«30 градус аязда жалаң аяқ жүргізді, бұтқа электрошокер тықты»: Шыңжаң лагерінде отырып шыққандар онда қандай азап көргенін айтты

Прагада өткен Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің бас ассамблеясында бұрынғы тұтқындар сөз сөйледі


18/11/2021
12:17 39206 0

Фото: azattyq.org

 

12–14 қарашада Прагада Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің бас ассамблеясында Шыңжаңдағы лагерьде отырып шыққандар қандай азап көргенін айтып берді. Мұны «Азаттық радиосы» хабарлайды

 

— Үрімшінің іргесінде қайта тәрбиелеу лагері бар. Қытай билігі мені сол жерде 2017 жылғы наурыздан қыркүйекке дейін қытай тілінен сабақ беруге мәжбүрледі. Сол уақыт аралығында адам төзгісіз азап, зорлық-зомбылыққа куә болдым. Тұтқындар бетон еденде ұйықтайды. Бір камерада 40–50 адам жатады, — дейді спикерлердің бірі Келбинур Сыдық. 

 

Мұғалім Қытай сақшылары қыз-келіншектерді қалай зорлағанын да айтып берді. 

 

— Олар тергеу, азаптау кезінде әйелдерді кезек-кезек зорлады. Шаруасын тындырғаннан кейін олардың интим жеріне электрошокер тыққылайтын. Кейін, мысалы, тамақ ішерде істеген ісін айтып, бір-біріне мақтанып отырады. (...) Әйелдерге арналған лагерьде 18–20 жастағы қыз менструацияны тоқтататын дәрі ішіп, екі ай қаны тыйылмай, өліп тынды. Сақшылар оның мәйітін көз алдымда алып кетті, — дейді ол. 

 

Келбинур қазір Нидерландыда тұрады, жұмыстан шыққан бойда сол жаққа қашқан. Дүниежүзілік ұйғыр конгресімен бірге Шыңжаң лагеріндегі іс-әрекеттер геноцид деп танылсын деп күресіп жүр. 

 

Конгресте сөз сөйлеген екінші спикер Гүлбахар Хаитиуажи лагерьдегілер өзіне ине салғаннан кейін 30 градус аязда далада жалаң аяқ жүргізгенін айтады. 

 

— Барлық жерде видеокамера, жүрген-тұрғанымыз, дәретке барғанымыз бақылауда. Лагерьде отырғандардың көбі ұйғыр әйелдері екен. Ана тілімізде сөйлеуге қатаң шектеу қойды. Көкөніс қайнатып, суын берді. Сұраққа апарарда қол-аяғымызға кісен салып, басымызға қара қап кигізеді. Апарғаннан кейін темір орындыққа отырғызады. Қол-аяғымызды соған бекітеді. Кейде әйелдерді шынжырмен төсекке байлап қояды. Тұмаудың алдын аламыз деп екпе салған еді, кейін әйелдердің көбінің менструациясы тоқтап қалды. Кейін лагерьге әйелдер сыймай қалған соң бізді басқа лагерьге ауыстырды, — дейді ол. 

 

Бұрынғы тұтқын лагерьге түсер алдында Францияға көшкен екен, тіркеліп, қол қоямын деп Қытайға оралғанда сақшылар ұстап алған. Қазір отбасымен бірге Францияда тұрады. 

 

Жиынға келген үшінші спикер Өмірбек Бекәлі «сақшылар маған өзім жасамаған қылмысты мойындатпақ болып, азаптады» дейді. Ол 2008 жылы Қазақстан азаматтығын алған, 2017 жылы Шыңжаң өлкесіне жұмыс бабымен барғанда ұсталған. 

 

— Қиын күндер 2017 жылы 26 наурызда басталды. Қазақстан-Қытай арасында туризмді дамыту үшін туризм компаниясын ашып, жұмыс істеп жүргенде ұсталдым. Террорист, мемлекетті ыдыратушы деген айып тақпақ болып, қинады. Қол қоюға мәжбүрледі. Лагерьге басымызға қап кигізіп кіргізді, темір «жолбарыс» орындыққа отырғызып, тоқ соққызса да қол қоймадым. Қинауға жарты күн шыдасаңыз, денеңіз ұрғанды сезбей қалады екен. Қинауға шыдап, қол қоймағандықтан қазір алдарыңызда отырмын, — дейді Өмірбек. 

 

Бекәлі Қазақстанда да қауіп төніп тұр деп, Ыстанбұлға қоныс аударған. Қазір Нидерландыда тұрады. 

 

Конгресте бұрынғы тұтқындарды Еуропаның бірнеше елдерінің депутаттары мен құқық қорғаушылар тыңдады. Қатысқандар Қытайдың Шыңжаңдағы іс-әрекетін геноцид деп тану қажет, 2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы олимпиадаға бармайық деп үндеді. 


12 қыркүйекте Лондондағы сотта да Шыңжаң лагерін көрген қазақтар азапталғанын айтқан еді.

Поделиться

Нет комментариев.

18/11/2021 12:17
39206 0

Уведомление