«Адалдығыңызды жоғарыдағылар бағалауы мүмкін»: «Жас Отан» деген не? Немен айналысады?

Nur Otan идеологиясын зумерлерге қалай насихаттап жүр


23/06/2021
11:38 9129 0

Фото: jasotan.kz

 

Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнатуды ұсынған 25 жастағы Мәди Ахметов биыл Мәжілістің ең жас депутаты болды. «Көтерілгенге» дейін Ахметов Nur Otan партиясының «Жас Отан» жастар қанатын басқарды. 

 

Біреулер «Жас Отан» партия ішінде көтерілуге жақсы мүмкіндік десе де, оған мүше болғандар саясатта ірі жетістікке жетіп жатқаны шамалы. 

 

«Жас Отан» дегеніміз не, немен айналысады, не үшін құрылды? Материалымызда осы тақырыпты қозғаймыз. 

 

«Жас Отан» деген не?

 

Nur Otan партиясының жастар қанаты. 2008 жылы Астанада (Нұр-Сұлтан) құрылды. 

 

Ресми ақпаратқа сенсек, бұл ұйымның негізгі мақсаты — жастарды қолдау, елдің саяси өміріне тарту, сондай-ақ әлеуметтегі осал топтарға көмек беру, ерікті болу. 

 

Ұйымның барлық өңірде филиалы бар. 2019 жылғы мәлімет бойынша оған 106 мың адам мүше екен. «Жас Отан» Nur Otan партиясының идеялары мен бастамаларын қолдайды. 

 

Ұйымға жастар өз еркімен мүше болады. Оған 16 жастан асқан Қазақстан азаматтары кіре алады.  

 

«Жас Отанды» басқарушы орган орталық кеңес деп аталады. Онда Мәжіліс пен мәслихат депутаттары, жастар үкіметтік емес ұйымдарының басшылары, жас спортшылар мен мәдениет адамдары отырады. Кеңес ұйымның барлық жұмысына жетекшілік етеді, жастар саясатымен айналысады. Орталық кеңестің мүшелері төрт жыл сайын сайланып отырады. 

 


 

Осындай жастар қанаты басқа елдерде де бар. Мысалы, Ресейдегі президент әкімшілігі құрған «Наши» («Біздікілер») жастар қозғалысы. 

 

Тәжікстанда жоғары сынып оқушылары «Сомончиени чавон» («Жас саманиттер») ұйымына мүше екен. Одан бөлек, билеуші партия басқаратын жастар комитетіне бағынатын Жастар Одағы бар.

 

Өзбекстанда бұрын «Камолот» («Жетілу») жастар қозғалысы болған. Президент Шавқат Мирзиёевтің бастамасымен 2016 жылы ұйым Өзбекстан жастары одағы болып қайта құрылды.

 

Түрікменстанда Мақтымқұлы атындағы Жастар ұйымы бар. Ол «Галкыныш» («Жаңғыру») Жалпыұлттық қозғалысына тиесілі. Ұйымның бірінші жетекшісі түрікменбасы Сапармурад Ниязов болды. Кейін қозғалысты елдің қазіргі президенті Гурбангулы Бердімұхамедов басқарды, бірақ 2011 жылы «Галкыныш» тарқатылды.

 


 

«Жас Отан» белсенділері немен айналысады?

 

«Жас Отан» жастар саясаты саласындағы жобалар, қайырым, еріктілік пен сайлауалды үгітпен айналысады. 

 

Белсенділеріміз әлеуметтегі осал отбасылар, мүгедектігі барлар мен зейнеткерлерге жәрдем береді, қайырым акциялары мен еріктілер жобаларына қатысады. Бұл жобалардың барлығының әлеуметтік маңызы бар. Оларды қарапайым студенттер жүзеге асырады, — деді «Жас Отан» жастар қанаты жобаларын үйлестіруші Динара Нұртайқызы

 

Ұйым қайырым жұмыстарына көп көңіл бөледі екен. Ресми сайттан «Жас Отан» 12 жылда қандай жоба жүзеге асырғанын көруге болады. Мысалы, 2019 жылы олар  Арыста болған жарылыстардан зардап шеккендерге хуманитар көмек жеткізуге көмектескен

 

2020 жылы «Біз Біргеміз!» акциясына 5 мыңға жуық ерікті қатысып, 500 мыңнан астам мұқтаж отбасына көмек берген. 

 

Сондай-ақ белсенділер жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіретін «Кеңес орталығы» консалтиң орталығы мен «дарынды жастарды» қолдайтын Jastar-Otanga! жастар саяси лагерін құрған. 

 

«Жас Отан» сайлауалды агитациямен белсенді айналасады. Ресми Instagram аккаунтында белсенділер үгіт-насихат плакаттарын жапсырып жатқаны, 2021 жылы парламент сайлау алдында көшелерде брошюралар таратқаны туралы көптеген фото және видео есеп бар. 

