46 адамның өмірін қиған «Костенко» шахтасындағы жарылыс: Оқиға қалай өрбіді?

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі апат


30/10/2023
11:16 12796 0

 

Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі Костенко шахтасында 28 қазанға қараған түні апат болып, салдарынан 46 адам қаза тапты. Апат болған кезде жер астында 252 шахтер болған. 206 адам жер бетіне шығып үлгерген де, қалғандары шахтада қалып қойған. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа көмір оятын орыннан шыққан өрт себеп болған. 

 

Қаза болған кеншілердің денесін тану мүмкін емес. Жарылыс салдарынан олардың денесі бөлшектеніп кеткен. Марқұмдардың денесін тану үшін олардың туыстарынан қан сынамасы алынып, ДНҚ-сараптамасы тағайындалатын болады.

 

Апаттан кейін бас прокуратура «Тау немесе құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» (277-баптың 3-бөлігі) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталғанын хабарлады. 

 

29 қазан Қазақстан бойынша апаттан қаза болған кеншілерді жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Барлық аймақта мемлекеттік туы төмен түсірілді. 

 

Жарылыстан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына барып, кеншілердің туыстарымен кездесіп, жедел штаб отырысын өткізді. Отырыс барысында қаза тапқан кеншілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетілетіні жөнінде, апатқа кінәлілерді жазаға тарту және «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстан үкіметінің иелігіне қайтару жөнінде айтылды. 

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмдардың туыстарымен кездесу барысында «АрселорМиттал» компаниясымен келісімшартты бұзу бойынша үкіметке тапсырма бергенін айтты. 

 

– Мен «АрселорМиттал» инвестициялық компаниясымен келісімді бұзу бойынша тапсырма бердім. Біз әртүрлі компанияларды көрдік. Оның ішінде жақсысы да бар, жаманы да бар. Бірақ бұл біздің тарихымыздағы ең жаман компания болып шықты, – деді Тоқаев. 

 

Кейіннен жедел штаб отырысында үкімет басшысы Әлихан Смаилов президент алдында есеп беріп, «АрселорМиттал» қожайындарымен келісімге келгенін мәлімдеді. 

 

– «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының иелерімен жүргізілген қиын келіссөздерден кейін, біз компанияны Қазақстан Республикасының иелігіне қайтару шарттары бойынша келісімге келдік, – деді премьер-министр Әлихан Смаилов жиында. 

 

Адам өмірін қиған апаттар «АрселорМиттал Теміртау» шахталарында бұған дейін де болған. Тамыз айында «Қазақстан» кенішінде апат болып, салдарынан бес адам қайтыс болған. Былтыр қарашада «Ленин»шахтасындағы апат бес адамның өмірін қиған. Жарты жыл бұрын Теміртаудағы металлургия комбинатында конструкция опырылып түсіп, 4 адамды мерт қылған.

46 адамның өмірін қиған «Костенко» шахтасындағы апат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы өндірісте болған ең ірі апат деп бағалануда. Бүгін, 30 қазанда құтқарушылар жер астында қалып қойған соңғы кеншінің денесін тапты. Бұған дейін ең үлкен апат 2006 жылы «Ленин» шахтасында болған. Ол кезде апаттан 41 адам көз жұмған. 

Поделиться

Нет комментариев.

30/10/2023 11:16
12796 0

Уведомление