Адам құқығы және Қазақстандағы «саяси тұтқындар»

«Саяси тұтқын» деген кім?


11/12/2023
14:32 11310 0

 

Кеше, 10 желтоқсанда халықаралық адам құқықтары күні болды. Осыдан 75 жыл бұрын, 1948 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдады. Осыған байланысты бүгін біз саяси тұтқын деген кім және Қазақстанда құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған азаматтарға қысқаша тоқталуды жөн көрдік. 

 

Саяси тұтқын деген кім?

 

Ең алғашқы болып «саяси тұтқын» сөзіне сипаттама берген ірі ұйым — Еуропалық Кеңестің Парламенттік ассамблеясы (ЕКПА). Оның 2012 жылдың 3 қазандағы резолюциясы бойынша, саяси тұтқын:

 

  • оппозициялық пікірі және діни көзқарасы, бейбіт жиналыс ұйымдастырып және оған қатысқаны үшін түрмеге жабылған адам;
  • саяси себептерге байланысты бас бостандығынан айырылған адам;
  • жазасы жасаған қылмысына сай келмеген адам;
  • қамауда алалауға ұшыраған адам;
  • әділетсіз соттың кесірінен бас бостандығынан айырылған адам.

 

Десек те «саяси тұтқын» ұғымының жалпыға ортақ мағынасы жоқ. Кейбір құқық қорғаушы ұйым бұл санатқа билікке қарсы шыққандардан басқа, діні, ұлты, тілі, сексуалдық ориентациясына байланысты қамалған адамдарды да жатқызады.  

 

Саяси тұтқындарға атауды кім береді? 

 

«Саяси тұтқын» деген ұғым Қазақстан заңнамасында жоқ. Билік түрмеде саяси тұтқындар барын жоққа шығарып келеді. «Саяси тұтқын» мәртебені қамаудағы азаматтарға халықаралық және жергілікті үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдары береді. Тұтқынға мәртебе бергенде кейбір құқық құрғау ұйымы ЕКПА-ның және Халықаралық амнистияның нұсқаулығын қолданады. 

 

Қазақстандағы «саяси тұтқындар»

 

Қазақстандағы саяси қуғынға ұшырағандар туралы жазатын «Tirek» сайтының мәліметінше, елде 2адам «саяси тұтқын» деп танылған. Атап айтқанда: 

 

Әбжан Махамбет – тәуелсіз журналист, «Abzhan News» телеграм-арнасының авторы.  ҚР ҚК «Көрінеу жалған ақпарат тарату» (274-баптың 3-бөлігі) және «бопсалау» (194-баптың 4-бөлігі, 2-тармағы) бойынша айып тағылған. Астана соты 2023 жылдың 3-ші ақпанында 9 жылға бас бостандығынан айырған. Ол қамауға алынардан екі күн бұрын өзін қаралайтын, жалған ақпарат таралып жатқанын жазған.

 

Журналист билікті сынап көпшілікке танылған. Соңғы жазбасының  бірінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиен інісі Қаныш Ізбастиннің «ықтимал активтері» туралы жазған. Әңгіме криптовалюта өндіретін ферма жөнінде болған.

 

Нұржан Әлтаев – «НұрОтан» (қазіргі Аманат) партиясының экс-депутаты, кәсіпкер, тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының жетекшісі. Астана соты оны 21 қарашада «аса ірі көлемде пара алу» бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған. Ол өзіне тағылған айып пен шығарылған үкімнің «саяси астары барын» айтқан.

 

Ерұлан Әміров – белсенді. 2022 жылы 22 маусымда Шымкент қалалық соты ҚР ҚК «Әлеуметтік алауыздық қоздыру» (174-бап), «Терроризмді насихаттау» (256-бап), «Тыйым салынған ұйымның қызметіне араласу» (405-бап) баптары бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырған. Адвокт Мұрат Жолшиев істі оның саяси белсенділігімен байланыстырған. Ол Әміровті «ҰҚК арнайы адам жіберіп, қасақана арандатқан» деген. 

 

Бағдагүл АндрееваСағынкүл ҚоңырОлжас ҚұлжахановТеңлік НұрлановЕржан Төреқұлов – азаматтық белсенділер. 2022 жылғы кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында «билікті күшпен алмақ болды» деп айыпталған жеті адамның бірі. Сот процесі әлі жүріп жатыр.

 

Ақылжан Қисымбаев – Қаңтарда оққа ұшып, азапталған құрылысшы. 2022 жылғы кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында «билікті күшпен алмақ болды» деп айыпталған жеті адамның бірі. Сот процесі әлі жүріп жатыр. Ол өзіне тағылған айыпты Қаңтарда азапталғанын ашық айтқанымен байланыстырады. Қисымбаев алғаш рет азапталғаны туралы Masa Media-ға сұхбат берген. 