 

Сонымен қатар олар билеуші партияны қолдау үшін акциялар, флешмобтар және іс-шаралар өткізеді. Мысалы, биыл ұйым белсенділері Nur Otan-ға парламент сайлауда қолдау ретінде акция өткізді. Жастар партия жалаулары желбіреген көліктермен Алматыны аралап шықты. 

 

«Жас Отанды» кім қалай қаржыландырады?

 

«Жас Отан» Nur Otan партиясының тармағы болғандықтан, содан қаржы алады. 

 

Қазақстанда саяси партиялар былай қаржыландырылады:

 

            • кіру және мүшелер жарналары;
            • Қазақстан азаматтары мен мемлекеттік емес ұйымдарының қайырым қаражаты;
            • кәсіпкерліктен түсетін кірістер;
            • бюджет ақшасы.

Nur Otan кірісінің басым бөлігі мемлекет бюджетінен түсіп отыр. Саяси партия сайлауда қанша дауыс жинайды, мемлекеттен сонша ақша алады. 

 

Nur Otan үнемі ең көп дауыс жинайтындықтан оның бюджеті басқалардікінен үлкен. Factcheck.kz мәліметіне сенсек, 2019 жылдың өзінде мемлекет бюджетінен партияға шамамен 7,9 миллиард теңге бөлінген.

 

Салыстыру үшін: Қазақстанның Коммунистік Халық партиясы 2019 жылы мемлекет қазынасынан 684,8 миллион теңге, «Ақ жол» 689 миллион теңге алды.

 

Партияның қаржы есептеріне қарасақ, «Жас Отан» бюджеті «демеушілік және қайырымдылық көмек шығысына» кіреді. 2019 жылы партия демеушілік пен қайырымдылыққа 323,5 миллион теңге, 2018 жылы 461,3 миллион теңге бөлген. 2020 жылы қанша жұмсағаны әзірге белгісіз. 

 

«Жас Отан» тұрақты түрде салық төлейді. Kompra.kz дерегінше, 2013 жылдан бері ұйым 151,9 миллион теңге салық төлеген екен. Ең көбін 2020 жылы төлеген. Орташа алсақ, олар мемлекетке жылына 18,9 миллион теңге береді екен. 

 

Мемлекет ұйым жобаларын қолдау үшін айтарлықтай көп қаражат береді. Мұндай инвестициялардың кейбірін азаматтық белсенділер сынға алған еді. 

 

2014 жылы олар үкімет әлеумет қажетіне жұмсалуы керек қаражатты ұйымға беріп отыр деп мәлімдеді. 

 

Мысалы, билік «Жас Отанның» «Жастар кадрлық резерві» жобасына ақша бөлген. Бұл жоба арқылы ұйым 2 мың қатысушы арасынан 32 адамды іріктеп алған. Білім және ғылым министрлігінің жастар ісі жөніндегі комитетінің ақпараты бойынша, осыған 21 миллион теңге бөлінген.

 

2012 жылы Қазақстанға Швейцарияға заңсыз шығарылған 48,8 миллион доллар қайтарылды. Келісімшартқа сай, бұл ақшаны энергия тиімділігі мен жастар саясаты жөніндегі бағдарламаларды іске асыруға жұмсау керек болатын. 

 

«Еуразиялық демократиялық бастама» халықаралық ҮЕҰ 2018 жылы жарияланған зерттеуге сенсек, бұл қаражат «Жас Отанның» үгіт-насихат шаралары, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі агитация материалдарына жұмсалған. 

 

«Ақша керек болғасын жұртты партияға дауыс беруге үгіттедім»

 

Сайлауалды үгіт-насихатқа көбінесе билеуші партияны жақтамайтын, тіпті «Жас Отанға» да, басқа ұйымға да мүше еместер тартылады. 

 

Алматы тұрғыны Игорь Григорьев (аты пікір берушінің өтінішімен өзгертілді) 2016 жылы — парламент сайлау өткен кезде Nur Otan-дағылар өзін ақша береміз және оқу жағынан көмектесеміз деп үгіт-насихатқа қатысуға тартқанын айтады: 

 

Университетте екінші курста оқып жүргенімде Nur Otan-ды насихаттауға қатысқан бір танысым мені де қатысуға шақырды, ақысын төлейтінін айтты. Сол кезде маған ақша қажет болған. Ол маған бір нөмір беріп, мен хабарластым, содан кейін сұхбатқа бардым. Онда әртүрлі университеттен келген он адам болды.

 

Бізге бір ай бойы түнде жұмыс істейтінімізді айтты. Тобымыз аудан-аудан болып бөлінді: әрқайсы мектеп, балабақшада парақшалар таратып, тақтайға жапсырды. Біз оларды подъезд есігіне, баннерлерге ілдік, тіпті пәтер араладық. Nur Otan партиясынан келдік, бізге дауыс беріңіз деп кітапшалар тараттық. 

