өтеушілер ақша бергенде ғана немесе туыстары қысым көрсетіп, министрлікке арыз жазамыз деп қорқытса ғана кіре алады. Колонияда ауырып тұрмын деп өзің өтініш айтпасаң, сенің денсаулығыңды ешкім сұрамайды. Ауырғанды басатын дәрі сұрайсың, бірақ оны алатын жер жоқ. Қыздар маған дәріні туыстары арқылы сырттан алдыратын, бірақ бұл қашанға созылады? 

 

Колонияда жоғары медициналық білімі бар бір адам ғана жұмыс істейді. Медициналық бөлімшедегі қызметкерлер — медбике, АИТВ жұқтырғандарды қарайтын инфекционист, екі тәртіп сақшысы және басшы. Ал терапевт, менің білуімше, 2012 жылдан бері декреттік демалыста.

 

Колонияда дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі туралы

Жазасын өтеушілердің туыстары  дәрі-дәрмек беріп жіберсе, ол бірден дәрігерге келіп түседі. Сол уақытта медбөлімшеге тездетіп бару керек, сонда ғана дәрі-дәрмектерді алуға болады. Бірде бір қыз емделу үшін Цефазолин алдырған еді. Соны алайын деп барса, медбике оны басқа адамға салып жатқанын көрген.

 

Жылдар бойы отырған адамдар бар. Олардың бүкіл жері ауырады — тамақ жоқ, жағдай жоқ, ештеңе жоқ. Колонияның іші суық. Шымкент болса да, қысы қатал. Жылу әлсіз. Жылытқыштан жылынуға ғана рұқсат етілді, бірақ оған электр энергиясы жетпейді. Бір адамнан көксау ауруы (туберкулез)  анықталып, ол ауруханаға түсті. Жер бетон ғой, ауа дымқыл, жылу жоқ. Ұзақ уақыттан бері түрмеде отырғандар қазір режим болғанда жақсы болатын еді, ол жылдан жылға білінбей өліп кетіп жатқанымыздан әлде қайда жақсы дейді. Режим дегеніміз - арнайы тәртіп. Ол кезде әкімшілік те, сотталғандар да субординация сақтайды. Сотталғандар режимсіз колонияда жүрген жақсы дейді.  Десе де, режим жоқ болса, заң да жоқ. Соның кесірінен сотталушылар соты боларда, босатыларда опық жеп қалады. 

 

Натальяның қатерлі ісікке шалдыққаны қалай анықталды? 

Медициналық бөлімшедегілер еміме бірден кіріспеді. Мен онда алғаш рет 2021 жылы ақпанда барған едім. Сол кезде ауруым асқынып кетті, қатты ауырдым. Бір ай өткеннен соң ғана олар мені ауруханаға апарып, көрсете бастады. Бастапқыда қате диагноз қойылды. Барлығы жақсы, операция қажет емес деді. Өзім де жақсы болып кетермін деп ойладым. Екі күннен кейін бәрі қайта басталды. Климакс шығар дедім, жасым да келді ғой. Бірақ денсаулығым уақыт өткен сайын нашарлады. Нашарлағаны соншалық есімнен тала бастадым. Содан олар мені онкологқа апарды. Биопсия жасап, дұрыс диагноз қойды. Колония әкімшілігі мен айналамдағылардың бәрі қандай ауру екенін білді, бірақ маған ешнәрсе деп айтпады. 

 

Ауруханада қолымда кісен болды. Қаным тоқтамайды, маған операция жасауға болмайды. Есім бір кіріп, бір шығып жатып, «менің палатамда үш конвой (күзет) не істеп отыр?» деп ойлап қоямын. Олар оқ өтпейтін жилеттерін шешіп, телефондарын алып, жай отырса, мен қолым кісендеулі күйде жаттым. Қатаң режим екенін түсінемін, бірақ дәл сол жерде қай жерім ауырып жатқанын білемін ғой. Бұл жай тұмау емес екені анық.  Бірақ олар мені әкеліп, кісендеп жатқызып қойды. Бұған қоса жылжымалы тор әкелді. Тордың ішінде отырсам да ешкім қолымдағы кісенді шешпеді. Ұйықтайтын кезде ғана шешті.

 

 

Мен медициналық көмекке өзім жүгіндім, емделгім келеді. Қатерлі ісіктің III сатысы, ауыр түрі екенін білдім. Аурудың атауы — жатыр мойны карциномасы және бүйректің гидронефрозы. Ауруханаға бір апта жатып шықтым. Конвой өте дөрекі болды, медбикелер менің палатама кіруді қойды. Палатада антисанитария болды. Сосын шыдай алмай, амбулаторлық емге көштім.

 

 

Колониядан шығу туралы

Мен онкология бөлімінде жатқанда ешкім жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмеді, өйткені өліп кетуім мүмкін еді. Ал бұған жауапты болмау үшін олар мені тез арада босатып жіберді, дәл осы сәтте Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 73-бабы («Жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру») шықты. Негізінен менің мерзімім екі жарым жыл еді, бірақ мен оның бір жыл үш айын отырдым. Онлайн режимде өткен сот отырысында судья менен: «Айтарың бар ма?» деп сұрады. Қандай шешім шығарсаңыз да бәрібір, әйтеуір, адам сияқты еркіндікте өлгім келеді дедім.

 

Пробация қызметіндегі мәселелер

Бостандыққа шығуын шықтым, бірақ баспанам жоқ. Қысқасы, бәрінен айырылдым. Емге кірісуім керек, мүгедектікті рәсімдеуім қажет. Мұндай денсаулықпен қалай жұмыс істеуге болатынын білмеймін.

 

Әуезов ауданындаға пробация органына тіркелгенмін. Пробация деген — сотталып шыққандарды бақылайтын жүйе. Пробация қызметкерлері құжаттарымды күтіп жүргенін айтты, басқа ештеңе демеді. Құжаттар келе жатыр, бірақ нақты қайда келе жатқаны белгісіз. Менен бір жапырақ қағаз да сұрамады. Телефон нөмірім мен деректерімді жазып алды. Кейбір адамдар түрмеден шыққан соң құжаттарын екі-үш айлап күтеді. Мен қазір төлқұжатсыз жүрмін, емделе де алмаймын, тіркеуге де тұра алмаймын. Маған да тамақтану керек, ел қатарлы өмір сүру қажет. Бұндай жағдайда ақшаны қайдан табамын? Қыздар бір-екі рет көмектесті. Маған дәрі-дәрмек алу керек. Жедел жәрдем шақырып, ауыруды басатын дәрі салғыза алмай отырмын, оған да құжат керек.

 

Бұл ауру 2021 жылдың 4 наурызында анықталған еді. Колонияда отырғанда ауруханада химиотерапияның бірінші курсынан өттім. Екінші курсы 4 маусымда басталуы керек болған, бірақ сот пен басқа мәселелерге байланысты өте алмай қалдым. Курсты үзуге болмайды. Қазір құжатым жоқ, курсты жалғастыра алмай отырмын. Колониядан шыққан соң ем алу үшін әртүрлі емханаларға бардық. Бір дәрігер мені қабылдаймын деген, бірақ кейін демалысқа шығып кетті. Басқасына бардық, ол терапевт ЭСҚ кілті жоқ науқастарды қарай алмайды екен. Жасым 50-ге келді, бірақ әлі де өмір сүргім келеді...

Поделиться

Нет комментариев.

04/03/2022 11:52
6470 0

Уведомление