 

 

Қарасай Әшірбеков – белсенді. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының соты оны ҚР ҚК 120-бабы бойынша кінәлі деп танып, 6,5 жылға бас бостандығынан айырған. Ол ұзақ жылдан бері жергіліктің билікті сынап, аймақтағы жер мәселесін көтеріп, митингтерде сөз сөйлеп, әлеуметтік желіде сыни жазбалар жазған. 

 

Тимур Дәнебаев – Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевты жауапқа тартуды талап етіп, полицияға арыз жазған. Ол Тоқаев Қанды Қаңтар кезінде «Алматыға 20 мың террорист келді» деп жалған ақпарат таратқанын алға тартқан. Кейіннен ҚР ҚК 175-бабы бойынша өзіне айып тағылып, Астана соты 3 жылға бас бостандығынан айырған. Ақмола облысындағы Атбасар қаласындағы ЕЦ-166/4 түрмесінде азапталғаннан кейін Көкшетау қаласындағы СИ-20 мекемесіне ауыстырылған. 

 

Ержан Елшібаев – саяси белсенді. Жаңаөзен қаласындағы жұмыссыздарды қозғалысының көшбасшысы. 2019 жылы Жаңаөзен қалалық соты оны ҚР ҚК 106-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырған. Жақтастары істің саяси астары барын айтқан. 2022 жылы 29 қыркүйекте Қызылорда соты тағы 7 жыл түрме жазасын қосып берген. 

 

Марат Жыланбаев – марафоншы, белсенді, тіркелмеген «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясының көшбасшысы. 29 қарашада Астана соты Марат Жыланбаевты жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Оған «Тыйым салынған ұйым қызметіне араласу» және «Терроризмді қаржыландыру» баптары бойынша айып тағылған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспеген. Істің саяси астары бар деп есептейді. 

 

Еркін Қазиев – азаматтық белсенді. Алматы облысы, Қарасай аудандық соты ҚР ҚК 380-бабының 1-бөлігі және 405-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айырған. 

 

Нұрлан Қанатов – блогер, азаматтық белсенді. ҚР ҚК 419-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған. Қазір тергеу изоляторында қамауда отыр. 

 

Думан Мұхаммедкәрім – Ne Deidi YouTube-арнасының авторы, журналист. Ол «Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу» және «Экстремизмді қаржыландыру» баптары бойынша күдікке ілініп, қамалған. Журналист билікті қатаң сынап, жемқорлық туралы жиі айтқан.

 

Қайрат Қылышев – саяси белсенді. 2023 жылдың 8 маусымында Алматы облысы, Қаскелең қаласының соты ҚР ҚК 405-бабының 1-2-бөліктері бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға шартты жазаға кескен. Кейіннен пробациялық бақылау режимін бұзды және әлеуметтік желіге жазба жариялады деп айыпталып, жазасы қамауға ауыстырылған. 

 

Дәурен Макин – суретші. «Терроризмді насихаттау» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған. 

 

Бекжан Меңдіғазиев – кәсіпкер. Билікті ашық сынаумен көпшілікке танылған, саяси белсенді, кәсіпкер, меценат Барлық Меңдіғазиевтің ағасы. Сот оны ҚР ҚК 245- бабының 3-бөлігі, 218-бабының 2-3-бөлігі, 262-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 5 жыл, 1 айға бас бостандығынан айырған. 

 

Данат Намазбаев  саяси белсенді. ҚР ҚК 179-бабының 2-бөлігі бойынша айыпталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған. 

 

Сембай Асқар – азаматтық белсенді. ҚР ҚК 405-бабының 2-бөлігі бойынша айып тағылған. Қазір тергеу изоляторында қамауда отыр. 

 

Әйгерім Тілеужан – журналист, саяси белсенді, аудармашы. Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде «Алматы әуежайын басып алуды ұйымдастырды» деп айыпталып, 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұған дейін ол бірнеше рет өзінің саяси көзқарасын білдіріп, митингке шыққаны үшін әкімшілік қамауға алынып, айыппұл салынған. 

 

Асан Үспенов – азаматтық белсенді. Орал қалалық соты оны ҚР ҚК 194, 190 және 376-баптары бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған. Ол көпшілікке медициналық наркотиктер  трамадолға қарсы шығуымен танылған. 

Поделиться

Нет комментариев.

11/12/2023 14:32
11310 0

Уведомление