 

Басында күніне мың теңгеден, кейде 2–5 мың теңгеден берді, бәрі жұмыс көлеміне байланысты болды. Бір ай біткенде әрқайсына 20 мың теңгеден төледі. 

 

Игорьдің айтуынша, біраз уақыттан кейін олар түнде ғана емес, күндіз, тіпті таңертең жұмыс істей бастаған. Соның кесірінен жастар университетке бара алмаған, бірақ бағалары қойыла берген. 




Nur Otan-дағылар бізді университеттен ресми түрде сұрап алды, ал оқытушылар журналға «сабаққа келді» деген белгі қоятын. 



Оқуға бармасақ та болатын. Сабақ оқу, сынақ тапсырудың қажеті болмады. Бізге «уайымдамаңыз, мұның бәрін мемлекет шешеді» деп айтатын.

 

Бұрын ауырып, сабаққа бара алмасам, онда есеп беріп, сабақтарды жабуым керек болатын. Үгіт-насихатқа қатысқалы, керісінше, оп-оңай жақсы балл алып жүрдім. 

 

Мектептерге барып, брошюралар таратқан кезіміз болды. Бір рет Алматы облысына барып, мектептің акт залында оқушылар мен зейнеткерлерге агитациялық концерт өткіздік. 

 

Жұмыс біткенде Республика сарайына барып,  іс-шараға дайындалатынбыз: шапалақтап, ұрандататынбыз. Мұның бәрі Nur Otan-ның сайлаудағы жеңісінен кейін көрсетілді. 

 

«Жас Отанның» журналистер кіре алмайтын отырыстары қалай өтеді?

 

2021 жылғы парламент сайлау алдында Nur Otan партиясы ауқымды үгіт-насихат жүргізді. 2020 жылғы 11 желтоқсанда Астанада (Нұр-Сұлтан) «Жас Отан» съезі өтті, оған Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

 

Сол күні таңертең іс-шара журналистерсіз өтетіні белгілі болды. Партия басшылығы отырған ғимаратты Мемлекеттік күзет қызметі, полиция мен арнайы жасақ күзетті.

 

«Азаттық радиосының» тілшілері сыртта не болып жатқанын түсіруге тырысқанда қауіпсіздік қызметкері камераның объективін қолымен жауып, кетіңіздер, әйтпесе әкімшілік жауапқа тартыласыз деп қорқытқан. Ал сол жерден өтіп бара жатқан адамдарға ғимаратқа іргелес учаскені айналып өтуге кеңес берген. 

 

Партияның баспасөз қызметі БАҚ-ты неліктен кіргізбегенін түсіндірмеді.

 

Мемлекетке «Жас Отан» не үшін қажет?

 

Біздің миссиямыз — сапалы білім алуға ынталы, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылатын, өзінің және елінің болашағы үшін жауапкершілікті терең сезіне отырып, біздің құндылықтарымыз бен қағидаттарымызға ортақтасатын әрбір жас қазақстандық патриоттың мүддесін білдіру және қолдау.

 

«Жас Отан» сайты

 

Кейбір саясаттанушы «Жас Отанның» басты міндеті Nur Otan-ды қолдауға жастар электоратын жұмылдыру дейді. Бұл үгіт-насихат, билік қаржыландыратын іс-шаралар мен флешмобтар ғана емес. Одан бөлек, жастар сайлауда бақылаушы болады, кейбірі оған өз еркімен бармайды екен. 

 

NEXT тәуелсіз бақылаушылар желісінің негізін қалағандардың бірі Әрсен Әубәкіров Vласть-ке берген сұхбатында кейбір бақылаушы тіркелуге мәжбүр болғанын айтты дейді: 



Біреулер өздерін университет, Жастар орталығы мен «Жас Отандағылар» мәжбүрледі дейді. Кейбіреуі бір уақытта өтініш толтырғанын көруге болады, жазған жауаптары да бірдей. 

 

Жастар «Жас Отанға» қосылып жатқанына не себеп?

 

Қазақстан жастары бұл ұйымға қосылып жатқанына екі себеп бар дейді жұрт. Бірінші себеп — мансап сатысымен көтеріліп, депутат болу, екіншісі — елдегі саяси жағдайға әсер ету. 

 

«Жас Отан» жастар қанатындағылар халыққа, әсіресе әлеуметтегі осал топтарға көмектесу үшін ұйымға мүше болғанын айтады: 

 

Жастар бізге елдің қоғамы мен саясатына үлес қосу үшін келеді, менің ойымша, ешкім өз қамын ойлап келмейді. «Жас Отан» — әлеуметтік саты. Белсенділеріміз жинаған тәжірибесі арқасында болашақта оңай жетістікке жетеді.

