Абай облысындағы орман өрті: 14 адамның қазасына кім кінәлі?

Іс қозғалды, жауапты адам әлі жоқ


12/06/2023
18:46 17471 0

 

8 маусымнан бері Абай облысындағы «Семей орманы» резерватында орман өртенуде. Қызыл жалын 60 мың гектар аумақты шарпыған. Өрт аумағы 47 мың гектарға қысқарғанымен өрт әлі толық өшірілген жоқ. Аймақта төтенше жағдай жарияланған. 

 

Өрт салдарынан 14 адам көз жұмып, тағы бір адам іздестіріліп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялап, қаза тапқан 14 адамды «Құрмет» орденімен марапаттады. Бірақ әлі күнге дейін «адам өлімі мен өрттің осыншалық масштабқа жайылуына кім кінәлі?» деген сұраққа жауап жоқ. 

 

Мемлекет басшысы төтенше жағдай министрі Юрий Ильинді қызметінен босатып, оның орнына Сырым Шәріпжановты тағайындады. 11 маусымда Абай облысында төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті. Оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, төтенше жағдай министрінің орынбасары Марат Күлдіковтің оқиғаға байланысты баяндамасын соңына дейін тыңдамай, ортасынан бөліп тастап, жаңа министрге кадрларды қайта жасақтауға тапсырма берді. 

 

Күлдіков «Не себепті тиісті шаралар басынан бастап қабылданбады?» деген сұраққа сол күйі жауап бермеді. Жиында Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады. 

 

«Қазақстан ғарыш сапары» ҰК АҚ баспасөз қызметі төтенше жағдай министрлігі Абай облысындағы орман өртіне байланысты спутник деректерін көруге 8 маусымда мүмкіндігі болғанын мәлімдеді. Бірақ ТЖМ орынбасары баяндамасында бұл жөнінде де ешнәрсе деп айтпады. 

 

Төтенше жағдай жөніндегі жедел штаб отырысына дейін Қасым-Жомарт Тоқаев өрттен қайтыс болған азаматтардың туыстарымен кездесті. Кездесу барысында өрттен қаза тапқан Алексей Губаевтың жесірі Татьяна Будюк президентке:

 

– Күйеуім орманға неге өз көлігімен барды? Орман шаруашылығында неге үнемі көлік бұзылып, бөлшек жетпейді? Қызметкерлердің қолында ештеңе жоқ, – деді.

 

Бұдан бөлек, орман өртінен опат болғандардың туыстары ауылда тас жол мүлде жоқ екенін, президент келетін кезде жергілікті билік шұрық-тесік жолды жамап, жөндегенін, несиелері барын, әлеуметтік жағдайлары мәз емес екендерін айтты. Тоқаев жолға қатысты мәселені білетінін мәлімдеп, көмек болатынын, тиісті адамдар заң алдында жауап беретінін жеткізді. 

 

Әлеуметтік желіде экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың өрттен қаза тапқан адамдардың туыстарымен кездесуде жылап тұрған видеосы тарады. Желі қолданушыларының кейбірі оны қолдаса, енді бірі орнынан алып тастау қажеттігін айтты. 

 

Тоқаевтың орман өртіне байланысты шенеуніктерді сынағаннан кейін әлеуметтік желіде оны қолдаған жазбалар көптеп пайда болды. Ол жазбалардың барлығында президент жұмысына саботаж жасап жатқандар жөнінде айтылған. Бірақ саботаж жасағандардың кімдер екені нақты көрсетілмеген. 

 

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейтов саботаж жөнінде айтып жүргендер бірінші президенттің өзінен: «Не себепті әлі күнге дейін министрлерді парламент, әкімдері халық сайламайды?», «Шексіз билікке ие президентсіз, әкім, министрлерді тағайындағанда қандай критерийлерге қарадыңыз. Осы тағайындаулар адам өліміне себеп болды деп ойламайсыз ба?» деп сұрауы керек екенін айтып, facebook парақшасына жазды. 

 

14 адамның өмірін қиған Абай облысындағы орман өртіне байланысты «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша ғана қылмыстық іс қозғалған. Салаға жауапты, лауазымды адамдардың қандай да бір жауапқа тартылатыны-тартылмайтыны жөнінде әзірге белгісіз.

 

Бастапқыда өрт жерге найзағай түскеннен тұтанды деген болжам айтылған. Қазір тергеу өрт қолдан қойылған деген болжамды тексеруде. Оған видеоға түсіп қалған от ошақтары себеп болған.

 

Поделиться

Нет комментариев.

12/06/2023 18:46
17471 0

Уведомление