 

Тоғызыншы сыныптан бері қайырымдылықпен айналысамын, түрлі ұйымға мүше болдым. Бұл «Жас Отанға» келуіме түрткі болды. Менің ойымша, жастар қанаты адамдарға, әсіресе мұқтаждарға көмектесуге үлкен мүмкіндік береді.

 

«Жас Отан» жұмыста көтерілуіме септігін тигізді деп айта алмаймын. Маған қоғам дамуына үлес қосатын ерікті болған ұнайды. Әзірге келешекте елдің саяси өміріне араласамын деген нық сенімім жоқ, десе де, билеуші партияның белсенді мүшесі болғандықтан саясаттан алыстамаймын, — дейді «Жас Отан» жастар қанаты жобаларын үйлестіруші Динара Нұртайқызы.




Тағы бір белсенді, Әсем Таймұратова «Жас Отанға» өз-өзін дамытам, болашақта көмектестер тәжірибе жинаймын деп кіргенін айтады. 




«Жас Отан» саяси ұйым емес. Иә, бұл — Nur Otan партиясының жастар қанаты. Алайда оның негізгі мақсаты — жастарды қолдау, түрлі бағытта дамыту. Жастар қанаты жұмысқа тұру үшін диплом беретін университет емес. 

 

Мен «Жас Отан» қатарына өзімді дамытамын, тәжірибе жинаймын, түрлі жобаға қатысам деп қосылдым. «Жас Отан» тұлға ретінде өсуіме түрткі болды. Иә, «Жас Отан» — әлеуметтік лифт деп айта алам. Ол лауазымыңыз өсуіне себеп болмайды, бірақ кез келген салада табысқа жетуге мүмкіндік береді. Саясатпен айланыспаймын. Жақсартқым келетін қоғам істерімен айналысқым келеді. Өйткені мамандығым бойынша әлеумет қызметкерімін, — дейді ол. 



«Партияға адалдығыңды жоғарыдағылар бағалауы мүмкін»

 

Ұйымның жастарды бұлай ынталандыруы, оның жалпы қызметі туралы түрлі пікір бар. 

 

Қаңтарда 25 жастағы Мәди Ахметов Мәжілістің ең жас депутаты болды. Бұрын ол «Жас Отанның» төрағасы болған. 2019 жылы жас депутат бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жастар атынан ескерткіш орнатуды ұсынып, бүкіл елге танымал болды. 

 

Саясаттанушы Виктор Ковтуновский бұл қазіргі билікке деген адалдық кейін молынан ақталады дегеннің жарқын мысалы дейді. 

 

Ең жас депутат дегені — жай ғана витрина, жас жігіт басшылыққа ұнайтын сөз айтады, оны жоғарыдағылар депутат қылады, яғни бұл — «Елбасына адал болсаңыз, сол үшін мазаққа қалам деп қорықпасаңыз, еңбегіңіздің жемісін көресіз» деген PR стратегия. 

 

Бұл жастарға осындай адалдығыңызды жоғарғы жақтағылар ескермей қоймайды деген месседж. Жастар осылай ескерткіш орнатуды ұсына берсе, оларға депутат мандаты жетпей қалады ғой, яғни айтпағым, бұл — жай ғана үгіт-насихат.



Саясаттанушы көптеген жас «Жас Отанды» билікке апарар алғашқы қадам санайды дейді. Алайда бұл схема іске жарауы екіталай. 

 

Мен жоғарғы жақ құрған жастар ұйымдарына күмәнмен қараймын. Бірде-бір жастар ұйымы комсомол сияқты біртұтас бола алмайды. Жастар осындай ресми ұйымға топтасқаны абсурд әрі қоғамның тоталитар екенін көрсетеді. 

 

Мұны жастар карьера жасай алатын әлеуметтік лифт суррогаты деп атауға болады, бірақ бұл схема іске асады деп айта алмаймын. «Жас Отан» арқасында көтеріліп жатқандар әзірге көп емес. Бір-екеуі шынымен көтерілген шығар,  бірақ бұл ұйым барлық жасқа үлкен трамплин болады деу қиын. 

 

Ковтуновский елге жастар саясаты қажет емес екеніне сенімді:

 

Бізге ерекше жастар саясаты қажет емес, тек бәсекелестік керек, адамдарды органдарға әділ сайлауымыз қажет. Жастар саясаты бізде нақты жұмыс істейтін мәслихаттар, Мәжіліс, «жоғарғы жақ» құрмаған партиялар пайда болған кезде ғана керек болады. Оларды жасанды түрде саясатқа айдап әкелу бәрібір еш нәтиже бермейді.

Поделиться

Нет комментариев.

23/06/2021 11:38
9129 0

Уведомление